Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекедегі мерейлі мезет

Мерекедегі мерейлі мезет

Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қатысуымен 2022 жылдың қорытынды шарасы өтті. Салтанатты жиында әкім жыл көлемінде жеткен жетістіктер мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталды. Аталған игі істерде әрбір қазалылықтың еңбегі бар екендігін ерекше айтты.
Баршаны жаңа жылмен құттықтаған Мұхтар Әуесұлы: «Санаулы күндерден соң біз Жаңа 2023 жылға қадам басамыз. Жыл алмасар шақ – кім-кімнің де жүріп өткен жолына, уақыт белгілеген міндеттер межесіне қарап, қорытынды шығаратын кезең. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жыл қасіретті қаңтар оқиғасымен басталды және мәңгі есте қалды. Халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнген сол күндер бәріміздің жадымызда. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихына «Қасіретті Қаңтар» деген атпен енді. Өткеннің сабағы баршамыздың ортақ үйіміз – Жаңа Қазақстанды құруға түрткі болды. Бастысы – ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік.
Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге азаттықтың арқасында қол жеткіздік. Бұл жылы да аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер көз алдарыңызда.
Жылдың тоғысар тұсындағы бүгінгі шарада Қазалы ауданының уақыт белгілеген үдемен үндестігіне баға берілмек. Аймақ дамуына сүбелі үлес қосқан Қазалы елі үшін жыл берекелі болды десем қателеспеймін. Барлық сала дерлік қарқынды дамыды, оң динамика қалыптасты. Айта кету қажет, біз ең алдымен, аудан экономикасын арттыруға, әртараптандыруға, инвестиция тартуға, салық базасын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелерін шешуге, күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымды дамытуға басымдық бердік, белсенді түрде жұмыс жасадық», – деді.
Бұдан кейін әлеуметтік маңызы бар мәселенің бірі – жол қатынасын тілге тиек етті. «Өздеріңіз білесіздер, аудан тұрғындары жол мәселесін жиі көтереді. Бұл бағытта 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Осының нәтижесінде жолдың жағдайы 85 пайызға жақсарды. Халық даналығында «Елге игілік жасаудың реттілігі көп. Ал, көпір салу – игіліктің төресі» деген сөз бар. Биыл тиісті қаржысы бөлініп, «Қарлан» учаскесіндегі темір бетон көпірінің құрылысы басталды. Жыл ішінде Қ.Пірімов ауылында спорт кешені, 250 келушіге арналған емхана, Жалпақ, Жұбан елді мекендерінен медициналық бекет бөй көтерсе, Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Кәукей ауылынан ауылдық клуб, Түктібаев ауылында спорт кешендерінің құрылыстары жалғасуда», – деген аудан басшысының сөзі жиналғандардың қуанышын еселеді.
– Бұл жетістіктеріміздің барлығы – қиындықтарға мойымай, ауызбіршілік пен татулықты сақтап, ынтымақты ырысқа, бірлікті берекеге ұластыра білген Қазалы халқының бірлескен ерен еңбегінің жемісі, – деген Мұхтар Әуесұлы бірқатар азаматқа Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Сондай-ақ айтулы кеште өз саласында ерекше еңбегімен көзге түсіп, үздік деген атқа лайық болған азаматтар «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдызы Әлімжан Кеңес пен жергілікті өнерпаздар кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
31 желтоқсан 2022 ж. 365 0