Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой, бақыт – еңбекте

Абырой, бақыт – еңбекте

Ерте көктемнен бел жазбай, еңбекке кірісіп, даңғайыр далаға дән сеуіп, жер емгендер мақсаттарын биыл да халық қамына жұмылдырып, оларды сапалы азық-түлікпен қамтуға бағыттады. Межелі мерзімде өсірген өнімді шашпай-төкпей қамбаға құйып жатқан серіктестіктің серпінді тірлігімен өткен аптада танысып қайттық.
Тілшілік топ барған кезде алқаптағы соңғы атызда із көрсеткен егін кемесі – алып комбайнның келісті көрінісі көңілді марқайтты. Біз сөз етіп отырған «Агро-Өркен» ЖШС – аудандағы ауылшаруашылығы саласында өзіндік орны, елеулі еңбегімен еленгендер ұжымы. Өткен жылды жақсы жетістікпен қорытындылаған шаруақор ерлер сол жылдың қараша айынан келер жылдың қамына қызу кіріскен.
«Бірлікті жерде бақ озады» деген. Жұмысты дұрыс жоспарлау, жүзеге асыру маңызды рөл атқарады. Оған мол тәжірибе, үлкен ізденіс қажет. Жыл сайын агроөркендіктер ғылыми қызметкерлермен бірігіп, үлкен көлемді жетістікке жетуге ықпал ететін жоспарлар құруды дәстүрге айналдырған. Қыс пен көктемде жаңашыл әдістері, шаруашылықтағы тәжірибелі мамандар мен еңбеккерлердің пікірлері ортақ арнаға тоғысып, нәтижелі бағытқа топтасатынын топшылау қиынға соқпады.
Құрылыстың іргетасы осал болса, нысанның дұрыс болмайтынындай, серіктестіктегілер тұқым жайына ерекше көңіл бөлетінін байқадық. Оның сырын бас директор Медеу Есқожаев былайша түсіндірді.
«Не ексең, соны орасың» деген нақыл өмірлік тәжірибеден туғанын егіншілікпен айналысқанда ұғына түстік. Өткен жылы облысқа белгілі «Абзал и К» ЖШС-мен бірлестікте жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, жаңалықтармен таныстық. Бастама нәтижесін беріп, іс биыл да жалғасын тапты», – дейді ол. Осы жылы ІІІ репродукциялы 40 тонна бидай, 3 тонна «Семиреченская местная семина» І репродукциялы жоңышқа, 180 тонна І репродукциялы «Янтарь» тұқымына тапсырыс береді.
Егін егу мен пісу науқанында жақсы өнім алу үшін тұқымнан өзге дұрыс суару, тыңайтқыштар себу сынды түрлі жұмыс жүреді. Бұл бағытта өскінді ыстық-суықтан қорғайтын ресейлік «Аммофост», өсімдікке қорек болып, азот бөлдіретін, Өзбекстаннан алынған «Корвалмент-В», зиянкестерді жойып, арамшөп, күрмекпен күресетін «Гербицид» сынды тыңайтқыштар қолданылған.
«2021 жылдың ақпанында істерін арналардың жолдарын ашудан бастаған шаруашылық алдымен бидай егіп, онан соң жоңышқа орналастырып, жерді дайындайды. Егістік жерлерді ротациялау жайын бригадир Мейрамбек Жәми түсіндірді. Бір жерге егін екі жыл қатарынан егілген соң, ол орын екі жыл демалады екен. Ол өз кезегінде топырақтың тозаңдануы, өнімнің дұрыс шығуына айтарлықтай көмегін тигізетін көрінеді.

Топырақ бауыры босағанда жылдық ырзығына кірісіп, өнімді ала жаздай баладай баптаған диқан қауым бейнеттің берекетін алтын күзде көруде. Әр жылдың өз қиындығы болады. Дегенмен биылғы жыл егін шаруашылығы үшін ауыр да жауапты уақыт болды. Сырдария өзені суы көлемінің кемуі, жауын-шашынның тым аз түсуі салдары құрғақшылыққа алып келді. Бұл жолдан ұйымдастырушылықпен ұжымды алып шыққан басшылық топтың әрекетін егіс басындағылар аңыздай айтады. Тығырықта табылған жол жайын сұрағанымызда, құрылтайшы Медеу Есқожаев былай деді: «Жауын-шашынның аз түскенін топшылағанымызбен, мұндай құрғақшылықпен көктемде кездесетінімізді білген жоқпыз. Жергілікті жердегі үш ірі каналжолы тазаланады. Нәтижесінде 6 шақырым су жолы ашылып, аудан әкімінің келісімімен, күріш су жетімді жерге орналастырылды. Жігіттер сындарлы сәтте барлық білгенін ортаға салды. Ешкім аянып қалған жоқ. Әсіресе, атқарушы директор Нұркен Әлиевтің ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өткен жөн».
Осы орайда айта кетін тағы бір жайт, биылғы жылы аудан мал азығындағы қиындыққа бетпе-бет кезікті. Бұған үлесін қосқан шаруалар өздерінен жем-шөп алған мал бағушыларға шөпті тегін жеткізіп беруді жолға қойған. Сондай-ақ Қожабақы, Аранды ауылдарындағы жұмысшы, ардагер, тұрмысы төмен отбасыларға 7000 дана пресс шөп тегін таратылған.
Көктемгі егіс, күзгі дала жұмыстарында «СТ Агро» мекемесімен келісім жасау нәтижесінде жаңаланған «Claas Lexion» жаңа техникасы өнімді астық оруға ықпалын тигізген.
«Бір түйір дәнде молшылық бар» дегендей, бабын тапқандардан Жер-Ана да барын аямаған. Қиыншылықты еңсерген егіншілер 700 гектар күріш егіп, әрбірінен 60 центнерден өнімге қол жеткізіп, қамбаны 42 000 центер күрішке толтырған. Механизаторлар жерді өңдеп, егіп, дән сепсе, 12 сушы жаз бойы күтімге алған.
Жауапты маусымда мақтаулылар қатарындағы алдыңғы буын ағалар ісі көпке үлгі. Өмірінің біраз бөлігін аграрлық саламен байланыстырған Әзберген Ұзақбаев, Есен Махмут, Нұрлан Кәрібаевтардың ізін Амангелді Шайықов, Ғибрат Шүленбаев, Өмірхан Сәденовтер жалғаған. Алқаптан «Қолы қимылдаған құр қалмайды» деген сөзді ұстаным еткен жалынды жастар Панабек Медеубаев, Ержан Решев, Асылхан Нұрқожаев, Руслан Жүсіповтерді де кездестірдік.
Жиын-терімде техниканы дайындаған механизаторлардың да үлесі көп. Жыл ішінде 747 гектар жем-шөп, күріш шапқан жаткашы Аралбек Імәдатов, жаңа техниканы тізгіндеп, қамбаға 20 мың центнер дән құйған Жеңіс Қошқарбаев, 12 мың центнер күріш бастырған Арыстан Келмағамбетовтер айтуға лайық жандар.
Қызу жұмыс қарқын алған алқаптағы абыройлы еңбек ортақ. Әрбір төгілген тамшы тер еленуге лайық екенін көзіміз көріп, көңіліміз сенді.
Ендігі жоспар туралы сұрағымызға М.Есқожаев: «Егін жиналысымен, келер жылға қамданамыз. Алда егістіктің көлемін кеңітуге су тапшылығы кедергісін келтіруде. Келер жылы да осы межеден көрінеміз деген ойдамыз», – деді бізбен әңгімесінде. Молшылық маусымын толымды табыспен қарсы алған мұндағыларға біз де «Мерейлерің үстем, істерің жемісті болғай!» дестік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
19 қазан 2021 ж. 633 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 186

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 128

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031