Шеберлік шыңдалды
2021 жылдың 28 мамыр күні Қазалы ауданында ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы КММ және “Қазалы - Жомарт” қоғамдық бірлестігінің бірігіп ұйымдастыруымен «Дәнекерлеу технологиясы», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Кірпіш қалау» құзыреттіліктері бойынша «Мен дәнекерлеушімін», «Мен темір ұстасымын», «Мен тас қалаушымын» атты шеберлік сағаты өткізілді.
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің базасында өткен шеберлік сағатына «Пісіру ісі», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығының студенттері қатысып, білім алған мамандықтары бойынша біліктіліктерін көрсетті. Шеберлік сыныбы әр мамандықтың оқу зертханасында өткізіліп, қатысушылар жетекшілері көрсеткен жұмысты қайталап көрсете білді.
Қатысушыларға колледж директоры А.Мусаев, Жастар ресурстық орталығының инспекторы С.Мыңжасарова, мамандықтар бойынша жетекшілер Ә.Піржанов, Б.Сереев, Қ.Айтпаев қазылық жасады. Шеберлік сағатының қорытындысын шығарған қазылар аталған номинация бойынша анықталған жеңімпаздарды марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады.
Шеберлік сағатына қатысқан жетекшілер де Алғыс хатпен марапатталды. «Мен дәнекерлеушімін» бағыты бойынша Шарападин Рауан бірінші орын алса, Жұбатыр Бексұлтан екінші орынға лайық деп танылды. Осы бағыт бойынша Оралбаев Данияр мен Жомартұлы Қуандық үшінші орынды иемденді.
«Мен темір ұстасымын» бағыты бойынша бірінші орын Тоқтамыс Ақтілекке табысталса, екінші орын Ислам Мақсатқа берілді. Қазылар алқасы Нұрғали Ақжолды үшінші орынға лайық деп таныды.
«Мен тас қалаушымын» бағыты бойынша Ідайдулла Даниярға бірінші орын беріліп, Ерсайын Қуанышқа екінші орын табысталды. Ал Жүсіпбек Ерсұлтан үшінші орынға лайық деп танылды. Болашақ мамандар шеберлік сағатында шыңдалып, білімі мен біліктілігін сынға салды.
Дина БӨКЕБАЙ