Жаңа заң жобасында журналистердің мәртебесі мен құқықтары ескерілген - Асхат Садырбай
Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын талқылау кезінде қоғам тарапынан елеулі қызуғышылық болды. Бұл пікірді «Team Qazaqstan» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тележурналист Асхат Садырбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа заң жобасы қоғамда қызу талқылауда болды. Бұл жақсы үрдіс, себебі талқылау болса, қызығушылық та артады. Осы орайда құжат жобасы қалың көпшіліктің назарын аударды. Заң жобасына қатысты жиындарға бірнеше рет қатыстым, сол кезде елеулі ұсыныстарды, пікірталастарды байқадық», - деді А.Садырбай Парламент Мәжілісінде тілшілерге берген сұхбатында. Сонымен қатар, А.Садырбай митингілерде БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі маңызды екенін атап өтті. «Заң жобасында журналистердің митингіге қатысты құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Барлығымыз білеміз, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бар әрі онда журналистердің құқығы мен міндеті жазылған. Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасында журналистердің құқығы мен міндеттері қажет пе?! Менің ойымша, бұл бап қажет, себебі дәстүрлі БАҚ басқа көрініс алды. Атап айтқанда, ғаламтор, әлеуметтік желілер қарыштап дамып кетті. Қазір мақала жариялау үшін қалтадағы смартфонның өзі жеткілікті немесе әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығу мүмкіндіктері пайда болды. Осы тұста журналистерге қатысты заңнама өзгертулер мен толықтырулар қажет деп ойлаймын», - деді жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы таныстырылды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, құжат жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалады. «Ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады. БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналист қызметінің ережесін, журналистік айырмашылық белгісі пішінін қабылдайтын болады. Ұйымдастырушылар үшін бейбіт жиналыстарды өткізудің ыңғайлы болуы мақсатында ұйымдастырушылардың айырмашылық белгілерінің пішіні қабылданады», - деді Дәурен Абаев.