Жұмыстың жаманы жоқ, жөнін білсе...
Қазір екі қолға бір күрек табу қиын болып тұр. Айналамызда жұмыссыз жандар қатары қалың. Олардың кейбірі шынымен мұқтаж болса, енді біреулері еңбек етуге келгенде енжарлық танытып жүргендер. Араларында анау-мынау жұмысты «менсінбейтіндер де» бар. Дипломды сандықтың түбінде сақтағандар қаншама?!.
Неге жұмыссыздар саны артты. Елдің бәрі жұмыссыз, сонда кім еңбек етуде? Осы сұрақтарды алға тартып, аудандағы жұмыспен қамту орталығына бас сұқтық. Мекеме басшысы сұрағымыздың төркінін түсініп, жауап беруді осы мәселемен айналысып отырған арнайы маманына тапсырды. Сектор меңгерушісі Алтынбек Төрехановтың берген мәліметінше: «Жыл басталғалы бері 5071 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Оның 2040-ы жұмысқа орналасты». Бұның ішінде ақылы қоғамдық негіздегі жұмыспен қамтылғандар – 1180 адам. Оның айтуынша, жұмыс сұраушылар қатарында білім, ауыл шаруашылығы, теміржол, заң саласының мамандары басымырақ. Мейіркештер мен фельдшерлер де бар. Орта білімнен кейін мамандық ала алмаған жандар да аз емес. Ақылы қоғамдық негіздегі жұмысқа қаржының бөлінуіне қарай адам қабылдайды. Айлық жалақы 42500 теңге. Бір жыл бойы жұмыс істейді. Осы ретте айта кетер жағымды жайт, келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 60 000 теңгені құрайтындығы.
Сондай-ақ Алтынбек Төреханұлы ағылшын, орыс тілі мен әдебиеті және математика пәні мұғалімдеріне сұраныс болғанымен мамандардың жоқтығын атап кетті. Еліміздің өзге аймақтарына жұмысқа барамын деушілерге enbek.kz сайтында жарияланған мамандықтар бойынша жолдама берілетіндігін де тілге тиек етті.
Жұрттың жұмысқа қолы жетпей жүрсе, кейбіреулер бұйырған істі менсінбей жүр. Көше сыпыруды қор көріп, дені дұрыс жұмыс тауып бермеді деп кінә артуға бейім. «Ақылы қоғамдық жұмыс деген бар екен. Соны істе дейді. Енді жүрейін «барып кел-шауып кел» болып». Бұл беріп тұрған жұмысқа көңілі толмай тұрған бозбаланың әңгімесі. Кейде өзімізден де болып жатады. Анау – анандай, мынау – мынандай деп көкірек керіп қаламыз. Неге? Жұмыстың жаманы бар ма? Адал еңбекпен ақша тап.
Пәленшенің ұлы заңгер, түгеншенің қызы дәрігер, менің балам кімннен кем деп баланы көңілі қаламаған салаға сүйрелеуді қою керек секілді. Жұмыссыз жүргендердің бәрі оқымаған, білімсіз емес. Керісінше, көпшілігінде қос-қостан диплом бар. Алайда жұмыссыз. Түрлі себептері бар. Ең біріншісі – мамандыққа сай орынның бос болмауы. Сондықтанда заман ағымына ілесіп, сұранысқа сай мамандықты меңгеру маңызды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА