Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажары артқан Алға

Ажары артқан Алға

Апта басында ауданнан шалғай жатқан, қазалылықтар «Егіздер ауылы» атап кеткен мекенге аялдадық. Олай атауымыз, бұл ауылда 23 егіз және өткен жылы 1 үшем дүниеге келген. Қазір бұл елді мекен Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаев есімімен аталады. Ауылдың даму қарқыны жоғары. Жылдан жылға ажарланып, көркі кіруде. Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып келеді. Өткен жылдың өзінде округтің 3 көшесіне асфальт төселіп, бірнеше жол бойына жарықшам жүргізілген. Тіпті ауызсу мәселесі де толық шешім тапқан. Ол аз десеңіз, ауыл орталығына 3G кең жолақты интернет келіп, ауылдағы ағайын елдегі жағдайдан толық хабар алып отыр. Батыр ауылына келуіміздің басты себебі де осы. Ондағы жүйелі жұмыстармен танысып қайту.
Ауылға қарап әкімін тануға болады. Елді мекеннің қазіргі келбеті өткен жылы ғана әкім болып сайланған Олжас Ахметовтің іскерлігін байқатады. Қазір мұнда мыңға жуық тұрғын бар. Яғни 300-ден аса отбасы тату-тәтті өмір сүруде. Округте мектеп, емхана, клуб, кітапхана, балабақша, 5 сауда дүкені, 1 наубайхана және «Қожа Орынбет» ишан атындағы мешіт тұрғындар үшін тұрақты жұмыс жасауда.

Батыр бағы жайқалмақ
Алыс жолды артқа тастап, ел ішіне ене бергенімізде, Үрмәш бағында жеміс ағаштарының отырғызылып жатқанын көзіміз шалды. Қай жылы екені белгісіз, бақ әуелде алма ағашымен көмкерілген екен. Бертін келе бақылаусыз қалып, жеміс бермейтін халге жеткен. Алайда ауыл жанашырлары 2019 жылы қайта қолға алып, жеміс ағаштардың жайқалуына жағдай жасауда. Алға ауылдық әкімдігі аппаратының маманы Қуаныш Мұқашовтың айтуынша, сол жылы егілген талдар әп-сәтте бүр жарып, жеміс бере бастаған.
– Жердің құнарлығынан ауыл болып еккен жас шыбықтар бірден еңсесін тіктеді. Алды биыл жеміс береді. Сондай-ақ осы жылы тағы 1166 түп отырғызу жоспарда бар. Оның ішінде 242 алма, 24 алмұрт, 300 өрік, 600 гүл егіледі. Бақтың аумағы 3 гектар. Мұнда ақылы қоғамдық негіздегі 25 адам жұмысқа тартылған. Аяқсу мәселесі қиындық тудырмайды. Оған қоса ауылға кіргендегі сол жақ беттен 2 гектар жер белгіленді. Маңай жеміс ағашын отырғызуға бейімделіп жатыр. Сәтін салса ол орында да талдар көктейтін болады, – деді маман.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы. Расымен бұл ағаштар жайқалып жеміс беретін болса, батыр ауылының ажары артқалы тұр.
Түктібаевтағы танымды тірлік
Алға ауылдық округінің жылдан жылға дамуы күшейіп келеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр ауданға қарасты бірқатар ауылдарда абаттандыру жұмыстары жүрген болатын. Аталған жобадан Ү.Түктібаев ауылы да құр қалмады. Мәселен, окургтің қақ ортасына үлкен спорт алаңы орын тепті. Бұған республикалық бюджеттен 19 миллион 258 мың қаржы қаралып, пайдалануға берілген. Оның ішінде балаларға арналған ойын бөлмесі, баскетбол, футбол, волейбол алаңдары және жүгіру төсеніші бар. Бір қынжылтатыны, ол жерлерде газонның болмауы. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, алдағы уақытта бұл да шешімін табатын болады.
– Өткен жылы республикалық бюджеттен қаржы қаралып, спорт алаңы ашылды. Тұрғындар дән риза. Кешкілік мұнда еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бас сұғады. Спортқа бейім талантты жастардың ауылдан шығатыны белгілі. Сол үшін ендігі жылы мұнда көрермендерге арналған орындықтар орнатылып, газон төселеді. Сонан соң округ балаларын спортқа баулитын жерді белгілесек деп отырмыз. Көп ұзамай осындай қуанышты жаңалықтармен жергілікті жұртшылықты қуантатын боламыз, – деді Олжас Ахметов.
Ү.Түктібаев ауылында ауызсуға тапшылық туындамайды. Әр үйге таза су уақытылы келіп тұр. Өйткені елді мекенге «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының №17 су көтеру бекеті арқылы ауызсу сервистік желісі тұрақты беріліп отыр.
Жас әкім келмес бұрын ондағы өзекті мәселенің бірі интернет жүйесінің нашарлығы болатын. Ол желі қолданушылары былай тұрсын, оқушылар мен студенттерге әсерін тигізіп келген. Жаңа қызметке келген басшы ең бірінші осы түйткілді біржақты етті. Яғни ауыл орталығына 3G кең жолақты интернет желісін әкелуге ықпал жасады.
Тек бұл ғана емес, ондағы жарық мәселесі де мәз емес еді. Көшелердегі жарық сығырайып, түнгі уақытта қарсы беттегі адамды көру мүмкін болмады. Қазір барлығы керсінше. Әрбір көшеге жаңадан трансформатор орнатылған. Оған қоса елді мекен көшелерін жарықтандыру мәселесі бойынша биыл аудандық бюджеттен 18 миллион бөлініп, ауыл ішіндегі 3 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылған. Олжас Кенжебайұлының айтуынша, өткен жылғы көрсеткіш жаман болмаған.
– Былтыр әкімдік аппаратының төртінші деңгейлі бюджетіне байланысты 100 миллионға жуық қаржы қаралып, жыл қорытындысы бойынша қаржы жүз процентке игерілді. Сонымен қатар округте ажары артқан ауыл мүлік, көлік, жер және жеке табыс салықтық түсірімдерден барлығы 3 миллион 657 мың қаражат түсіп, меже 142 процентке орындалды. Осы жылы да белгіленген жоспарды орындап, үдеден шығатын боламыз, – дейді ол.
Ауылдағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 білім ордасы да өткен жылы жөндеуден өтті. Оған республикалық бюджеттен 55 миллион 591,1 мың теңге қаржы бөлініп, орта мектептің есік-терезелері мен шатыры толық жаңартылды.

Кәсіпкерлігі кеңейген ауыл
Ауылда кәсіпкерлік, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту бойынша да көрсеткіш жаман емес. Бүгінде мұнда 14 шаруа қожалығы, 2 бау-бақша өніммен айналысатын ауыл шаруашылық копперативі және әртүрлі қызмет көрсету түрлерімен айналысатын 54 жеке кәсіпкер тіркелген.
Өткен жылы 23 азамат мемлекеттік 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 555 мың теңгеден қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетсе, 1 азамат пластик есік-терезе құрастыру үшін 2 миллион теңге қайтарымсыз грант иегері атанған. Округтегі «Ақмаржан» шаруа қожалығы да егістік жұмыстары үшін «Қазалы несие» серіктестігі арқылы 12 миллион 700 мың теңге несие алып, өндірісін кеңейтіп отыр.
Сонымен бірге «Бастау кеңесші» бағдарламасы бойынша және «Бастау бизнес» аясында 11 тұрғын білімін ұштап, сертификат алған. Ал 2 адам жастар тәжірибесіне жіберіліпті. Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары үшін 25 адам қоғамдық жұмыс атқарса, 15 адам шаруа қожалықтарына уақытша жұмысқа қабылданып, округтегі мекемелерге бір және шаруашылықтарға 4 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Және 4 ауыл тұрғыны мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке ие болған.
Негізі Алға ауылдық округінің тұрғындары ертеден егістік пен мал шаруашылығына қатты көңіл бөледі. Нәтижесінде елді мекенде 2162 мүйізді ірі қара, 2493 жылқы, 2826 бас уақ мал бар. Талапқа сай барлық мал басы бірдейлендіріліп сырғаланған. Оған қоса өткен жылы ауылдағы «Ақмаржан» шаруа қожалығы 400 гектар күріш егіп, 35 центнер өнім жинаса, «РЗА-Агро» ЖШС 1328 гектар күріштен 45 центнер өнім алған.
Елді мекен айналасындағы жайылымдық жерлерді суландыру мұндағы басты мәселе. Сондықтан ауыл әкімі мұны да дер кезінде қолға алып, жолға қойып отыр. Мәселен, «Бірқазан» каналының бітеліп қалған жерлері, «Батпақ өткел» жайылымдық учаскесінің су жолдары тазартылып, суландыру ісі жұмысын жалғастырып келеді.

Қиын сәтте жұдырықтай жұмылған
2020 жылы әлем халқын дүр сілкіндірген індеттің Түктібаев ауылын айналып өтпегені белгілі. Сондай қиын уақытта «Бірлік түбі – береке» деген тұрғындар бар ауыртпашылықты бірге еңсерген. Яғни ауыл жастары мен жергілікті кәсіпкерлер басқосып «Біргеміз» акциясы аясында бірқатар қайырымдылық шара ұйымдастырған. Тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сырқат жандардың еміне қаржылай көмектескен.
Сонымен қатар ауыл тазалығы үшін жастар бірнеше ақция ұйымдастырып, тазалықтың өздерінен басталатынын көпшілікке үлгі етті.

Әкім айтты...
«Елге қызмет – адал міндет» дейді ауыл басшысы. Ол округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына күш жігерімді саламын деп, алдағы міндеттеріне тоқталды.
– Елді мекен ішіндегі көшелерді орташа жөндеу, яғни асфальт жамылғысын жүргізу бірінші орында. Атап айтсам, ол қатарда Әбсұлтан Жасақбаев, Айдай Жұбатырова, Бейбітшілік, Әбдіразақ Қаналиев, Орынбет ишан және Жаңа жол көшелері бар. Қазір бұлардың жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданды. Ендігі жақсы хабар күтетін күн алыс емес.
Округ аумағындағы егістікпен жайылымдық жерлердің суландыру жолдары, «Бірқазан» каналының аяқ жағы өлшеніп және ауылішілік «Байзақ аша» аяқсу каналының құжаттары рәсімделуде. Мақсат – ауыл тұрғындарының бау-бақшаларына суды жақын маңнан белгілеп беру. Былтыр ауылға интернет желісі келді, енді соны 4G етуге күш жұмсаймыз. Міне, осы жұмыстар биыл біржақты етілетін болады, – деді Олжас Ахметов.
Қызметке келгеніне көп болмаса да әкім елді мекенде азды-көпті жұмыс атқарып, дамуына өз үлесін қосып келеді. Алға қойған жоспары да көп. Басшының алдағы күндеріне сәттілік тілеп, батыр есімімен аталатын ауылды көркейту жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірдік.

А.БАҚЫТҰЛЫ
10 сәуір 2021 ж. 2 334 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 81

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930