Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүзеге асқан жұмыстың ырысы ортақ

Жүзеге асқан жұмыстың ырысы ортақ

Осы жылдың 27 тамызы күні аудандық мәслихаттың VIII сессиясында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жайлы есебі тыңдалды. Баяндамада жарты жылдық қорытындысы сараланып, алдағы атқарылар міндеттер жайы сөз болды.
Аудан басшысы тізгінді қолға алғанына көп уақыт өтпесе де, өзі басшылыққа келген уақыт ішінде әлеуметтік салалар, объектілер мен тұрғын үй құрылысы, газдандыру, жол салу, тұрғындарды таза ауызсумен қамту, тағы басқа да маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Аталмыш уақытта түрлі жиын мен басқосу, кездесулерде қаузалған түйіткілді мәселелер сараланып, шешу жолдары қарастырылған. Талқылаудан өткен мәселелер облыс әкімі Гүлшара Наушақызының назарына ұсынылып, аудан деңгейінде шешілмеген мәселелердiң оң шешiмiн табуына облыстық деңгейдегi байланысты салалармен жұмыс жүргiзiлу жолға қойылған.
Бүкіләлемдік пандемия салдарына қарамай, аудандағы бюджет бүйірі қомақтанған. Даму динамикасын байқатқан экономикада ілгерілеушілік бар. Жыл басында – 21,6 млрд теңге болып бекітілген аудан бюджеті 6 айда – 22,7 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 1,9 млрд теңгені жергілікті кіріс көзінен тартқан. Бюджетке түсетін салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 799,6 млн теңгеге жоспарланса, нақты 1 млрд 13 млн теңгеге орындалған. Бұл 126,7 процент құрайды.
«Екінші Түркістан» атанған аудан орталығындағы сауда-саттық пен жаппай кәсіпкерлік кіріс көлемін ұлғайтудың бірден-бір жолына баланып отыр. Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 7,6 млрд теңгенің өнімі шығарылған. ­Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. 82,9 процент көрсетіп отыр. 2021 жылдың 6 ­айында бұл салада 6,3 млрд теңге көлемінде өнім өндіруге қол жеткізілген.
Бүгінгі күнге кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 510 бірлікті құрап, 6 айда жаңадан 636 кәсіпкер жұмысын бастаған.
Жыл басынан бері түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында 517 адам 2,3 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алып, нәтижесінде 11 кәсіпкерлік нысан пайдалануға беріліп, 52 адам жұмыс тапқан.
Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 152 млн теңгені құрайтын 6 жоба қолға алынған. 1 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Өндірістік аймақ» аумағына жетіспейтін инфрақұрылым түрі – газ желісінің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 1,7 млн теңге қаржы бөлінген.
Осы аймақтағы игерілмеген аумаққа балық қалдықтарынан жем шығару, азық-түлік және балық сақтайтын қоймалар сынды 4 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Биылғы жылы Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары аясында ауданнан іске асырылатын жалпы құны 979 млн теңге құрайтын 18 жоба жоспарға енгізілген. Қазірге дейін олардың 14-і жүзеге асырылса, қалған 4-уі жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.
Биылғы жылғы Сырдария өзені суының азюы мен жауын-шашынның жоқтығынан жер баптап, мал өсірген ағайын қиындықтарға бетпе-бет ұшырасты. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде Мұхтар Әуесұлы былай деді: «Мал қыстату науқанына аудан бойынша 119 мың тонна шөп, 28,6 мың тонна жем қажет деп танылса, қажетті шөптің 70 проценті, ал жемнің 20 проценті аудан аумағынан қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 61,3 мың тонна шөп дайындалды. Оның ішінде 11949 тонна шөп көрші аудандардан және Ақтөбе облысынан сатып алынды.
«Азық-түлік корпорациясы» арқылы 1 мың тонна астықтық жемге өтінім берілді. Аудан бойынша жем тасымалдаушы оператор болып жеке кәсіпкер Әли-Мұса Қожағұл белгіленді», – деп жауап берді. Мәселе жеңілдетуге байланысты «СПК Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен 300 тонна қапталған бидайды сатып алуға келісімшартқа отырса, «РЗА» АҚ бүгінгі күнге дейін аталған корпорация арқылы 300 тонна арпа сатып алған. Жем-шөп дайындауға аудан бойынша арзандатылған 368,5 тонна жанар-жағармайға өтінім берілген. Мал азығын дайындау барысында күріш егетін 7 шаруашылыққа ауылдық округтері бекітіліп беріліп, күріш атыздарынан қол орақпен шөп дайындалу ісі жүзеге асқан.
Облыстық мекемелерге 25 дана бұлақ қаздыртуға ұсыныс берілсе, аудандық бюджеттен 4 дана бұлақтың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2,9 млн теңге бөлініп, қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген.
Ауылшаруашылығы саласында 4,4 млрд теңге өнім өндірілген. Жыл басынан бері бұл салаға 403,2 млн теңгеден астам субсидия төленіп, 340,9 млн теңге инвестиция тартылған.
Биылғы жылы аудан бойынша межеленген 17 685 гектардың орнына 17 090 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Су тапшылығына қарамастан, негізгі дақыл – күріштің шығымы жаман көрсеткіш көрсеткен жоқ. Қыркүйек айының 5-10 жұлдызына қарай күрішке орақ түседі деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару әдісі өз маңыздылығын көрсетті. «РЗА» АҚ-ның су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық дақылдар өсіру жобасын қолға алды. Бүгінгі күні 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері дақылы егіліп, жоба іске асуда. Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұрлыбек Нұрқожаев та өзінің күшімен Ғ.Мұратбаев ауылдық округінен тамшылатып суару әдісімен қарбыз бен қияр еккен.
Ағымдағы жылдың 6 айында ауданнан Ресей, Украина, Қырғызстан, Ирак, Тәжікстан, Моңғолия елдеріне 1 678,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған.
Төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 проценті жеке тұлғаларда болса, 2,5 проценті ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,3 проценті шаруа қожалықтарының үлесінде.
Сонымен қатар 28 шаруа қожалық 411,8 млн теңге несие алып, 1870 бас мал сатып алған. Бүгінгі күні инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 306 адамға жер берілді. Аудан бойынша 10731 тұрғын жер алу үшін кезекте тұр.
Баспана – елдегі басты мәселе. Бұл бағытта көптеген жоба қолға алынған. 6 айда 17 314 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,7 процентке орындалған. Биыл аталған мәселені шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 млн теңге қаржы қаралған. Бұған көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 2 пәтерлі 6 үйдің құрылысы аяқталған. Әрі қарай қалған үйлер қазан, қараша айларында сатып алынбақ. Сонымен бірге Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысына 2020 жылы кредит есебінен республикалық бюджеттен 285,2 млн теңге, облыстық бюджеттен 96,7 млн теңге, барлығы 382 млн теңге қаржы бөлініп, үйлер салынған. 2021 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін 280 млн теңге қаралып, 65 маманға тұрғын үй сатып алынған.
Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдарындағы тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісі қосылған. Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасы дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған.
Көгілдір отын пайдаланушылар ауқымы кеңейген. Қазалы қаласы газбен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысына қаржы бөлінген. Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарының газдандыру жобасының сараптама қорытындысы алынып, 2022 жылы қаржыландыруға тиісті басқармаға бюджеттік өтінімдері тапсырылған.
Көркейту көгалдандыру да қиындыққа қарамай, назардын тыс қалмаған. Аудан елді мекендерін абаттандыру мен көгалдандыруға жыл басында 156,6 млн теңге қаралған.
Жыл ішінде іске асырылып жатқан ірі жобалар жетерлік. Олардың қатарында Жанқожа батыр көшесіне тротуар төсеу, Біржан сал көшесінде орналасқан жатақхана ғимаратына ағымдағы жөндеу, Кәукей ауылындағы «Орталық саябақты», Жалаңтөс баhадүр ескерткіші аумағын абаттандыруға қаржы бөлінген.
Майдакөл ауылына 7,8 шақырым электр желісі мен 217 дана темір бетон бағаналары орнатылса, Кәукей ауылына Тасарық елді мекені арқылы тікелей 25 шақырым электр желісі мен 502 дана темір бетон бағаналары пайдалануға берілген.
2021 жылы бөлінген 3,1 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 50 шақырым жол мен елді мекенішілік 33 көше жөнделген. Әйтеке би кентінен 12 көше, Қазалы қаласынан 10 көшеге жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдық елді мекендегі 11 көше жөндеуден өткен.
Өткен жылы бастау алған қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Қазіргі таңда онда 2 темір бетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырлар қайта жаңғыртудан өткізіліп, жолдың негізгі қабаты күшейтілген.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен C.Мұқанов, Әбілқайыр хан көшелері қайта жаңғыртудан өткен. Аймақаш мөлтек ауданынан автомобиль жолы жаңартылған. Р.Бағланова көшесі қайта жаңғыртудан өткен. Осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолының құрылысы жалғасын табуда.
Жыл ішінде «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі жол құрылысы жалғасса, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолды жөндеп бітіру жоспарлануда. Сондай-ақ Басықара мен Абай елді мекен аралығындағы 20 шақырымды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралып, жүргізілген.
Жоба құны 4,4 млрд теңге тұратын «Қарлаң» көпірінің жоба сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Биылғы жылы жоба құны 233,0 млн теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолы бойындағы темір бетон көпірді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған.
2021 жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан.
Аудан бойынша 13 нысанның құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда 11 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатса, 2 нысанның құрылысы басталған.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде бұрынғы №170 мектептің орнына 250 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады.
Сондай-ақ дайын 16 жобаның құрылысына республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы бөлдіруге жұмыс жасалу үстінде. 4 жобаға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба әзірленуде.
2020-2021 оқу жылында 697 оқушы 11 сыныпты бітіріп, оның 624 оқушысы, яғни 89,2 проценті Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішті құраған.
2021 жылдың 25 тамызында COVID-19 инфекциясы бойынша 650 науқас тіркелген. Оның ішінде, инфекциялық бөлімде 42 адам, үй карантинінде 142 адам ем қабылдауда.
Жыл ішінде 1 154 сәби дүниеге келіп, өткен жылмен салыстырғанда 236 жағдайға көбейді. Жыл көлемінде ана өлімі тіркелмеген.
Мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Биыл осы жұмыстарға 21,8 млн теңге бөлінді.
Жарты жылда атаулы мерекелерге байланысты ұйымдастырылған 631 іс-шараның 419-ы эпидахуалға байланысты онлайн форматта өткізілген.
Бүгінде тұрақты түрде спортпен шұғылданушылардың саны 23 743 адамға жетіп, жалпы халық санындағы үлес салмағы 30,4 процентті құраған.
Жыл ішінде 67 спорттық іс-шара өткен. Жерлестеріміз Қазақстан Республикасының 4 спорт шебері, 4 спорт шеберлігіне үміткер, 9 спортшы І-ші разряд нормативін орындаған. 1 спортшы Азия чемпионы атанған.
Спорт түрлері бойынша қазалылықтар халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, 26 алтын, 31 күміс, 44 қола медальға қол жеткізген.
Әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту көрсеткіші де көңіл көншітерлік. Жыл басынан бері 1 578 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 609-ы тұрақты. Өткен жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 5 процентке тұрақтаған. 83 адам жастар тәжірибесіне, 835 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген. Жыл басынан бері 6 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 195 жұмыссыз адам қатысып, одан 80 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Қазір аудан халқының 24 процентін құрайтын жастарға жағдай жасау да күн тәртібінен түспеген. Жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды iске асыруға 21,5 млн теңге қаржы бөлінген. Қазалы қаласынан да жастар ресурстық орталығы ашылған.
Алда шешімін күткен мемлекеттік бағдарламаларды орындау және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру, өңдеу өнеркәсібін өрістету, асыл тұқымды мал басын көбейту, инклюзивті білім беруді дамыту, мүгедектер жағдайы, нәрестелер өлім-жітімін азайту басты назарда екендігін жеткізді. Сондай-ақ «Қарлаң» темірбетон көпірінің құрылысын бастау үшін қаржыландыру көздерін қарастыру, газдандыру, абаттандыру, құрлыс жұмыстарын қарқындату, қуаңшылыққа арналған жоспарларды жүзеге асыру, автомобиль жолдарын жөндеу, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүзеге асыруда күш жұмылдыруға шақырды.
«Жүзеге асқан жұмыстың ырысы ортақ. Еңбегін елдігіне, тірлігін бірлігіне балаған халықпыз. Сондықтан бұл жердің төл тұрғыны ретінде тірек болып, өркендететін де – Сіз бен біз. Алдағы уақытта аудан экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді аудан әкімі.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

28 тамыз 2021 ж. 352 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031