Мерекедегі марапат
14 тамыз – Мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні. Осыған бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты шара өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, халықтың құқықтық білімін арттыру, бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылау – мұның бәрі мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеттері. Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері де бұл мақсатты орындауға өздерінің лайықты үлестерін қосуда, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы ауданның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері мен бірқатар ауылдық округтердің салықшы мамандарын Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
Сондай-ақ, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қызмет көрсету қызметкерлерінің Қызылорда облыстық салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасын» да табыстады.
Басқосуда аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметулла Аманов, Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Нартай Ержанов сала мамандарын мерекемен құттықтап, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада ауданның өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат