Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ күріштен тау тұрғызған

Ақ күріштен тау тұрғызған

Ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік көрініс табатын күз – сыр еңбеккерлерінің қауырт жұмысқа кірісіп, ел мерейін тасытатын уақыты. Егістік пен қырманның арасын жалғаған үздіксіз қозғалыс жұртшылықты сапалы азық-түлік, жергілікті өніммен қамтуға бағытталады. Егін егуде тер төгіп, еңбегімен еленген ұжым – «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Дала еңбеккерлерінің жауапты маусымдағы жұмысымен жақында тілшілік топ танысып қайтты.

Қадымы ілгері, тарихы іргелі
Аудан орталығы Әйтеке би кентінің күншығыс беткейіндегі серіктестіктің егін алаңына аз уақытта жеттік. Егіс даласында жолыққан ауылшаруашылығы саласының тәжірибелі маманы, халық қалаулысы, «Жалаңтөс батыр» ЖШС төрағасы Қасқырбай Әлімбайдың әңгімесінен өз ісіне мейлінше машықтанғанын ұғыну қиынға соқпады. Ауылда жүріп-ақ абыройға бөленген азаматтың әрбір сөзінен туған жеріне деген перзенттік пейілді аңғардық. Мұндағы ой-қыр, сай-саланың барлығын өз атымен, ерекшелігімен тізбектеп айтқан басшыдан бір сәт серіктестік тарихы туралы сұрадық.
«Түркі жұртына ортақ тұлға, Тұран өлкесінің мақтаулы ұлы Жалаңтөс батыр атымен аталатын ұжымның тарихын құрылымынан бастау қате ұғым. Себебі шаруашылық 1929 жылы құрылған «Бірлестік» кейінгі «Қызылой», «Қызылту» колхоздары мен совхозының мұрагер жалғасы іспеттес. Оны Жалаңтөс батыр ауылынан бөліп-жаруға болмайды.
Осы ауылда кім туып-өсіп, еңбек етіп, абыройға бөленсе, олар бүгінгі серіктестіктің бір кездегі негізін қалаушылар ретінде бағаланады.
Алғаш 1995 жылы заман талабына сай «Жалаңтөс батыр» ашық акционерлік қоғамы болған құрылым, 2003 жылдан жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып жұмысын жалғастыруда», – деді.
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Одақ ыдырап, қоғам нарықтық өзгеріске ілесе алмай жатқан тұста халықтың күнкөрісі оңай болмағаны баршаға белгілі. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген нақылды білетін жұршылық тіршілік көзі – суды тынысына айналдырып, өз амал-әркеттерін жасаған. Осылайша батыр ауылы тұрғындарын осы қиын-қыстау кезеңде қысылтаяңнан алып шығуға ата кәсіп – егіншілік көп көмегін тигізгеніне уақыт куә. Заманына қарай – амалын ете білген ауылдастардың сол бірлескен жұмысы бүгінде өз нәтижесін беруде.

«Үйректегі» үлгілі іс
Біз алғаш ат басын «Үйрек» учаскесіне орналасқан серіктестіктің бірінші бригадасына бұрдық. Қызу еңбек қарқын алған алқапта комбайндар белгіленген орыннан күріш дестелерін бастырып, кезек-кезек тасымал көліктеріне құюда. Ерте көктемнен жерді баптап-күтіп, соның нәтижесін жинар шақтағы диқан қауымның көңілдері шат. Маңдайларын ащы тер шылаған шаруадан мән-жай туралы сұрап-білу оңайға соқпады. Уақыт тығыз. Меже – ала жаздайғы еңбекті еш кетірмей, мерзімінде жинап алу. Олардың бір сәт аялдауға, аяңдауына ниеті жоқтығын ширақ қимылдырынан байқадық.
«Егіннің жайын еккен білер» дегендей егінжайдағы ахуал туралы бізге серіктестіктің атқарушы директоры Абзал Сәрсенов айтып берді.
«Сіздер күрішке алғашқы орақ түскен бригада басында тұрсыздар. Қазіргі күй-жайға өздеріңіз куәсіз. Мұндағылардың барлығы тәжірибелі мамандар, өз ісінің шеберлері. Жергілікті жұмысшылар», – деді.
Жергілікті демекші, шаруа қожалығында 87 тұрақты, 50-ге дейін адамдар маусымдық жұмыспен қамтылады екен.
Егінжайдан Жақсылық Төлепберген, Ғали Тұлғабаев, Жайшылық Тәжіковтердің баптаған өнімдерін көрдік. Масағын жел майыстырған сыр күріші биыл да өнімнің жаман болмайтынынан белгі беретіндей. Еңбегімен еленіп, бірнеше рет аймақ, аудан халқының мерейін үстем еткен бұл азаматтар «Диқан жерін анасындай сүйеді, Жер диқанға баласындай иеді» деген таныс тәмсілді санаға қаттайтындай.
Атқарушы директор: «Әр жылдың өз ерекшелігі болады. Аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдауды жалаң­төсбатырлықтар да алды. Биылғы жылы су, тұқым, тыңайтқышқа бөлінген субсидияның арқасында біршама жұмыс еңсерілді. Алайда, маусымдағы күн райының өз әсерін тигізгенін айтпауға болмайды.
Мамыр айы салқын болса, қыркүйектің күні ыстық, түні суық болуы да егіншілерді алаңдатпай қоймады. Себебі, өсімдік күндіз күн көзінен нәр алып, барлық құнарды бойына жинағанымен, түнгі уақытта өседі», – дейді әңгімесінде алаң көңілін байқатып. Осындай табиғаттың тосын мінезіне қарамай, еңбеккерлер еселі ісімен жоспарлы жұмысты орындауға күш жігерін жұмылдыруда.
Дала кемесі – комбайнды тізгіндеген Жарылқасын Қабылов, Өмірбек Жолбарысов, Бақыт Мылтықбаев, Ардақ Базарбаевтың егістіктегі іздері қамбаның алтын астыққа толатынын ұқтырғандай сезімге бөледі. «Магдон» жаткасын басқарған Ғани Әмет те меруерт дәнді жинауда жұртқа үлгі.
Шаруашылықта техникаға басшылық жасап жүрген Тұңғышбек Жолбарысовтың есімін ерекше атауға болады. Кейінгі толқынға жұмыстың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын оның ізбасарлары Амандық Бақытқали, Берікболсын Байтақовтар үлгілі жұмысшыға айналған.
«Жас келсе – іске» дегендей мұнан өзге де жастар қатары көп. Солардың бірі – Медет Көшербаев биыл №2 бригадаға басшылық жасап, жауапкершілігі жоғары маман екенін байқатты.
Пайдалана білгенге – жер жомарт. Дегенмен егін орналастырылатын орынға да күтім керек. Мол өнім тыңайған жерден алынатынын мамандар жақсы біледі. Бұл серіктестіктің 8 алқабы кезек-кезегімен жер құнарылылығын арттыру үшін ауыспалы егіс жүйесімен жүзеге асады.
Қырмандағы қызу қарқын
Даладан жиналған дәнді кептіріп, құрғата, тазартатын алаң қырман туралы ауыл шаруашылығы аумағының халқы жақсы біледі.
Бір кездегі бозбалалар:
«Қырманға кел, қалқатай,
Білегіңді сыбанып», – деп әнге қосатын қызу қарқын, шат көңілдің мекеніне таяғанымызда еселенген екпін, ұштасқан қимыл мен жарқын шыққан дауыстарға куә болдық.
Үш ауысымда жұмыс істеліп жатқан жерде күндіз-түні дамыл жоқ.
Қырманда дән тиелген машиналарды өлшейтін таразы, дән тазалайтын, аударыстыратын, астық тиейтін орындар, дәнді желдететін жабдықтар, құрал-саймандар, бункерлі агрегат, электр қозғалтқыштардың барлығы өз реттілігімен орналасыпты. Техникалық қауіпсіздік басты назарға алынған.
Мұндағы астық қабылдау құрылғысы, сұрыптау, себу електерінің жұмысы да бізді қызықтырмай қоймады. Қолданыстағы елекпен бірге жаңадан алынған заманауи қондырғы 3 дана «ОВС 25» елек аппаратының технологиялық тиімділігі астықтың мөлшерін мейлінше азайтпай, уақытты үнемдеп, қажетсіз қоспалардан сапалы ажыратады.
«Гидромек» жүк тиегіш техникасының күші де өнімділікті арттыра түсуде.
Электр слесарі Панабек Есмамбетов, Қуаныш Байділдаев сынды жұмысшылар еңбектің бойларына тым жақындығын байқатты.
«Бермей-ақ қой орамал кестелеген,
Бірге жүрші бидайға дестелеген», – дейтін қыз-келіншектерді де бұл жерден көптеп кездестірдік. Ажарлы бетін күн торлаған елекші қыздар Айнаш Жиенбаева, Дидар Сыдықова, аспаз Анар Шеңгелбаева тындырымды тіріліктерімен ортасына сыйлы.
Меңгеруші Еркін Қабылдың айтуынша, жал-жал астық үйілген қырмандағы мол ырзықты жинау кезіндегі ауыл тұрғындарының белсенділігі ерекше.
Сөз соңы
«Еңбегіне қарай табысы,
Ерлігіне қарай дабысы», – дегенді берік ұстанған дала даңғайырлары байлық пен абыройға тек маңдай термен жетуге болатынын саналарына терең сіңірген.
Үстіміздегі жылы шаруашылық бойынша 200 гектар алқапқа бидай, 250 гектар жаңа жоңышқа, 500 гектар ескі жаңышқа тұқымдары себілген. Басымдық жергілікті дақылға берілген. 685 гектар жерге «Лидер» күріші сұрпын еккен еңбеккер қауым межеден шығарына сенімді. Бірлігі жарасқан ұжым облыс аграрлы-индустриалды бағытқа иек артқан шақта егісті жаңашыл бағытқа икемдеп, тоқшылық тартуына лайықты үлестерін қосуда. Осы жолда тер төгіп жүрген батыр атымен аталатын серіктестіктің серпіні соны, қадамы нық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


25 қыркүйек 2019 ж. 1 154 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031