Құжат мерзімі аяқталған кезде SMS ескерту келеді
Бұдан былай телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS хабарлама келеді, деп хабарлайды Egemen.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына сілтеме жасап.
Қажетті қызметке сілтемесі бар хабарлама куәлік мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда жіберіледі.
«Есіңізге саламыз, жақын арада сіздің жеке куәлігіңіздің (паспорттың, жүргізуші куәлігінің) қолданылу мерзімі аяқталады. Жаңа құжатты алу үшін Сіз үйден шықпай-ақ eGov.kz арқылы өтініш бере аласыз», делінген ескертуде. «SMS хабарлама жіберу арқылы біз проактивті форматта жақын арада құжаттың мерзімі аяқталатын қазақстандықтарды ескертуді жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарға Gov.kz порталы арқылы құжаттарын мерзімі өтпей тұрып тапсырыс беру мүмкіндік туады. Осылайша біз қазақстандықтарды мерзімі өткен құжат үшін салынатын айыппұлдан қорғаймыз», - деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
SMS хабарлама алған азаматтар Gov.kz порталында өз құжаттарын ұзарта алады. Жеке куәлік пен паспортты «Паспорт, жеке куәлік алу» қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Алайда қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжатты тек ХҚКО-да ауыстыру керек. Жүргізуші куәлігін құжаттың қолданылу мерзімі өткен, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайда eGov.kz порталында онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін порталда «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет.
Сондай-ақ, мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға туған күніне орай 1414-тен құттықтауы бар хабарлама жолданады.