Бірлескен істің берекесі
Аудандағы өндіріс орындарын аралай келе Қазалы қаласында жеке кәсіпкер Мерей Есқожаев басқаратын шағын күріш ақтау зауытына аялдадық. Мұнда келісімен ондағы жұмысшылардың қызу еңбекке кірісіп кеткеніне көз түсті. Тіптен айналасына қарауға шамасы жоқ. Сондағысы – тез арада Ақтөбе қаласына күріш тиеп жіберу. Бүгін осы 2007 жылы ашылған «Мерей Есқожаев» жеке кәсіпкерлік құрылымының ісі ілгерілеп тұр.
Өндіріс басшысы, әлемдегі ахуал тапсырыстың түсуіне кедергі келтіріп тұрғанын тілге тиек етті. Оған дейін күріштің арғысы Белоруссия мен Украинаға жіберілсе, Өзбекстан мен Түркия тұрақты тұтынушыға айналған.
– Негізгі жұмыс алқапта. Бұл жерде тек күрішті ақтаумен айналысамыз. Биыл аудандағы жағдайдың өзі баршаға белгілі. Су тапшылығы егіншілер үшін айтарлықтай зиян келтірді. Су мүлдем болмады деп айта алмаймын. Десек те біршама кедергі жасағаны жасырын емес. Жыл басындағы белгіленген жоспарды толықтай болмаса да, жылдағы межеден асырып орындап шықтық. Барлығы осындағы азаматтардың арқасы, – дейді М.Есқожаев.
Бұдан бөлек басшы «егер су болғанда жақсы нәтиже көрсетіп, рекорд жаңартқан болар едік» деп, азды-кем өкінішін жеткізді. Дегенмен биылғы ақ күріштің сапасы жылдағыдан бөлек. Салыстырып қарасақ, бұрынғысынан әлдеқайда жақсы деген ойын айтты.
Негізгі алқап дарияның арғы бетіндегі Қожабақы елді мекенінде орналасқан. Осы жылғы өнім толықтай жиналған. Содан соң ақтап-қаптауға ішке тасылады. Зауыт ауласы кең, әрі жұмысшыларға өте ыңғайлы. Әуелде Қытайдан келген құрылғылар әлі күнге дейін жұмысын тоқтатқан емес. Сағатына үш тонна күріш өңдеп шығарады. Сосын 5, 10, 25 килограм етіп қапталады да, сұранысқа сай тұтынушыға жеткізіледі.
Зауытта бар-жоғы 25 адам жұмыс жасайды. Тек тіршіліктің қызған уақытында еңбеккерлер саны артады. Өйткені күрішті түсіріп, елеу үшін адам қолы қажет. Сондайда 35 адамнан асады.
Жеке кәсіпкер Мерей Есқожаевтың шағын күріш ақтау зауыты ең бірінші ауданда күрішпен айналыса бастаған іргелі кәсіпорын. Содан бері агросаланың қыр-сырын танып, тыныс-тіршілігін толықтай меңгеріп келеді. Білікті басшы алдағы жылғы жоспарларының биылғыдан жоғары екенін алға тартты. Күріштен тау тұрғызып, береке-бірлікті танытқан жайсаң жандарға толағай табыс тіледік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК