Қазалыда құрылыс қарқынды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген игі істер жасалып жатқанын талай мәрте айтып келеміз. Президент кезекті Жолдауында да
тұрғын үй мен құрылыс жұмыстарының қарқынын еселеп көбейтуді тапсырды. Сонымен бірге баспаналарды әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жеңілдікпен үлестіру керектігін де нақтылап берді. Елдің, ондағы елді мекендердің әлеуетін арттыратын нысандардың бой көтеруі жайындағы істер де ұмыт қалған жоқ. Бір ғана Қазалының өзінде кәсіпкерлік ғимараттардан бөлек шалғай ауылдар арасын жалғайтын көпірлер салынып, көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылуда. Ауданның келбетін қалыптастыратын бірден бір сала аудандық құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановтан атқарылған жұмыс пен жүйелі жоспарлар жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Мұрат Байғабылұлы, аудандағы құрылыс қарқыны қалай?
– Қазіргі таңда аудан бойынша жаңа нысандардың бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқанын білесіз. Бұның барлығы аудан экономикасын арттыруға, тұрғындардың сұранысын өтеп, олардың жағдайын жасау мақсатында атқарылып жатыр. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен басқа да бірқатар тиісті сала мамандарының бастамасымен ауылдық округтерде жаңа балабақша, Сырдарияның арғы бетіндегі тұрғындардың өзеннен кедергісіз өтуін қамтамасыз ететін көпір құрылысы қолға алынды. Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үй салу, қала мен кент арасын біріктіру бағытындағы инфрақұрылымдық жұмыстар қарқын алып келеді. Мәселен, 2019 жылы аудан көлемінде 11 нысанның құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда.
– Ауданда жуырда пайдалануға берілетін жаңа нысандар туралы не айтасыз?
– Аудандық әкімшілік ғимаратын тұрғызу маңызды жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары үшін 900 миллионға жуық қаржы қарастырылған. Ғимарат жұмысын жеңіп алған мердігер компания «ПромстройсервисЕ» серіктестігіне құрылысты бастау үшін өткен жылы 100 млн теңге қаржы бөлініп, биылғы жылы облыстық бюджеттен қомақты қаражат жоспарланды. Қазіргі таңда оның жартысынан көбі игерілді. Бүгінгі күні нысанның сыртқы инженерлік инфрақұрылымы және кіру бақылау буткасының құрылысы жүргізілуде. Ғимараттың 3 қабатының бетон қаңқасы құйылып, аралық қабырғаларын өру жұмыстары, ішкі әрлеу, электр, жылу жүйесі қондырылуда. Келер айда құрылыстың көп бөлігі аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұдан басқа Мұратбаев пен Көларық ауылдық округтерінде типтік жобадағы мал қорымдарын салу үшін аудандық бюджеттен 40 миллионнан астам қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде Көларық ауылдық округі бойынша «Мелеоратор» серіктестігі жеңімпаз атанып, нысан маусым айында пайдалануға берілді. Ал Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі биотермиялық шұңқыр құрылысы «Ай-Скан» серіктестігіне жүктелген.
Аудан орталығында салынатын 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй құрылысына да бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Құрылыстың алғашқы жұмыстары үшін 2017 жылы облыстық бюджеттен 30 млн теңге қаралып, бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайынғы облыстық, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келеді.
Бүгінгі күні 4 арендалық тұрғын үйдің мердігері «Асар» компаниясы №1а үйдің іргетасын қалап, үш қабаттың қабырғасын өріп, шатырын жапты. №1б үйдің терезелері салынып, ішкі электрмен жабдықтау, сылақ жұмыстары жүргізілуде. №1д үйдің 1 қабатының қабырғасы өрілсе, №1е үйдің ішкі жылу жүйесі жасақталуда. Бұдан бөлек, «Рза» АҚ мердігерлігімен №1в үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, осы жылдың сәуір айында қабылданды.
– Жаңадан салынған тұрғын үйлерге инфрақұрылым жүргізу үшін биыл қанша қаржы бөлінген? Қандай ілкімді істер мәресіне жетті?
– Әйтеке би кентінен көлемі 210 га жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 100 миллионға жуық қаржы қарастырылған. Оны «Мелиоратор» серіктестігі жеңіп алып, қазіргі таңда 16,3 шақырым ауызсу желісі жүргізілді. 154 дана көру құдығы орнатылды. Сонымен қатар кенттегі көлемі 180 га жер учаскесінде бой көтеретін баспаналар аумағына жол салу мақсатында да біршама қаражат тартылды. Мердігер мекеме «СМП Қызылорда» компаниясы осы сәтте 7,2 шақырым жолға құм, саз төсеу жұмыстарын аяқтап, 5,1 шақырым аумаққа малта тас төседі. Көше бойына 60 дана жол белгілерін орнатты.
Қазалы қаласынан көлемі 180 га жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді электр желісімен қамту жұмыстары да қарқынды атқарылуда. Жалпы құны 442,3 млн теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстарының жеңімпазы ретінде «Нұрай-Ақжол РГ» серіктестігі танылды. Бүгінгі күні 15,4 шақырым ВЛ 0,4 әуе электр желісі жүргізіліп, 1150 дана темірбетон бағанасы орнатылды. Қазалы қосалқы стансасына қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Сондай-ақ қаладағы 180 га жер учаскесіне газбен жабдықтау жұмыстары қатар атқарылуда. Қазіргі таңда 19,6 шақырым аумаққа төмен қысымды газ құбырының желісі жүргізіліп, газ реттеу пункті орнатылды. Аталған тұрғын үйлер айналасына жол салу үшін бюджеттен 526 545 000 теңге қаралған. Соңғы мәліметтерге сәйкес 12,1 шақырым жолға құм, саз төселіп, 2,5 шақырымға малта тас төселген.
– Осы кезге дейін ірі кәсіп иелерінің демеушілігімен аудандағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандардың келбеті кіргені белгілі. Қазіргі таңда бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда?
– Шынында да туған жерге тағзым ете білетін атпал азаматтар ауданда жеткілікті. Олар ауданның келісті келбетін қалыптастыруға біркісідей атсалысып жүр. Өткен жылдары жөндеуге мұқтаж көптеген екіқабатты үйлер солардың демеушілігімен қалыпқа келтірілді. Биыл да «МФК-Туран», «Нұрай-Ақжол», «Мелиоратор», «Промстройсервис Е», «Аман Құрылыс», «Бер-Нұр-Тараз» сияқты жеке серіктестіктер аудандағы 5 екі қабатты тұрғын үйлердің әрқайсысына 2,5-3 млн теңге қаржы шығарып, демеушілікпен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ