Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шеберлік пен ептілік сынға түсті

Шеберлік пен ептілік сынға түсті

Қазалы қаласындағы аграрлы-техникалық колледжінде «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының облыстық сайысқа іріктеу байқауы өтті. Оған Қызылорда облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Бақдәулет Дүрманов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры Кәдірхан Еңсепов және колледж директоры Темірбек Исмайлов қатысып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Бұл тіркес кейбір оқырманға таныс емес. Сондықтан қысқаша айта кетсек, «WorldSkills» халықаралық қозғалысы техникалық мамандықтарды насихаттау, дүние жүзі бойынша кәсіби мамандар даярлау, сапасын сынау, біліктілік мәртебесін көтеру үшін жұмыс істейді. Оның аудармасы «Әлемдік бағыт» дегенге саяды. Қазіргі таңда қауымдастық құрамына 75 ел мүше. Оның ішінде Қазақстан да бар. Елімізде 2015 жылдан бері ұлттық чемпионат жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оған аграрлы-техникалық колледж студенттері үнемі қатысып, бақ сынайды. Бес жыл ішінде аталған байқауда бірнеше рет топ жарған колледж шәкірттері кәсіптік-техникалық мамандықтың қыры мен сырын жетік меңгергендіктерін дәлелдеді. Мәселен, 2015 жылы Ерсұлтан Қасым «Кірпіш қалау» номинациясы бойынша чемпионаттың облыстық кезеңінде бірінші, республикалық бәсекеде екінші орын иеленді. 2016 жылы облыстан Жадырасын Оразымбет «Кірпіш қалау» номинациясы негізінде бірінші, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Рамазан Жұмабай үшінші, Қанат Әнапия мен болашақ аспазшы Гүлназ Қарасай алғыс хат иеленді. Осы жылы ұлттық чемпионаттың республикалық кезеңіне Ж.Оразымбет қатысып, шеберлігін көрсетті. 2017 жылы колледж намысын республикада Ж.Оразымбет пен Р.Жұмабай тағы да қорғады. Ал облыста өткен жарыста «Жүк көліктеріне техникалық қызмет жасау» номинациясы бойынша Розымұрат Мұртаза екінші орын иеленді. Жыл сайын аталған чемпионатта колледж студенттері білімдері мен біліктіліктерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Оған дәлел 2018 жылғы қол жеткізген жетістіктер. Республикалық жарыста жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету мамандығында оқитын Р.Мұртаза Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің сертификатымен марапатталды. Түркістан облысында болған Қызылорда, Тараз облыстары арасындағы «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» құзыреттілігі бойынша Розымұрат Мұртаза мен «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Нұртілек Алмас бірінші, «Аспаз» құзыреттілігі бойынша қатысқан Гүлназ Қарасай, «Кірпіш қалау» құзыреттілігінен Жадырасын Оразымбет екінші, «Сантехника және жылыту» құзыреттілігінен Нұрлан Шындаулет үшінші орын иеленді. Өткен жылы да колледж қоржыны құр қайтпады.
Биылғы облыстық сайыста білім шаңырағының абыройын қорғайтын талапкерлерді анықтау мақсатындағы байқауға бес құзіреттілік бойынша 20 студент сынға түсті. «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші» мамандығын меңгерушілер дизельді қозғалтқыштарды реттеп, дәлдігін өлшеді. Электр жабдықтарын диагностикалау тәсілін және дизельді қозғалтқыштың қоректендіру жүйесін жөндеу мен оған техникалық қызмет көрсетті. Ал «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша сайысқан талапкерлер “ВАЗ 2106” автокөлігінің қозғалтқышын ДВС-ны және автокөліктің беріліс КПП қорабын бұзып жинады. Болашақ аспазшылар құс етінен ыстық тіскебасар, Стейк «Филе Миньон», «Три шоколад» десертін дайындады. «Дәнекерлеу технологиясының» қатысушылары бұрылатын құбырларды, пластиналарды бұрыштап, пластиналарды тік жағдайда пісіру жұмысын орындады. Екінші кезекте конструкцияны құрастырып, әртүрлі жағдайда газбен дәнекерледі. Кірпіш қалаушылар бөлшек қабырғаны «Ромб» тәрізді өрнекті қолдана отырып қалады.
Шеберлік пен ептілік сынға түскен байқау нәтижесінде «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші» құзыреттілігі бойынша Ақжол Тілеуқабыл, «Жеңіл автомобильдерге жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша Жандос Серік, «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша Гүлсезім Аманова, «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Дамир Мырзағұл, «Кірпіш қалау» құзыреттлігі бойынша Қуаныш Ерсайын бірінші орын иеленіп, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
29 ақпан 2020 ж. 548 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 33

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930