Тіл үйірер табиғи өнім
Жылдағы дәстүр бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына Сыр елі ауыл шаруашылық өнімдерін ұсынды. Елордадағы «Хан Шатыр» сауда орталығының жанында, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысындағы алаңда 30 автокөлікпен 360 тоннаға жуық жоғары сапалы өнім сатылды.
Сыр елінің елордаға тартуы екі күнге жалғасты. Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан 70-ке жуық шаруашылық пен кәсіпорын өз өнімдерін апарды. Ауылдағы «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін іске асыру бастамасымен Сыр өңірінің диқандары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы 100 миллион теңгенің өнімін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына нарық бағасынан 10-20 процент төмен бағада сатты.
– Ауылдың дәмі ерекше. Жыл сайын осы жәрмеңкені асыға күтеміз. Бүгінде қысқа дайындалып, азық-түліктің мол қорын алуды ойлап келдім. Бағалары да көңілге қонымды. Әсіресе Қазалының тіл үйірер тәтті қауынын отбасымызбен сүйсініп жейміз, – дейді нұрсұлтандық Сәуле Ақбердіқызы. Бұндай жылы сөзді бірнеше адамның аузынан естуге болады. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушысы Қаракөз Айдаш: «Алдық, балығы да, күріші де, қауыны да керемет. Қанша дегенмен туған жердің дәміне ештеңе жетпейді. Күн шуағын төгіп тұрды, халық та көп болды. Ауыл еңбеккерлеріне ризамыз», – деген пікірін қалдырған.
Жәрмеңкеде 146 тонна ақталған күріш, 27 тонна балық және балық өнімдері, 28 тонна асқабақ, 126,5 тонна бақша,18 тонна көкөніс пен жеміс және 14,5 тонна басқа өнім түрлері болды. Оның ішінде Қазалы ауданынан 10 тонна балық, 16 тонна қауын-қарбыз, асқабақ, 10 тонна күріш, 2 тонна «Қазалы» кәмпиті жеткізілді.
Тез бұзылатын сүт өнімдері секілді тауарлар рефрижератор көлігімен жеткізілді. Сатушыларға арнайы униформа берілді. Карантин талаптары толық сақталған. Барлығы дезинфекциялық құралдармен қамтылған.
Биыл Қызылорда облысы бойынша егіс көлемі 1,1 мың гектарға артып, 184,2 мың гектарды құрады. Барлық дәндi дақылдар 99,9, майлы дақылдар 5,7, мал азықтық дақылдар 61,0, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 17,6 мың гектарды құрады. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектар. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 процент жоғары репродукциялы тұқым себілді. Бүгінге дейін 24 865 гектар күрішке орақ салынып, оның 16 898 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 49,3 центнерден өнім алынуда.
Сыр елінің ауылшаруашылық өнімдері қазіргі таңда әлемнің 17 мемлекетіне экспортталуда. Оның 92,4 проценті облыстың негізгі дақылы – күріш Ресей, Қырғызстан, Беларуссия, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан және Ирак мемлекеттеріне шығарылуда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА