Бала қауіпсіздігін қатаң қадағалау қажет
Аудан әкімдігінде өткен мәжілісте білім саласындағы оқу-тәрбие беру бағытында және жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізілген істер сараланды. Сондай-ақ аудандағы білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігін болдырмау шаралары туралы мәселе көтерілді.
Мәжілісте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев соңғы уақытта елімізде жасөспірімдерге жасалатын қатыгездік, зорлық-зомбылық көбейіп бара жатқанын айтып, мұндай оқиғаларды болдырмауда сергектік қажеттігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали, аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбитбек Арынов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркін Жәкей хабарлама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аудан басшысы мектеп директорларына оқушылардың оқу сапасымен қатар олардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауды қатаң ескертті. Ол үшін аудан орталығынан қатынап жүрген кейбір мектеп директорларының ауылға көшіп баруы тиіс екенін тапсырды.
– Аудандық білім бөлімі барлық мектептерді бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етсін. Ал мектептердің әжетханасына байланысты жағдайды келер жылы толық шешуіміз керек. Аудандық полиция бөлімі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мектеп әкімшілігімен бірлесе бақылауды күшейтуі қажет. Балалардың амандығы – біз үшін өте маңызды, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі