Қазақстанда митинг, пикет, шеруге шығу тәртібі қандай? Басты 10 сұраққа жауап
Елімізде соңғы жылдары қоғам белсенді, олар өзекті тақырыптарды жиі қозғап, митинг, пикет, шеруге шығып жүр. Осы орайда бейбіт шерулердің ереже-талаптарын білген маңызды. Tengrinews.kz.
Демонстрация, митинг, пикеттеу мен шерудің айырмашылығы қандай?
"Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңда әрқайсына анықтама берілген.
Мысалы демонстрация - қоғамдық маңызы бар мәселелер мен адамдардың және органдардың, ұйымдардың әрекеттері мен әрекетсіздігі бойынша пікірін жария білдіру мақсатында ұйымдастырылады. Қазақстандықтар белгілі бір уақытта белгілі бір маршрут бойынша қозғалады, онда көлік құралдарын, дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалануға болады. Ал митингіде халық бір орынға шоғырланады.
Пикеттеу - бір адамның белгілі бір жерге, белгілі бір уақытта келіп, қозғалыссыз және дыбыс күшейткіш техникалық құралдарсыз плакатпен шығуы.
Шеруде адамдар көлік құралдарын пайдаланбай, белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жүріп өтеді, мұнда да көрнекі үгіттеу құралдары пайдаланылады.
Сондай-ақ, заңда бейбіт акцияны "ұйымдастырушы", "қатысушы" және "журналистің" құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
#2Қазақстанда қазір бейбіт митинг өткізу тәртібі қандай?
Алдымен жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама немесе келісім алу туралы өтініш жазу керек. Үгіттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен жүргізіледі.
Ал ұйымдастырушы мемлекеттік кауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстарға қатысушылармен түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Бейбіт жиналыстар өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақталуы тиіс.
"Рұқсат берілмеген жағдайда митинг заңсыз болып, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Талаптар еліміздің барлық өңірінде бірдей", - дейді Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Мұхамедияр Дүйсенғали.
Бейбіт акцияны жергілікті өкілді билік органы (мәслихат) белгілеген арнайы орында ұйымдастырылады. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады. Пикетті қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда өткізілмейді.
Ұйымдастырушы немесе ұйымдастырушының өкілі болмаған жағдайда бейбіт жиналыстар өткізуге жол берілмейді.
#3Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының қандай құқықтары бар?
Ұйымдастырушының құқығы бейбіт шеру туралы заңда бекітілген.
- Ол пікірлерін, талаптарын жария білдіруге, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде шешімдер қабылдауға;
- азаматтардың талаптарына, өтініштеріне қол жинауды ұйымдастыруға;
- бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;
- бейбіт жиналыстар өткізуден бас тартуға;
- аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне және фототүсірілім жасауға болады.
#4Бейбіт жиналыстарды кім ұйымдастыра алмайды?
- Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған немесе сот үкімімен жазасын өтеу кезеңінде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған қазақстандық;
- жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, мемлекетке опасыздық жасағаны, тыңшылық, экстремистік және террористік қылмыстар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
- тіркеуден өтпеген заңды тұлға;
- заңда белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе тыйым салынған ұйым бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы бола алмайды.
#5Бейбіт жиын өтетінін қанша күн бұрын хабарлау керек?
Пикеттеу, жиналыс, митинг өткізу туралы хабарламаны ұйымдастырушы бес жұмыс күнінен кешіктірмей қағаз түрінде немесе электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрон құжат ретінде береді.
Ал жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналыс ұйымдастырушысына жауап беруі тиіс, болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.
#6Бейбіт жиын өткізуге өтініш/хабарламада міндетті түрде не жазылуы тиіс?
Бұл құжатта бейбіт жиналыстың мақсаты, өтетін орны, ұйымдастырушының, оның өкілінің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша тұратын жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері жазылады. Оның басталатын және аяқталатын күні, уақыты, қатысушылардың болжамды саны, киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәліметтер иен регламент те көрсетілуі тиіс.
#7Қандай жағдайда атқарушы орган бейбіт жиналыстар өткізуден бас тара алады?
Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни араздықты қоздыратын, конституциялық құрылысты күштеп құлатуға шақыратын, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
әскери немесе төтенше жағдай енгізілген жағдайда және заңда көзделген өзге де негіз болғанда бейбіт жиын өткізуден бас тарту (рұқсат бермеу - ред) қарастырылған.
Талаптар жазбаша түрде қаралады, әкімдіктің міндеті бейбіт митингіге шығуға рұқсатты қарау.
#8Митингіге шыққандарға қандай талап қойылады?
Бейбіт жиналыстарға қатысушыға:
1) Қазақстан Конституциясын, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, жаппай тәртіпсіздікке, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билікті басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;
2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;
3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін орындауы кезінде олардың қызметіне кедергі келтіруге;
4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыда жергілікті атқарушы органның тиісті келісімі болмаған кезде киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға;
5) өзімен бірге қару алып жүруге;
6) алкоголь өнімін, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратумен және тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде болуға;
7) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға;
8) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде Конституция және заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұзуға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған нышанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған террористік немесе экстремистік ұйымдардың нышанын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға;
9) бейбіт жиналыстарға қатысқаны үшін материалдық сыйақы алуға тыйым салынады.
#9Қандай жағдайда митингіге шыққан адам әкімшілік жазаға тартылады?
Адвокаттың айтуынша, заңда көрсетілген талаптар орындалмаса, бейбіт жиынды рұқсатсыз ұйымдастырған жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Ал тәртіп бұзса, қылмыстық жаза да бар.
#10Митингіден ұстап әкеткенде не істеуі керек?
"Қарсылық көрсетпей құқық қорғау органдарының заңды талаптарын орындап кезекші прокурорды, телеканалды шақыруға құқықлы", - деді Мұхамедияр Дүйсенғали.