Шырайы артқан Шәкен
Шәкен, Шилі, Шөлқұм елді мекендерінен тұратын Шәкен ауылдық округі аудан орталығынан шалғай орналасқан. Соған қарамастан бүгінгі күні ауыл тынысы кеңейіп, күн өткен сайын оң өзгерістерімен қуантуда. Еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін еңбек пен білімге, жаңашылдыққа жаны құмар. Соның арқасында жас өрендер айтулы додалардан жүлделі оралып, шаруа адамдары кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Мәселен, бірер жыл бұрын пайдалануға берілген №134 мектепте оқуға құштар 99 бала білім алады. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы білім ошағында жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектеп жанынан 20 тәрбиеленушіге шақталған “Балбөбек” шағын орталығы мен 40 орынды интернат орналасқан. Ал, округке қарасты Шилі елді мекеніндегі №259 мектепте қазіргі таңда 65 оқушы оқиды. Мұнда да бүлдіршіндерді мектепке бейімдеу мақсатында жұмыс істейтін “Ақтілек” орталығы ашылған.
Шәкендіктер сырқаттана қалған жағдайда аудан орталығына келіп әуре болмайды. Себебі, жергілікті жерде заманауи құрылғымен жабдықталған дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет көрсетеді. Бір мезетте 11 адамды қабылдай алатын амбулатория жыл басынан бері 1652 адамды дәрігерлік бақылаудан өткізіп, 287 науқасты ауруынан айықтырған. Ауыр жағдайдағы науқастарды аудан орталығына жөнелту жөнінде қиындықтар орын алмаған. Бұған жолдың уақытылы тегістелуі сеп болып отыр.
Шәкен ауылы мен аудан аралығындағы жолды тазалап, тегістеуге аудандық бюджеттен 1200,0 мың теңге қаржы бөлінген. Соның арқасында арадағы жол үш рет сүрілген. Бұдан бөлек, ауылды жарықтандыруға және күтіп ұстауға бюджеттен 3649,0 мың теңге қаржы қарастырылып, оның басым бөлігі Шилі елді мекенінің көше шамдарына жұмсалды. Ауылдың түкпір-түкпіріне электр энергиясының тартылуы кәсіпкерлік саласына да оң әсерін тигізетіні анық.
Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Мұнда төрт түліктің барлық түрінде айтарлықтай өсім бар екендігі анықталған. Өйткені мемлекеттен қолдау бар. Өткен жылы 7 кәсіпкер түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында несиеге қол жеткізді. Қазірдің өзінде «ҚазАгроҚаржы» орталығынан 4 шаруа қожалығы 46500,0 мың теңге несиеге жылқы, қой алып, мал басын асылдандыру жұмысын бастап кетті. Тағы бір шаруа қожалығы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 3 млн теңге несие иемденіп, мүйізді ірі қара малын өсіруде. Бұлардан бөлек, округ бойынша шағын және орта кәсіппен айналысатын 58 азамат болса, биыл олардың саны 8-ге артқан.
Жұмыссыздықты жою мақсатында 15 ауыл тұрғыны “Бастау бизнес” жобасының үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмысқа тартылған. Бұған қоса, 2 адам тұрақты, 4 тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылды. 3 отбасы мемлекеттің атаулы көмегіне жүгінген.
Бұл туралы Шәкен ауылдық округінде өткен аудан әкімінің есепті кездесуінде айтылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев арнайы қатысқан жиында ауылдық округ әкімі Тастайбек Сермаханов пен учаскелік полиция инспекторы Рүстем Есбосынов жыл бойы жасаған жұмыстары туралы баяндады. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың есебінен соң, елді мекенге ұялы байланыс операторын әкелу мен ауызсу мәселесін шешу жолы талқыланды. Сондай-ақ, тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, тиісті жауабын алды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ