Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласы салынды
Бүгін Қызылордада қаланың жол-көлік инфрақұрылымын өркендетудегі маңызды жоба басталды. И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.–Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ел аумағындағы теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр.Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртудан өтті. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыс жалғасуда. Күні кеше Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары ел игілігіне табысталды.
Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір капсуласын салу жаңа нысан құрылысына ғана емес, аймақ дамуының жаңа белесіне бастау болмақ, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Құрылтай депутаты Серік Салауатұлы мен ел ағасы Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қолға алынған жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір – уақыт талабы мен халық сұранысынан туындаған маңызды жоба.
Құрылысты тәжірибесі мол «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Көпір ұзындығы 338 метр, ені 23 метр.
Айта кетейік, бүгінде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағын жасауға бағытталған.
Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда 30 млрд теңгенің 22 жобасы іске асырылуда.
«Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпір құрылысы аяқталып, көлік қатынасы толық реттелді.
Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.
Қала орталығымен қатар, шет аймақтардың инфрақұрылымына да басымдық берілген. Қазір кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесі жөнделіп жатыр.
Қызылорда облысының баспасөз қызметі











