Ән әлемінің Шәмшагүлі
Тіршілік материалдық құндылықпен қатар сазды әуенмен де мәнді. Перзенттің уілімен, ананың «Бесік жырымен» бойға даритын әуен біздің жан-тәнімізбен астасып өмірімізге сән береді. Қуанышта әуенмен тасимыз, реніште жұбанамыз. Жағымды әуен көңіл-күйіңді көтереді, ойыңды жақсылыққа жетелейді, денсаулығыңды жақсартады, өміріңді ұзартады. Әсем үнімен өңірге танылған Шәмшагүл Захарова 1950 жылы 23 наурызда қазіргі Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Кеңес одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 қазақ орта мектебін бітірді. Қазалы қаласындағы медициналық училишесінің мейіркеш дайындайтын бөліміне оқуға түсті. Шәмшагүл мектеп жасында, студент кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, бірнеше байқауда жүлдегер атанды. 1970 жылы Бекарыстан би ауылындағы ауылдық ауруханада еңбек жолын бастады.
1973 жылы қазіргі Қожабақы ауылында тұратын Қазыбек Баймановпен тұрмыс құрып, үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде келіні, күйеу балалары, немерелері бар. Жолдасы Қазыбек жоғары білімді, аудандағы білікті мал дәрігері. Шәмшагүл кезінде мейіркештік қызметін адал атқара жүріп ауыл, аудан, облыс көлеміндегі өнер байқауына қатысып, талай лауреат, жүлдегер атанды. Шәмшагүл жасы 70-ке жақындаса да дауысы өзгермеген. Оның дыбыс әуені әнші Мәдина Ералиеваға ұқсастығы соншалық әнін тыңдасаң, Мәдина өмірге қайтып келгендей елестейді. 1982 жылы Роза Бағланова ауданға келгенде Қожабақы ауылында болды. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы мені ауылдық клубтың дайындығын көруге жіберген болатын. Концерттен соң әншіге қонақасы үйде берілді. Сонда Шәмшагүл ән айтты. Риза болған Роза маңдайынан сүйіп, батасын берген. Бұл – өнердің құдіреті.
Шәмшагүл мейіркештік қызметте жүргенде халыққа көрсеткен қамқорлығын бағалап, аудандық аурухананың, аудан әкімінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінен Алғыс хат пен Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шәмшагүлдің өнердегі жолы ерекше. Ол аудандық, облыстық, республикалық өнер байқауына қатысып талай жүлдегер атанды. Мен 2014 жылы наурыз айында аудан әкімі, ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Атамұра» атты ардагерлер ансамблін ұйымдастырдым. Әуелі ауданымызда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында ардагерлердің өнер байқауын өткіздік. Одан 15 ардагер іріктеліп алынды. Құрамында Шәмшагүл бар. Оның репертуарында халық әні «Сәулем-ай» және Дәукенованың «Сағым жылдар», Шәмші Қалдаяқовтың әндері, Мұхан Төлебаевтың «Сүйген жарға», Бексұлтан Байкенжеевтің, жергілікті сазгер Нұрмаш Алғашбаевтың әндері де бар. 2014 жылдың қарашада Қызылорда қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі аясында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер», «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты өнер фестивалі өтті. Онда Қазалының «Атамұра» ардагерлер ансамблінің әншісі Шәмшагүл Захарова лауреат атанды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шауқамановтың Құрмет грамотасы және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Облыстық ардагерлер Кеңесінің қолдауы, аудан әкімі Н.Шамұратовтың ерекше көңіл бөлгендігі облыстық мәдениет басқармасының ұсыныстарына сәйкес Мәдениет министрлігі «Атамұра» ардагерлер ансамбліне арнайы бұйрықпен «халықтық» өнерпаздар ұжымы атағы берілді. Ол жалғыз Қазалы емес, облыс ардагерлеріне үлкен абырой, құрмет. Шәмшагүлдің өнерге, «Атамұра» ансамбліне қосқан үлесі мол.
Өткенге ой жүгіртсек, жерлесіміз жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева өнер сапарымен Қазалыға келген сайын Қожабақы ауылына соқпай кетпейтін. Апасы ретінде Шәмшагүлге жолығып, концерт кезінде екеуі екі дауыспен қосылып ән шырқап, талай көрерменнің көзайымына айналды.
2018 жылы 24 мамыр күні Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің студенттер сарайында Орақ Баубековтің 70 жасқа толуына орай «Атамұра» ардагерлер халық ансамблі өнер көрсетті. Онда Шәмшагүлдің өнеріне көрермендер риза болды. Сонымен бірге 7 желтоқсан күні аудан әкімі М.Ергешбаевтың ұсынысымен Байқоңыр қаласының Каралов атындағы оқушылар сарайында «Атамұра» халық ардагерлер ансамблі өнер көрсетті. Онда қазіргі 70 жастың куәгерлері Шәмшагүл мен Ақжолан көрермендердің көзайымына айналды. Концерт соңында Байқоңыр қаласының әкімі Константин Дмитриевич Бусыгин «Атамұраға» құттықтауын берді. Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Байқоңыр кешенінің арнаулы өкілі Серік Қожаниязов Алғыс хатын тапсырды. Бұл Қазалы ауданының өнерпаздарына деген шексіз құрметі деп түсінеміз.
Шәмшагүл жолдасы Қазбектің жұмыс бабына сәйкес отбасымен бірге аудан орталығына жақын Ғани Мұратбаев ауылына қоныс аударды. Алдағы уақытта оның орындауындағы әндер «Атамұраның» беделін көтеруге септігі тие берсін демекпіз.
Орақ БАУБЕКОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері