Жасөспірімдер жайы алаңдатады

Б.Әбдіжаппарұлы аталған қылмыстардың өсім алуына аудандық полиция бөлімінің профилактикалық жоспарға әлсіздік танытуы себеп болғанын айтады.
Өкінішке орай, биыл он алты жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу дерегі орын алды. Бұған күнделікті тұрмыс-тіршілікте балаларымыздың өсіп дамуына, араласып жүрген ортасына назар аудармау да өз зиянын тигізуде. Ашығын айтсақ ата-аналар, жасөспірімдермен айналысатын бөлімдер тарапынан тиісті бақылау жоқ.
Мәселен, соңғы жылдары 15-17 жастағы қыздар ерте жүктілікке ұшырап, әке-шешелерінің келісімімен азаматтық некеде өмір сүруде. Дегенмен қыз балалардың ерте жүктілігіне себеп болған азаматтың қылмыстық жауапкершілігі туралы насихат аз. Себебі ол үшін Қылмыстық кодекспен тиісті жауапкершілік көзделіп, ауыр жаза – он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қаралған. Ал ауданда тіркелген осындай іс бойынша қылмыскерге ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотпен кінәлі деп танылды. Нәтижесінде 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деді прокурор. Бұдан соң кәмелетке жасқа толмаған балалар жасаған қылмыстарға қарай ойысты.
Аудандық білім бөлімі мен полиция бөлімінің бірлесе жасаған іс-қимылдарына қарамастан жасөспірімдерді бақылауда ұстап отыру қиындық тудырған. Мәжіліс барысында бұл бағыттағы жұмыстарды әлде де жетілдіру керектігі еске салынды. Аудан прокуроры жұмыс жоспары ұтымды болса, жасөспірімдер өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, тонау және автокөлікті рұқсатсыз иеленуге бармас еді дегенді айтты. Сондай-ақ полиция бөлімінің бастығына заңбұзушылық орын алған учаскелерге жауапты полицейлерге шара көріліп, жұмысын жетілдіруді тапсырды.
Ауданда жол-көлік оқиғаларына қатысты да қиындықтар бар. Елде соңғы жылдары өзектілігі артқан мәселеге Президент ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырғанын білеміз. Десек те тәртіпке бағынғысы келмейтіндер аз емес. Мәселен, биыл мас күйінде көлік басқарған 35 адам 15 тәулік қамауға алынған. Мұнымен қоса 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 346-бабымен 2 адам көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылып, белгілі мерзімге бостандығы шектелген. Мұндай жаза Ж.И. есімді азамат көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған адам бола тұра, көлік құралын масаң күйде басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Осыған байланысты ҚК-тің 346-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, оған қатысты сот үкімімен көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды. Және 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес ендігіде адам психикасына белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактісін және масаң күйде екенін анықтау кезінде бұрынғыдай этил спиртінің мөлшерімен бағалау көзделмеген. Сонымен бірге осы қағидаға сай адам қанындағы этил спиртінің «қалдық» мөлшері деген ұғым алынып тасталды. Яғни тиісті нарколог-мамандармен адамның масаю фактісі анықталған жағдайда, ол қолданыстағы заңдармен көзделген жауаптылыққа тартылады.
– Ағымдағы жылы аудан көлемінде 9 жол-көлік оқиғасы орын алса, соның салдарынан 9 адам түрлі жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Мұның бірінші себебі мастық болса, екіншісі басқа да жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігіне жауапсыздықпен қарау екені даусыз. Сондықтан дәл осы бағыттағы тексеруге ерекше көңіл бөлінуі керек. Полицейлердің тек шақыртумен жұмыс жүргізуі мәселені одан әрі қиындатады. Тәртіп сақшысы өзінің қарамағындағы көшелерді аралап, қылмыстың алдын алуға күш салмаса болмайды. Топтық төбелестің де белең алуы осындай олқылықтан орын алса керек.
Кент пен Қазалы қаласының орталық көшелерінде топ болып төбелесудің артуы оқу процесінің онлайн режимде өткенінен екені даусыз. Десек те оқушылардың оқудан бөлек тұрмыс-тіршілігі білім беру мекемелерінің үнемі назарынан тыс қалмауы шарт. Сондықтан жергілікті атқарушы органмен бірлесе, жасөспірімдер ісімен айналысатын бөлімдер ортақ іс-қимыл жоспарын құрып, жағдайды жақсартуға жең түре кірісуін тапсырамын, – деді Б.Мырзабаев.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ