Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Агросаладағы серпіліс

Агросаладағы серпіліс

Ауылшаруашылық саласы – экономиканың жетекші күші. Өйткені азық-түлікпен ішкі сұранысты қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабына айналды. Әсіресе коронавирус әлем өндірісіне, тіршілігіне кедергі келтіріп тұрған сәтте жоспарланған межені орындау ерлікпен пара-пар. Сол себепті биыл аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандары егістік көлемін арттыру мен инвестиция тартуға білек сыбана кіріскенін білеміз. Бүгінгі таңдағы нәтиже де жаман емес.
Аудандық статистика басқармасынан алынған мәліметке сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында сала бойынша 4 млрд 935 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 процентке арттық орындалған. Ал ағымдағы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығына 204,6 млн теңгенің ­инвестициясы тартылды деген ақпар алдық. Бұл бағыттағы жұмыстың өнімділігі өткен жылдың осы кезеңімен қатар қойғанда 18,2 есеге артық орындалғанына қарап байқай берсеңіз болады.
Ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру бағытындағы тірлік те жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Мәселен, биыл 17 675 га жерге күзде елге азық болатын дақылдар орналастырылды. Оның ішінде 7616 гектарға дәндi дақыл, 7701 аумаққа мал азықтық дақылдар, 2250 гектар жерге картоп, көкөнiс, тағы біраз алқапқа бақша, майлы дақылдары егілген. Ауыл шаруашылығының негізгі дақылы саналатын күріш 6496 гектарға себілді. Жаздық бидай 140, арпа 108, тары 4 және сүрлемдік жүгері дақылы 200 гектарға көбейді.Шегірткеден қорыққан егін екпейтіні анық. Аудандағы егістік, көлемінің артып келе жатқанын ескерсек тиісті сала мамандары зиянкестермен күресті жан-жақты үйлестіргенін түсінеміз. Соның арқасында егістен межелі өнім алу мақсатында шаруашылықтар 4681 тонна минералды тыңайтқыш сатып алған. Мұнымен қоса зиянды организмдерге қарсы күрес жұмыстарын жүргізу үшін 7890 литр пестицидтер жеткізілген. Биыл пайдаланылған 1818 тн күріш, 134 тн жаздық бидай, 60 тн арпа, 1,8 тн мақсары, 30 тн жоңышқа және 25 тн жүгері тұқымының жемісті болуын аталған химикаттар қамтамасыз етеді. Жауаптылар сақтық шаралары егін жинау маусымында нәтиже береріне бек сенімді.
Айта кету қажет, үстіміздегі жылы картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі егіс көлемі артып отыр. Себебі Сарыкөл ауылдық округіндегі “Данияр” шаруа қожалығы егіс ауқымын 20 гектарға, ақжоналық “Дүзбаев Әсет” шаруашылығы 23 гектарға жеткізді. Бүгінде олар баптап өсірген көкөніс өнімдерінің бір бөлігін жинап, сатылымға шығарды. Аудан бойынша басқа да дақылдар жиналып, жер емгендер еңбектің зейнетін көре бастады.
Бізге белгілі соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 790 га жаздық бидай, 300 га арпа, 93 га мақсары өнімдері түгелімен қамбаға құйылған. Күтімге алынған 4367 га ескі жоңышқаның 600 гектары тұқымға қалдырылып, 3767 гектары екі рет орылып алынды. 11 мың тоннаға жуық жоңышқа шөбі жиналды. Бұнымен бірге алдағы мал қыстату науқанына байланысты 45 мың тонна табиғи шөп дайындалды.
Ауданда көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары қарқынды үйлестірілген. Бүгінгі күні 900 га көкөністің 40 проценті, 1050 га бақшаның үштен бір бөлігі жиналып, көкөністің әр гектарынан 110 центнер өнім алынған. Ал сүрлемдік жүгері жинау жұмысы осы аптаның аяғында басталады. Бұл үшін қажетті техникалар сақадай сай.
Егін орағына 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі мен 59 трактор тіркемесін жұмылдыру жоспарланған. Мұның барлығы маусымдық жұмысты толығымен игеруге қауқарлы. Бір қуанарлығы күріш орағына түсетін жатка мен комбайынның 18 данасы шетелдің «Джон-Дир», «Класс», «Магдон» маркалы жоғары өнімді, сапалы жаңа техникалары саналады. Қазірдің өзінде егін жинауға қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер, қою май мен жанаржағар майдың қосымша қорлары жасақталып қойылған.
Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан кепілді бағамен босатылатын 1093 тонна дизель отыны бөлінді. «Нефтьтранс-Қызылорда» серіктестігі шаруашылықтарға литрін 165 теңгеден жеткізіп беріп отыр. Дизельдің жалпы сатылымдағы бағасы 250 теңгені құрайтынын естеріңізге сала кетейік. “Сақтықта қорлық жоқ” деген тәмсілді ұстанған шаруалар өз қаражаты есебінен 290 тонна дизель отыны мен 40 тонна қою май дайындап қойған.
Егін жинау ісін жеңілдету үшін осы жылы шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» Акционерлік қоры арқылы 458 млн теңгеге 15 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жоспарлаған еді. Оның ішінде “Рза Агро” серіктестігі 3 дана доңғалақты трактор мен тағы 3 жер тегістегіш техника сатып алды.
Биылға бекітілген сызбаға сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын вегетация кезінде суармалы сумен қамтамасыз ету үшін 396,16 млн, экологиялық қажеттілікке 270,0 млн текше метр су қарастырылып, ауданға барлығы 666,16 млн текше метр суға лимит бөлінген.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 тамыз 2020 ж. 622 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930