Құрылыс қарқыны қуантарлық
Аудан халқы үшін жылдан жылға жағымды жаңалық легі толастаған емес. Іргелі істер мен өнегелі өзгеріс, сәнді ғимарат, сұлу көше мен түнгі жарықшамдар кент ажарын арттырып, тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Өткен жылдың өзінде ел ішінде ауқымды құрылыс жұмысы жүріп, бірқатар нысан ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Ал әлеуметтік нысандардың көптеп бой көтеруі әлеуетімізді көрсетеді.
Биыл аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан барлығы 901 миллион 793 мың теңге қаржыға 7 жоба іске асырылуда. Оның үшеуі өткен жылдан өтпелі болса, қалған төртеуі жаңа нысандардың жобасы.
Нақтыласақ, былтыр 1 миллиард теңгеге Қазалы қаласын газбен жабдықтау құрылысы басталған болатын. 2020 жылға 203,67 миллион теңге игерілсе, биылға 481,901 миллион теңге қаражат бөлінген. Нысан 2022 жылға өтпелі болғанына қарамастан мердігер мекеме «МБК Құрылыс» ЖШС осы жылдан қалдырмай аяқтаймыз деп отыр.
Қазірде барлығы 3500 дана бетон тумба қойылып, металл бағандары дәнекерленуде. 10,2 шақырым төмен қысымды жер үсті газ құбырлары, 6100 метр жоғары және орта қысымды жер асты газ құбырлары жүргізілді. Сәтін салса осы жылдың соңына дейін қала тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілетініне сенім зор.
Сондай-ақ Әйтеке би кентіндегі жалға берілетін 1 қабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысына 13 миллионға жуық қаржы бөлінген. Құрылысы осы айдың соңына дейін аяқталатын болады. Жауапты мердігер «АЭS and Limited» ЖШС. Бүгінгі күнге нысан бойынша 10 тұрғын үйге газ желісін жүргізу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерді қосылу нүктесіне жалғау жұмыстары жүруде.
Әйтеке би кентінің Аймақаш мөлтек ауданын жаңа кварталдарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құрылысы бойынша жолдар салу көзделген. Мердігер мекеме «РБ Строй» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін жүйелі жұмыстар аяқталады деген сенім бар.
Бұл жұмыстармен қатар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан өткен жылдан өтпелі 2 жобаның құрылысы жүруде. Оның біріншісі, кенттегі 600 орындық мәдениет үйі. Құрылысқа 2019 жылы 465,8 миллион, 2020 жылы 360,42 миллион, 2021 жылға 98 миллион теңге қаражат бөлінді. Бас мердігер «Казқұрылыс Сервис» ЖШС нысанның осы айдың соңына дейін тапсырылатынын жеткізіп отыр.
Ал екіншісі, ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы. Оған былтыр 505 миллион қаралса, 2021 жылға 1945,109 миллион теңге қаражат бөлінді. Тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы. Бас мердігері «SKS Инжиниринг» ЖШС қызметкерлері де нысанның ел игілігіне берілетін күннің алыс емес екенін айтуда.
Аудандық Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия оқушылары қуанатын күнде алыс емес. Өйткені ондағы білім алушылар біршама уақыттан бері өздеріне спорт зал қажеттігін айтқан. Бүлдіршіндер тілегі қабыл болып, ғимарат құрылысы жақын уақытта басталатын болады. Оған 128,032 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Әзірге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Абзал ЖОЛТЕРЕК