Сыр өнімі елордалықтарды қуантты
Күз – қашаннан тоқшылық пен молшылықтың мезгілі. Егін даласында ерте көктемнен ала жаздай білек түре еңбек еткен егіншілер осы қоңыр күзде төккен тердің жемісін көріп, рахатқа кенеледі. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, өңір диқандары жаз бойғы еңбектерінің нәтижесін елордалықтарға да паш етуді дәстүрге айналдырған. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тапты. Өткен сенбі-жексенбі күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыры» сауда орталығы маңында Қызылорда және Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов бастап, жәрмеңкеге өңірдің жеті ауданы мен Қызылорда қаласының 70-ке жуық шаруашылығы мен кәсіпорны қатысты. Жылдағы дәстүрмен таңертеңгісін басталған сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді. Күн қабағы да Сыр елі халқының ашық-жарқын, жайдарлы мінезіндей кеңшілік танытты. Сол күнгі ауа райының жайлы болуын елордалықтар да осылайша қабылдап жатты.
Жәрмеңкеде жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын 440 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері сатылды. Соның ішінде 207 тонна ақталған күріш, 27 тонна балық және балық өнімдері, 28 тонна асқабақ, 126,5 тонна бақша, 18 тонна көкөніс пен жеміс және 14,5 тонна басқа да өнім түрлері ұсынылды.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 47 автокөлікпен 447 тонна өнім алып келдік. Негізгісі, өңір бренді – күріш, әрине. 186 тонна көкөніс, бақша өнімдері келді. Сонымен бірге сүт өнімдері де бар. Тез бұзылатын сүт өнімдері секілді тауарларды арнайы рефрижератор көлігімен жеткіздік. Мұндағы коммуналдық базарлардың бағасын қарап шықтық. «Егін даласынан сөреге дейін» атты акциямен келіп отырғандықтан, нарық бағасынан 10-20 процентке төмен сатылуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Жәрмеңкеде әдеттегідей, Аралдың балығы мен Сырдың ақ күрішіне сұраныс өте жоғары болды. Су маржаны мен Сыр маржаны сатылып жатқан сөре маңы түс ауғанша ұзын-сонар кезектен босаған жоқ. Қызылорданың тіл үйірер қауыны мен қарбызының да саудасы қызды. Таңдағанына қол жеткізген жұртшылықтың жүздерінен қуаныш сезімін байқамау мүмкін емес еді. Сонымен бірге, ет және сүт өнімдеріне де талғампаз нұрсұлтандықтардың сұранысы ерекше болды. Әсіресе бағасы 2000 теңгеден сатылған жылқы еті мен 1700-ден ұсынылған сиыр еті өтімді болды. Ал балықтың келісі 1000-1200-ден бағаланды.
Шара барысында елордалықтардың көңіл-күйін білу мақсатында бірқатар тұтынушыларды сөзге тартқан едік. Солардың бірі – қала тұрғыны Гүлдариғаш Қалқабаева. Байқоңыр қаласының тумасы 20 жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұрады. Қызылорданың жәрмеңкесіне жылда келеді екен.
– Туған жерімнің жәрмеңкесінен қалмаймын. Сыр күрішіне тең келер ештеңе жоқ ғой, биыл да молынан алдым. Қауын-қарбыздан да қалағанымша алдым. Етті де ұмытқаным жоқ. Нұрсұлтандық болғанымызға жиырма жыл болса да, туған жерім – Қызылордама бүйрегім бұрып тұрады. Ауыл көшіп келгендей, жәрмеңке өтсе, бір жасап қаламын, – деді ол.
«Қауіпті індетке байланысты биыл жәрмеңке өтпейтін шығар деп ойлап жүр едім. Қызылорданың жәрмеңкесі өтеді дегенді естіп қуандым. Өте жақсы ұйымдастырылған. Аралдың балығы өте керемет, Қызылорданың күріші қандай?! Биыл да ертемен келдім. Өзіме керек-жарағымды түгел алдым. Күннің өзі бүгін ерекше болып тұр, ашық, жылы, – деді қала тұрғыны Бауыржан Ибашов.
Жәрмеңкеде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұловты да жолықтырдық. Арнайы келіпті.
– Елорда төрінде өтіп жатқан жәрмеңкеден еңбеккерлеріміздің маңдай тер, еткен еңбегінің жемісін көріп отырмыз. Арнайы келіп, көріп шықтым. Тауар тұтынушыларға қолжетімді бағада сатылып жатыр. Сыр салысынан бастап, дәмі тіл үйірер қауын-қарбызы қандай?! Сыр байлығымен бірге халқымен қауышып жатырмыз. Осындай өнімдерді елордалықтарға ұсынған диқандарға, азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Жәрмеңкеге облыстың әр ауданы, әр шаруашылығы тыңғылықты дайындықпен келгені аңғарылады. Мәселен, бір ғана Әділбек Айымбетов жетекшілік ететін «Арал балық дайындау» зауыты 3 тоннадан аса балық және балық өнімдерін ала келген. Жәрмеңкеде Қазалы кәмпитіне де сұраныс жоғары болды. Өзін кәмпит зауытының елордадағы дистрибьютерімін деп таныстырған Серік Тоқмамбетов жәрмеңкеге 2 тоннадан астам кәмпит әкелінгенін, Қазалы кәмпиті мұндағы тұрғындарға жақсы таныс екенін және сауда сәтті болғанын айтты. Ал шиелілік омарташы Қасым Сайрамбаев жәрмеңкеге бір тоннадан астам бал жеткізген. Омарташы жантақ, жоңышқа балының келісін 1500-2000 теңгеден ұсынды.
Биыл аймақтың аграрлық саласы айтарлықтай жетістікке иек артып отыр. Егіс көлемі 184,2 мың гектарды құраған. Дәнді дақылдар 99,9 мың, майлы дақылдар 5,7 мың, малазықтық дақылдар 61 мың, картоп, көкөніс, бақша 17,6 мың гектарды құраса, негізгі дақыл – күріштің көлемі 89,5 мың гектарға жеткен. Өңірде күріш ору қызу жүргізіліп, әр гектарынан орташа 49,3 центнерден өнім алынуда.
Жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артса, әртараптандыру бағытында кейінгі алты жылда малазықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 6,9 мың, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайған. Сонымен қатар, облыста картоп, бақша және ет, сүт өндіруде ілгерілеу бар.
Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері қазір 17 мемлекетке экспортталуда. Экспортталған өнімнің 92,4 проценті күрішке тиесілі. Ол Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан және Ирак мемлекеттеріне шығарылуда.
Екі күнге созылған жәрмеңке елорда жұртшылығын осылайша бір қуантып тастады.