Аудан әкімі кент тұрғындармен кездесті
5 кварталдағы Жетес би ескерткіші орналасқан алаңда негізінен темір жолдың арғы бетіндегі халықтың мәселелері айтылды.
Алғашқы болып сөз кезегін алған Аманкелді Дінахметов Жетес би ескерткіші орналасқан алаң тұрғындардың көмегімен салынғанын тілге тиек етіп, жасыл желек егу үшін аяқ судың қолбайлау болып отырғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, темір жолдың осы аймағында тұратын халыққа мәдениет пен жастар үйі, банкомат, базар қажеттігін айтты.
Мұнымен қатар, кездесуге келген тұрғындардың тарапынан спорт алаңын салу, Абай, Жетес би көшелеріне жол белгілерін қою, Қазыбек би тұйығындағы электр бағаналарын жөндеу, Қартақов, Байзақов көшелеріне гравий тас төсеу, Мақатаев көшесін арнайы техникамен тегістеу және тағы басқа өзекті мәселелерді аудан басшысының назарына салды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев халықтың мұң-мұқтаждарын мұқият тыңдаған соң, олардың әрбіріне жеке-жеке жауап берді.
Аудан басшысы алдағы уақытта осы аймақтағы бірнеше көшелерге гравий тас төселіп, тұрғындар жүретін тротуар салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, Әйтеке би кентіне кіре беріс жол мен көпқабатты үйдің айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін де тілге тиек етті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат