Жалақы қумай, жастарға жол берілсе...
Асылзат отбасындағы ортаншы бала. Алдында ағасы, өзінен кейін інісі бар. Бәрі де ата-анасымен бірге тұрады. Оқу бітіріп келгеніне үшінші жылға жуықтады. Алматыдағы білдей білім ордасынан мұғалімдік мамандықты меңгерді. Дипломды алысымен, туған жерге құстай ұшты. Жұмыс істеп, зейнет жасындағы ата-анасына қолғанат болуды жөн көрді. Алайда Асылзаттың арманы жүзеге аспады. Аудандағы жұмыссыздар санын арттырып тұрғанына үшінші жыл.
Ай сайын ата-анасының зейнетақсын алу Асылзатқа жүктелген. Бүгінде әдеттегідей асықпай банкоматқа бара жатыр. Жол бойы аялдамаларға жабыстырылған бір парақ қағаздарды шұқшиып оқиды. Ондағысы өзіне ыңғайлы жұмыстың реті шығып қала ма дегені. «Ұстаз болып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатсам» деген ұстанымы бүгінде бәсеңдеген. Тек екі қолға бір күрек табылса деген тілегі бар. Өйтпегенде ше, қашанғы қарт әке-шешенің зейнетақысына күнелте бермек. Ағасы да жұмыссыз. Құрылыстан аз-маз хабары болғандықтан, жаз мезгілінде жалақы табатыны жасырын емес. Мардымсыз болса да, жоқтан жақсы. Қаржының жоқтығы қолбайлау болып, інісі де жоғары білім ала алмады. Болашағын ойлап, санасы сан саққа жүгіріп келе жатқанда, діттеген жерге жеткенінде байқамай қалыпты. Өтіп кете жаздап, кілт бұрылды. Банкомат алдында халықтың қарасы қалың. Көкшіл күрте киген келіншектен кейінгі болып кезекке тұрды.
– Қызым, маған алып бересің бе? Мынаның тілін білмеймін,– деп егде тартқан кісі жанына жақындағанда байқады. Кезегі келіп қалыпты.
– Жарайды, аға беріңіз, – деп карточкасын қолына алды.
Экран бетіне шыққан сомманы көргенде Асылзаттың аузынан еріксіз:
– Зейнетақыңыз көп екен, аға, – деген сөз шықты.
– Жоға, қызым, жартысын алып бере ғой. Айлық екеуі қосылып тұрғаны – деді анау кісі.
– Сіз жұмыс істейсіз бе?
– Иә, жұмыс істеймін. Зейнетақы да аламын, – деп масаттанғандай болды.
Асылзатқа бұл кейпі аса ұнай қоймады. Ақшасын алған соң көңілсіз үйге қайтты. Көше бойы «Неге қаншама жас жұмыссыз жүргенде үлкен кісілер орнын босатып, бейнетінің зейнетін көріп үйінде отырмайды екен?» деген ой маза бермеді. Шынында да жастарға жол бермей, өзімшілдікке салынып жүргендер жетерлік. Қанша қусаң да жеткізбейтін қу дүниеге құнығушылықты қашан қояр екенбіз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА