Ертеңге елең
«Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақ ежелден төрт түліктің сырын біліп, оның жағдайын қамдауға дағдыланған. Ата кәсіпті жалғастырған ауылдағы ағайын мен осы саланы табыс көзіне айналдырып, тұрғындарды азық-түлікпен қамтитын жандар өткен жылы бұрын-соңды болмаған қиындықпен бетпе-бет келді. Тіршілікті тұралатқан жайдың жай-жапсарын анықтаған билік пен шаруа қыстан көтерем шықпау үшін барлық мүмкіндігін жұмылдыруда. Солай бола тұра, етті бағыттағы малдарды бордақылауға маңыз берген мемлекет үшін төрт түлікті азықтандыру әлі де маңыздылығын жоймай отырғаны белгілі.
Қыстың екінші айын аяқтап қалған малшы қауымның әлі де көкейінде күрсініс, жанында үрей бар. Көктемдегі күй қандай болмақ? Мал бағудың мәні қалды ма? Олай етсек, қам қалай оңалмақ? Тақырыпқа қалам сермедік.
Қыстың екінші айын аяқтап қалған малшы қауымның әлі де көкейінде күрсініс, жанында үрей бар. Көктемдегі күй қандай болмақ? Мал бағудың мәні қалды ма? Олай етсек, қам қалай оңалмақ? Тақырыпқа қалам сермедік.
Үттен кейінгі жұт
Мал баққанға бітеді. Оны күтіп-баптауда қаншама қиындық барын былайғы жұрт аңғара бермеуі мүмкін. Бұл бағыттағы мемлекет тарапынан берілетін қолдаудан құр қалып, көптің қолы жетпей қалатын жағдай тағы бар. Ал басты мәселеге айналып отырған жыл санап шабындық жердің тарылуы, мал жайылымының жетімсіздігі жайсыздыққа жетелеуде. Бүгінде жекеменшікке өтіп кеткен жерлерге ит тұмсығын батыра алмайды. Ал бұрынғы жайылымдық мекендердің дені басқа мақсатқа жұмылдырылып жатқаны және бар. Өткен жылы осындай жаймен «әупірімдеп» отырған шаруа баққандар қуаңшылыққа кезікті. Табиғи жағдай қар мен жауын түсімінің аздығы, елге келетін өзен-көлдер суы көлемінің кемуі салдарынан Маңғыстау облысында орын алған оқиға жұрттың жағасын ұстатып, ертеңіне елеңдетті. Бұндай жай Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Сырды жағалай қоныстанған біздің жұртшылықтан да айналып өтпеді. Өріссіз қалған өлкедегілер өнімсіз қалмаудың жайымен қолда қалған санаулы малын мардымсыз ақыға пұлдауға мәжбүр болды.
Нәтижесінде мал басы күрт кеміді, ет пен сүт бағасы асқақтады. Ал қажетсіз болып қалған жүн мен тері қоқысты көбейтіп, одан дайындалатын өнім шарықтау үстіне шарықтай берді.
Қазақта «Үтті күт. Үттің соңы құт не жұт» деген тәмсіл бар. «Үт» дегені біздегі ақпан айы. Ақпандағы ахуалды дұрыс болжап, байыптай алмаған жұртшылық былтырғы жылы қуаңшылық құрығына ілікті. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер көрсеткен мысалды мал соңындағылар қисынсыз дейді. Олар оқиғаға «жұт» деп баға берудің орындылығын айтып, дабыл қағуда. Жасырған жара асқынуын тоқтатпайды. Саясиланған сандардың сан соқтырарын құрық ұстаған қандастан артық кім ұғынсын?..
Өткен жылы жем-шөп аздығының кесірінен көршілес Арал ауданындағы қосөркештілердің «некробактироз» атты дертке шалдыққаны көпшіліктің есінде. Министрліктегілер шығындары эпизоотиялық жағдай орын алғанда ғана төленетінін айтып, ауызды құрғақ қасықпен жыртты. Бұл ветеринарлар анықтаған қолда бар мәлімет қана. Оның басқа үй, жабайы жануарларға қандай залалын тигізгенін айқындау мемлекеттік міндетке айналуы тиістігі айтпаса да түсінікті.
Қымбатшылық қолбайлау
Қысы қытымыр, жазы жайсыз біздің мекенде өріс өзектілігі бұрыннан бар. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, мұнымен бірге қиындық құрығына іліккен қауым қолда барын ұқсатып, қымбатшылыққа қарамай, саусақпен санарлық мал басын сақтауға кірісті.
– Ауламда бір-екі бас сиыр, 5-6 уақ малым бар еді. Қыста жем-шөп алып, жазда бау-бақшадан, үйден артылған қалдықпен бағып, өріске қосатынбыз. Балаларым сүт, айран ішіп, қажет болғанда, еттен тарықпай, сойып алатын едік. Былтыр күту қиындап, барлығын сатып жібердік. Малға бап керек. Олай болмағанда жануардың да обалы болады. Ал, ендігі уайымым, дүкен сөресінде қанша тұрса да өзгермейтін қаптамадағы сүттің балапандарымның денсаулығына қандай залал келтіргені болды. Қыстай үлкен-кішіміз жаппай ауырып шықтық. Табиғи құнары жоқ тағам адамды әлісірететіні белгілі. Мен сияқты ауласына азын-аулақ мал ұстауға ниеттілер көп. Оның тиімділігі де жоғары. Бірақ қымбатшылық қолбайлау болып тұр, – дейді зейнеткер Зейнеп Ақниетқызы.
– Малды күтіп-баптау көңіл бөлуді қажет етеді. Бағаға тоқтау болмаса, соңы қолда бардан айырылуға әкеліп соқтырады. Өткен жылы 130 теңге болған бидай биыл 150-160, жүгері 150 болса, 170-180 теңгеден саудалануда. Шөп ақшасы да артқан. Жақында Аралда жүгері 250 теңге тұратынын естідім. Баға әлі де құбылатын түрі бар. Күн санап қолға мал ұстау машақатқа айналып барады. Жағдайды реттеу керек, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Серікбай Кеулімжаев.
Жем-шөптің қымбаттауына салмақты себеп жеткілікті. Экономист-сарапшы Абай Ақытбектің айтуынша, біріншіден, Қазақстанда індетке байланысты төтенше жағдай енгізілгенде, теңге құнын төмендетіп, доллар бағамы көтерілген. Бұл халық тұтынатын маңызды өнімдер: азық-түлік, құрылыс заттары, мал азығының қымбаттауына әкеліп соғады.
Екіншіден, аймақта құрама жем шығаратын, толық қуаттылығында жұмыс істеп тұрған бірде-бір кәсіпорын жоғын білеміз.
Үшіншіден, сырттан әкелінетіндіктен, құн қымбаттайды. Сатып алып, сатушы кәсіпкер тауарының үстінен пайда көру, жол шығынын қоса есептегенде «шыңғыратын» бағаның пайда болуы қалыпты жағдай.
Судың қымбататуы да тығырыққа тіреген.
Былтырғы жағдайдың биыл да тумасына ешкім кепілдік бере алмайды. Метеорология мен есептен хабары жоқ адамның өзі қыстың соңғы айына дейін небәрі екі рет түскен қардан шөптің шығымы жақсы болатынынан үміті шамалы.
Малына жемді әрең тауып беріп отырған шаруалар сүт өнімдерін шығарудың тиімсіздігін жеткізуде. Шаш-етектен шығынға батырған амалға бар деудің өзі айып.
Шөп шабумен айналысатын Айбек Нұрлан келер жылға тапсырыс алып қойғанын жасырмады.
Жауаптылар жауабы
Өткен жылы өткерген өзекті проблемаға ел мойын бұрды, әр өңір өзінше қарекет жасады. Шұғыл шаралар қолға алынып, үкімет қордан 1,9 миллиард теңге бөліп, жем-шөп жайын реттеуге тапсырма берді. Бұл мақсатта жедел әрекеттенген облыстардың бірі Қызылорда болды. Жергілікті бюджеттен де қаражат бөлініп, мал басын сақтап қалуға қимыл жасалды.
Біз сұратқан мал қыстату барысы мен алдағы істер бағытында атқарылған жұмыстар жайында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі Шынар Баймаханова баяндады.
– 2021-2022 жылдарға арналған мал қыстату науқанына шамамен 41 026 мүйізді ірі қара мал, 101 145 уақ мал, 36 538 жылқы және 11 371 түйе малы түседі деп болжанып, жоспарланған жем-шөптен барлығы 110,4 мың шөп, 23000 сабан, 5082 жүгері сүрлемі, 20670 жем дайындалған.
Олармен қамтамасыз етушілерге барлығы 200,0 тонна арзандатылған дизель отыны «НефтьТрансҚызылорда» ЖШС арқылы әр литрі 178 тонна таратылды.
Аудандық статистика басқармасы мәліметі бойынша, үстіміздегі жылы 1 желтоқсанға аудан бойынша 43328 мүйізді ірі қара малы, 64071 қой, 47476 бас ешкі, 38249 жылқы, 12063 түйе, 7508 құс тіркелген, – дейді.
Маманның айтуынша, ауылдық округ әкімдіктерінен алынған ақпараттар бойынша мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда. Шығын тіркелмеген.
2021 жылдың қараша айында солтүстік өңірдегі жеке кәсіпкер қайырымдылық мақсатта ауданға 20 тонна жем жеткізіп, әлеуметтік тұрмысы төмен 107 отбасына үлестірілген. Қазір осы Қостанай облысынан арзандатылған бидай жемін алуға 201 тонна өтінім берілген.
Күз айларынан бері жеке кәсіпкер Ә.Қожағұл өз қаражаты есебінен арпа, бидай, тағы басқа дақыл қалдықтарынан құрамажем дайындап, барлығы 500 тонна шамасында нарықтан 10,15 процентке төмен бағаға сатқан. Қазіргі таңда ол басқаратын кәсіпорында 100 тонна шамасында жем қоры бар.
2021 жылы Қазалы ауданына мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық құрылымдарына барлығы 701,1 миллион теңге мемлекеттен субсидия төленсе, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бағыты бойынша 266,3 миллион теңге субсидия бөлінген.
Ендігі қауқар
Сөз басында айтқандай, 2021 жылы шығынданған мал құны әлі лайықты зерттеп-зерделенген жоқ. Бұл жайға бас ауыртуы тиіс басты орган қырылған малдың бәрін мемлекет өтеуге міндетті емес. Тек шығын эпизоотиялық жағдай туындағанда ғана жүзеге асатынынын айтып, құрғақ жауаппен ауыз сүртті. Апат салдарынан қырылған малдың обалы кімде? Сұрауы қайда? Салмақсыз, саяси сандық көрсеткіш сапаға әсер етерін ескермеудің соңы неге апарады?.. Мақаланы дайындау барысында малдың өзінен бұрын, ішім-жемі қымбат болып тұрғаны қазіргі дерт екенін ұғындық. Өңірдегі шаруашылықтар жем-шөп қорын молайтуға үлес қосуы үшін мемлекеттік қолдау күшеюі маңызды.
Мал шаруашылығы өрістесін десек, елдің селекция, азықтандыру және технологиялық қабілеті мығым болуы қажет. Бұл үштіктің бірі босалаңдық берсе, жағдай жақсармайтыны белгілі.
«Әр қазақ бай болсын» деп жүрген Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев мал басын сақтандыру жайы шешілмесе, елдегі жағдай одан әрі қиындай беретінін айтып жүргеніне бірашама уақыт болды.
Ал мемлекеттен қайран болмаса, қайтпек керек?
Әлемдегі Германия, Израиль, Белоруссия елдерінде биотехнологиялық әдіс арқылы тозған қуаңшылыққа түскен жерлерді өңдеп, ауыл-аймағын жем-шөптен тарықтырмай отырған тәжірибе бар көрінеді. Сала зерттеушілері мәселені мемлекетке тіреп қоймай, биотехнологиялық жаңашылдықты қолға алатын кез келгендігін айтады.
Бүгінде аз шығын, көп жетістікке жетудің жолын іздегендер елімізде де жоқ емес. Мәселен, Түркістан облысындағы бір кәсіпкер шағын цехында құрама жем өндіруді қолға алған. Тиімділігі сол, осыдан 3 жыл бұрын қытайлық гранулятор қондырғысын 450 мың теңгеге алған азамат малға берілетін жүгері, жантақ, жоңышқа бәрін текшелеп, гранула деген қоспа жасап шығаруда. Одан қалдық қалмай, малдың қомдануына көмектеседі. Бұл арқылы 6 ай бордақылайтын нәтижеге 2 айда қол жеткізген. Осындай тиімділігін танытатын тәсілді қолдану да малды маңдытуға септесер еді.
Сондай-ақ тығырықтан алып шығудың алғышартының бірі – келер күнге байыпты болжам жасау екенін сабақ алған жағдай көрсетуде. Ұйқыдағы ару сынды мемлекет бұл тақырыпқа әлі оралған жоқ. Малшы қауымның қазіргі қауқары бір айдан соң қыр астынан қылтаң беретін көктемдегі құрғақшылық қайта қырылу мен қымбатшылыққа бастамаса етті деген тілекке қана жетіп тұр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА