Қазақстанда қай жастағыларға жұмыс табу қиын
Фото: PexelsҚазақстанда 55–64 жастағы азаматтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 8,6%-ға жетті. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. 2026 жылдың үшінші тоқсанында осы жастағы 96,7 мың адам жұмыс іздеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда жалпы 445,6 мың адам жұмыссыз болған. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап, бір жылда небәрі 0,1 пайыздық тармаққа төмендеген.
Жұмыссыздық деңгейі жас топтарына қарай әртүрлі.
16–24 жастағыларда – 3,2 %;
29–34 жастағыларда – 2,6 %;
55–64 жастағыларда – 8,6 %. Бұл — барлық жас санаттары арасындағы ең жоғары деңгей.
Зейнеталды жастағы жұмыссыздар елдегі жұмыс іздеп жүргендердің 21,7%-ын құрайды. Ал жұмыспен қамтылған азаматтар арасында олардың үлесі 10,9%. Яғни бұл жастағы адамдардың жұмыссыздар қатарындағы үлесі еңбек етіп жүргендер арасындағы үлесінен екі есе көп.
Әйелдерге жұмыс табу қиынырақ. 55–64 жастағы әйелдер арасындағы жұмыссыздық 9,3% болса, ерлерде — 8%. Ауылдағы осы жастағы әйелдер арасында көрсеткіш 10,1%-ға жеткен.
Көп жағдайда зейнеталды жастағы адамдар жұмысты ұзақ іздемейді: олардың шамамен 53% үш айға жетпей жұмыс табуға тырысады. Дегенмен жарты жыл немесе одан да ұзақ уақыт жұмыс іздейтіндердің үлесі 27%. Бұл елдегі жұмыссыздардың орташа көрсеткішіне жуық.
Жұмысы бар 55–64 жастағы азаматтардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да көп. Олардың үлесі — 27,1%, ал ел бойынша орташа көрсеткіш 22,9%. Зейнеталды жастағылар көбіне әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау және энергетика салаларында еңбек етеді.
Айта кетейік, 60 жастағы семейлік экс-мұғалім автобус жуып, TikTok жұлдызына айналды.












