Өрісті малға, қамбаны дәнге толтырған
Ерте көктемде шаруаға кірісіп, ала жаздай төккен тер жемісін көретін қоңыр күз – шаруа баққан дала еңбеккерлерінің жанын жайлантып, молшылықты молайтатын маусымы. Сыр жұрты «Алтын дән – 2019» салтанатын еңбек мерекесі ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Облыс орталығындағы Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында қамбаны дәнге, өрісті малға толтырған ауыл шаруашылығы озаттарына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Сыр диқандары мен малшылары тірлігінде соны серпіліс бар. Оның бір айғағы Мемлекет басшысы бастамасымен жүзеге асқан Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бағытында игі жұмыстар жүргізілген. Ел ырысына баланатын Сыр күрішіне Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран нарығынан сұраныс түскен. Ұсақ малдар Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталып, бау-бақша өнімдері Қытай мен Ресей елдеріне жөнелтілген. Агрокарта аясында еңбектің жалпы өнімділігі еселенсе, үстіміздегі жылы жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 20 инвестициялық жоба іске асқан. Аймақтағы ғылыми негізделген жаңа технологиялар мен инновациялық бағдарлама көмегімен 9 тың жоба жұмысын бастаған.
Егіс көлеміне пайдаланылған жоғары репродукциялы тұқым өнімділікті арттыруға септігін тигізген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6,4 миллиард теңгеге сатып алған барлығы 229 дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы да шыққан өнімнің дер кезінде жауын-шашынға қалмай жиналуына мүмкіндік туғызған. Мемлекет тарапынан қолдау болып отырған арзан дизель отынымен қамтамасыз етілу, ұсақ шаруашылықтардың бірігуіне, жеңілдетілген несиеге шаруалар дән разы.
«Бір түйір дәнде молшылық бар» деп дала даңғайырлары бабын тапқаннан жер де барын аямайтынын тағы да ісімен дәлелдеді. 183,1 мың гектар жерге егін еккен егінші қауым облыс қамбасын биыл да алтын дәнге толтырды.Олардың 97,5 мың гектарын дәнді дақылдар құраса, майлы дақылдар 7,9 мың гектар, мал азықтық дақылдар 60,2 мың гектар, картоп, көкөніс, бақша 17,4 мың гектарды құраған. 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, диқандар межені төмендетпей, жетістікпен еселеген.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ел ырзығын молайтып, табыс тайқазанын тасытуға үлес қосқан ауылшаруашылығы мамандарын жылды табысты аяқтауымен құттықтап, облыстағы сала жетістіктерін санамалап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
«Қазіргі таңда облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өскен. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 10 процентке өсті. Биыл облыс бойынша барлығы 183,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артты. Әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыста алғаш рет 3 шаруашылықта соя 50 гектарға егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы соя егісін 500 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді аймақ басшысы.
Бұл күні дала төсін дүбірлеткен Еңбек Ерлері салған сүрлеумен даңқты қайта жаңғыртқан ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды.
Олардың қатарында Қазалы ауданы абыройын асқақтатқан азаматтар да бар.
Салтанатта «Агро-Өркен» ЖШС-ның механизаторы Әділбек Әуез Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Есенкелді Мәли «Еңбек ардагері», «Сыр маржаны» ЖШС-ның сушысы Уәйісбек Рахметов ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Рза-Агро» ЖШС-ның күрішшісі Шыныбай Өтепбергенов «Ыбырай Жақаев» төсбелгісін омырауына тақты.
Облыс бойынша «Озат жатка машинисі» болып «Рза-Агро» ЖШС-ның жаткисі Жеңіс Дабылдаев табылса, «Сыр маржаны» ЖШС бригадирі Серік Кәдір «Озат бригадир» бағамын алды.
Жиналған жұрт назарына өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Алтын дән» мерекесі аясында ұлттық ойын ат бәйгесінен ұйымдастырылған жарыс мереке мазмұнын айшықтай түсті. Молшылық мейрамының тағы бір тартуы – ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке-көрмесін бүгінде тұрғындар асыға күтеді. «Құлагер» мөлтек ауданында ұйымдастырылған Қазалы ауданынан барған жәрмеңкеде жергілікті сапалы өнім, қолжетімді бағадағы тауарлар жұртшылық назарына ұсынылды. Сауда қатарларындағы аудан орталығы мен оған қарасты ауылдық округтерден жеткен бау-бақша дақылдары, көкөніс, ет-сүт, шұжық, нан өнімдері, мал азығындық жем-шөптер келушілер талғамынан табылды.
Оған жеткізілген 15 тонна күріш, 7 тонна күріш қалдығы, 1,4 тонна ет, 6 тонна балық, 2 тонна сүт, 32 тонна бақша, 52 тонна көкөніс өнімдері, 0,6 тонна «Қазалы конфеті» және 40 бас қой, тоқтының барлығы тұтынушысын тапты.
Жалпы көлемі 23 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 10-15 процент төмен бағада саудаланды. Сондай-ақ аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрмысы төмен отбасыларға 500 мың теңге шамасындағы азық-түлікпен қайырымдылық көмегі көрсетілген.
Алаңда қазалылық өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ