Қарттарым, жүрші дін аман
Қазалы ауданында биыл қарттар күні кең ауқымда аталып өтті. Мерекелік шара көлемді, адам саны көп болмаса да жоғарғы деңгейде тойланды. Халықаралық қарттар күні қарсаңында алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ардагерлер үйіне арнайы барып, мерекелерімен құттықтады. Төл мейрам қарсаңында бас қосқан ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен еңбек ардагері Ашықбай Тоғымов мереке күні ерекше көңіл бөлген аудан басшысына алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Мұнан соң М.Нәлхожаұлы кенттік клубта дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан «Атамұра» халықтық ансамблінің өнерпаздарымен кездесті. Мұнда да қарттарға құрмет көрсеткен аудан әкімі өнерпаз ардагерлерді мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жақында 70 жасқа толған ансамбль мүшелері Шамшагүл Захарова мен Ақжолан Балымбетовке «Құттықтау» хатын табыстап, сый-сияпат жасады. Осы тұста Қазалы ауданының Құрметті азаматы Әбжами Жанаев халық әні «Япурай» мен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін орындап, қошеметке бөленді. Жиналған ардагерлер қауымына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, «Атамұра» ардагерлер ансамблі бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп, көрермендер ризашылығына бөленіп келе жатқан өнер ұжымы. Ансамбльдің құрамында КСРО мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Орақ Баубеков, 200-ге жуық әннің авторы, жергілікті сазгер Нұрмаш Алғашбаев сияқты өнерпаздар өнер көрсетеді. Топ репертуарында қазақтың халық әндері мен күйлері және жергілікті ақын-сазгерлердің туындылары бар.
Бұдан кейін келесі күні Мұрат Ергешбаев Қазалы қаласының ардагерлерін де мерекелерімен құттықтап қайтты. Бірнеше ұрпақ тәрбиелеп, бейнеттің зейнетін көріп отырған қарияларға ілтипат көрсетті.
– Баршаңызды бүгінгі Халықаралық Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы қаулысымен арнайы белгіленген болатын. Содан бері мереке елімізде кеңінен аталып өтіліп келеді. Негізінен бұл күн аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін сәт болып табылады. Әрине, үлкендерге деген сый-құрмет бір күннің аясында шектеліп қалмасы анық, – деді әкім. Сонымен бірге ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға мерекелік сыйлықтар үлестірді.
Мұнан кейін Қазалы қаласындағы мәдениет үйінде ардагерлер арасында дойбы, шахмат және бильярдтан сайыс ұйымдастырылды. Аудан басшысы бильярдтан өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Айта кетейік, жақында ардагерлер арасында бұқаралық спортты дамыту үшін Қазалы қаласындағы ардагерлердің ұсынысына сәйкес бильярд столы сатып алынды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен алынған бильярд столы қазіргі таңда қалалық мәдениет үйіне орналастырылды. Мұнда Қазалы қаласының ардагерлері бас қосып, бос уақытын тиімді өткізгендеріне дән риза. Жиын барысында осы сый үшін ақсақалдар қауымы аудан басшысының мерейін үстем етті.
Ал кеше М.Ергешбаев денсаулық сақтау және білім беру саласының ардагерлеріне де арнайы барды. Аудан басшысы алдымен Қазалы ауданаралық ауруханасында көп жыл медицина саласында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлермен жолықты. Мұнда медицина саласының ардагері Сержанқожа Берденұлын 80 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты.
Мерекелік кездесуде ҚР Білім беру ісінің үздігі Гүлшат Садықова, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Айзада Ешмаханова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Қуанышбай бастаған бірқатар ардагер ұстаздарға аудан әкімінің құттықтау хаты табысталып, мерекелік сый-құрмет жасалды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ