Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ырысын тасытқандар

Ел ырысын тасытқандар

Ырыс пен береке қайнаған мерзім сыр диқандарының да қауырт еңбекке кірісетін кезі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қамқорлығының арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму бар. Оған инвестиция көлемінің артуы да игілігін тигізген. Осындай аудандағы еңбегімен ері, өнбегімен жері сыйлы болған «РЗА» АҚ-ның «РЗА-Агро» ЖШС ұжымы биыл да ұйымшылдықтың үлкен үлгісін көрсетіп отыр. Сыр салысын күтіп-баптауда мол тәжірибесі бар серіктестік тынысына тілішілер тобы қанығып қайтты.

Абыройлы адымдар
2004 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндіру саласында серпінді жұмыс істеп жүрген «РЗА» АҚ-ның құрамынан құрылған серіктестік сол уақыттан бері ұстанған бағытынан таймай, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге еселі үлес қосып келеді.
Алғашқы жылдары 50-ге жуық жұмысшымен 800 гектар жерге егіс екен ұжым бүгінде 220-дан аса жергілікті тұрғынға тұрақты, 70-80 адамға маусымдық жұмыс тауып беруде.
Биылғы жылы Ғ.Мұратбаев, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев, Абай ауылдарындағы егістік жеріне 5075 гектар егін екен рзаагролықтар мол өнімнен үмітті. 95 гектар арпа, 280 гектар бидай, 610 гектар жаңа жоңышқа, 470 гектар мақсары, 1050 гектар ескі жоңышқа, 500 гектар жүгері, 120 гектар түйебұршақ күтімге алынған. Басымдық жергілікті дақылға берілген. Барлығы 1950 гектар алқапқа сыр салысының тұқымын сепкен күрішшілер күтіп-баптау мерзімін абыройлы атқарған.
Жер емген ағайын дақылды егіп, өсіріп қана қоймай, одан мол өнім алудың жай-жапсарын терең меңгерген. Шаруашылықтағы ауыспалы егістік топырығына талдамалық зерттеу жүргізіліп, жердің күйі туралы картограмма жасалып, нәрлі тыңайтқыштар беріледі. Инженерлік жүйеге келтірлеген соң ғана ротациялық кестеге сай атыздарға дақылдар дәні орналастырылады. Оның алаңсыз өсуінде судың жеткіліктілігі маңызды. Бұл орайда серіктестік егістікке су жеткізетін каналдарды тазалау ісін кезең-кезеңімен жүзеге асырып, су қашыртқылау жұмыстарын жолға қойған.
Агролықтар атқарып отырған тиімді тәжірибе – суды үнемдеп, дақыл өнімділігін арттыру мақсатында егістік алаңын италияндық лазерлік тегістегішпен жөндеуді өндіріске енгізуі.
Мұнда дәнді дақылдардан бөлек облыс көлеміндегі бірнеше шаруашылыққа мал азығын дайындау, сапалы тұқым өндірісімен қамту да жолға түскен. Өндіріске енгізілген инновациялық тәсілдер арқылы еңбек өнімділігі еселеніп, кәсіп көкжиегі кеңейе түсуде.
2007 жылы қолға алған қуаты сағатына 5 тонна қара күріш өңдейтін оңтүстіккореялық зауытқа жұртшылық разы. Мемлекет ұстанған бағытты жүзеге асыру аясында аймақтағы агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге «РЗА» егіншілері де аз тер төкпеген. Жылына 5000-6000 тонна ақ күріш өңдеп, оның 70 процентке жуығын Ресей, Украина, Тәжікстан, Түркменстан, Иран секілді алыс-жақын шет елдерге экспорттауға қауқарлы акционерлік қоғамның астығы қашан да сұранысқа сай талап биігінен табылып келеді.

Жұмысшы жайы басты назарда
Жұмысшы жайы – серіктестіктің күн тәртібінен түсірілмейтін негізгі мәселе.
Жас мамандардың туған жерде тұрақтамауына жетімсіз жалақымен бірге тұрғын үй мәселесі көлденең тұратынын көбіміз білеміз. Бұл «бас ауруға» айналған мәселе «РЗА-Агрода» оң шешімін тапқан.
Аудан іргесіндегі Ғ.Мұратбаев ауылындағы қос қабатты көрікті кеңсе қызметкерлердің кедергісіз жұмыс жүргізуіне жан-жақты жағдай жасаса, бекарыстанбиліктер дәл осы серіктестік себімен мамандарға арнап салынған типтік үлгідегі, құны 5 000 000 теңге, көлемі 144 шаршы метр болатын тұрғын үйді берекелі бастамаға балайды.
Мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масының үшінші бағыты аясында республикалық бюджеттен арендалық тұрғын үйлер салуға бөлінетін трансферттердің 10 проценттік үлесін шаруашылық өз қаражаты есебінен босатып, жұмысқа қабылданатын жас маманға Ғ.Мұратбаев, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарынан жалпы ауданы 77,7 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер салып, қолданысқа берген. Игілікті іс жұмыстың іркіліссіз ілгерілеуіне оң ықпалын тигізген.
Шаруашылық Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауданға қарасты 5 ауыл адамдарына орташа жалақысы 65000 – 80000 теңге көлемінде жұмыс тауып беріп, бюджет қаржысын қомақтандырып отыр. Жыл қорытындысымен озат механизатор, күрішшілер қаржылай сыйлыққа ие болады. Мекеме есебінен «Сарыағаш», «Жаңақорған» шипажайларына демалыс жолдамасы бөлінеді. Кішкентайлар да серіктестік сыйынан құр қалмайды. Ата-анасы осында жұмыс істейтін мектеп жасындағы балаларға жыл сайын жазғы дем­алыс лагеріне тегін тынығуды үйлестіру, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген балғындарға көмек көрсету мұндағылардың дәстүрлі дағдысына айналған.
Қарамағындағы ауылдардағы білім, тәрбие ошақтарына үнемі демеушілік танытып, елді мекендерді көркейтіп-көгалдандыруға да ұжым басшылығы ұдайы көмегін тигізіп келеді.

Техника тынысы
Серіктестік кеңсесі маңындағы техника тұрақжайынан қаз-қатар тізілген темір тұлпарлар «Т-150», «МТЗ-80», шөп тазалағыш, лазерлі жер тегістегіш, «Джон Дир» тұқым сепкіші, күріш жаткасы,«КАМК» жүк көлігі, жүк көтергіштер жайымен таныстық. Механик Талант Әміржаев олардың әрбірінің жайын жатқа біледі. Бізбен әңгімесінде маман егінжай төсіне жөнелтуге май-судан ешбір кедергі жоғын алға тартты.
Қазір «Енесей», «Джон Дир» жүгері, күріш комбайндары, «CLASS Tucano 580» комбайны мен тасымал көліктері күріш алқаптарын еңбек дүбіріне бөлеуде.
Кедергі жоқ деуге тағы бір негіз бар. Серіктестік директоры Нұрлан Имандосовтың айтуынша, тыңайтқыш, суға босатылған мемлекет қамқорлығы – субсидиямен бірге «Қазалы несие», «Даму» қорынан алған 83 миллионға жуық қаржы егінді күтіп-баптап, мерзімінде жинап алуға ықпалын тигізуде.
Осы жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 7 дана заманауи, қуатты ауылшаруашылығы технкаларына қол жеткізілген. Олар «FONTANA RICE 500» лазерлі тегістегіші, «VDW» сүрлеу қондырғысы, «Deutz-Fahr AGROTRON 6185 G» доңғалақты тракторы. 370 миллион теңге тұратын техникалар он жылға 14 проценттік несиемен берілген.

Алқаптағы алғашқылар
Ерте көктемнен жер жырту, топырақ тегістеуге кіріскен еңбеккерлер бүгінде алғашқы өнімдерін қамбаға құюда. Табиғаттың тосын мінезіне қарамай, даңғайыр далада ала жаздай тер төккен ағайынның бүгінгі беталысы – өнімді шашпай-төкпей жинап алу.
Біз Ғани Мұратбаев ауылы іргесіндегі №1 бригада басына жеткенде, ондағы қыжырлы қимыл көңіл сүйсінтті. «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді» дегендей серіктестіктегілердің алғашқысы болып егінге орақ салған Байзақ Өтепбергенов жетекшілік ететін бірінші бригада сүйінші хабарымен қуантқан.
Жабайы жерге егілген күріштің майысқан масақтары биылғы егіннің бітік шыққандығын байқатады. Күрішші Шыныбай Өтепбергенов, Абат Ниязов, Жетекбай Кішкенебаевтардың көңілі шат. Дархан Шағырбаев тізгіндеген «Джон Дир» комбайны мен жаткашы Ерлен Елешовтің жұмыстарын бастағанына санаулы күн болса да, алаңқайдың ауқымды бөлігі айнадай тазарып үлгерген. Қырман мен егістікті жол қылған тасымалшы Самалбек Сүлеевтің тірлігі де тәнті етеді.
Егінжайдағы жұмысшы жастың бірі Айдос Қазанбайды әңгімеге тартқанымызда, жұмыс іздеп алысқа сабылмай, өз несібін туған жерінде тауып жүргініне ризалық сезімін байқадық. Айдостың: «Өзге замандастарым сынды менің де басқа қалаларға барып, нәпақа табуыма мүмкіндігім бар. Алайда туған ауылымда жұмыс істеп, осы жердің дамуына тамшыдай болса да үлес қосуды перзенттік парызым деп санаймын. «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген. Қазір қай жерде де мол жалақы табуға мүмкіндік бар. Сондықтан жас­тарды қазақтың тамыры жайылған жер – ауылға тұрақтауға шақырамын», – деген ұстанымы өзге­лерге үлгі боларлық.

Жүйелі жоспар – жетістік бастауы
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін,
Жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» дегендей еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғынатын агролықтар алға қойған жүйелі жос­пары арқылы ауылшаруашылығы еңбеккерлері мен сапалы азық-түлік өндірушілердің талай додасында топ жарған. Барлық іс адам күшімен бітеді. Қазір егістік бригадаларының барлығы қызу тірлікке кіріскен. Жұмыс өнімділігіне қарай үш ауысымға ыңғайланған. Барлығының ұстанымдары бір, мақ­саттары ортақ. Ол – міндетті межені орындап, үміт үдесінен табылу.
Әрбір елдің дамуы экономикасы мен оның ахуалына тәуелді екендігін ескерсек, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінің аса зор әлеуетке ие екендігін сезіне түсеміз. Ел ырысын еселеткен бас агроном Нұрлан Наурызбаев, жаткашы Баубек Бердалиев, Серікбай Құлмақов, Теңел Жақып, комбайншы Мейрімхан Көшембай, Амангелді Тілеулес, техникаларды реттеуші диспетчер Бауыржан Жұмаш, автокөлік жүргізушісі Рахат Ермекбаев, астықты мерзімінде жинап алуға үлес қосып жүрген Аян Бекетов, сушы Жантас Аяғановты жазбай танитын жұрт биыл да егінші қауымның қамбаны қызыл дәнге толтырып, үздіктер қатарынан көрінеріне бек сенімді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 қыркүйек 2019 ж. 1 727 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031