Ардагерлер арасындағы бәсеке
«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген. Бүгінгі қазақы қоғамдағы жас буынның өсіп-жетілуінде ата-әжелердің орны орасан. Жас ұрпақтың бойына ұлағат ұшқынын себуде олардың атқарар маңызы ерекше. Ал қадірменді қарияларымыздың құдажол мен тойдан бөлек, қауқылдасып, бір-біріне әзіл-қалжыңын айтып, тынымсыз тіршіліктен бір сәтке көңіл серпілтер орны – Жалаңтөс баһадүр стадионының жанындағы ардагерлер үйі. Жайқалған бақ ішіндегі ғимарат ауласында үлкендеріміз жиі жиналып, түрлі шараларға белсене араласады.
Сондай бір қызықты да тартысқа толы шаралардың легі сәрсенбі күні өтті. Қазалы ауданының Құрметті азаматы Оразғали Бекбанов төрағалық ететін аудандық ардагерлер ұйымы және «Сауал» қоғамдық бірлестігі бірлесе өткізген ардагерлер арасындағы шахмат, дойбы, қол күрес, мылтық ату секілді спорттық сайыс түрлері тартысқа толы болды десек қателеспейміз.
Карантин талаптарын сақтай отыра өткізілген шахматтан жарыста жүлделі бірінші орынды Қанатбай Есенжолов иеленсе, екінші орынды Ерболат Дәрібаев, үшінші жүлдеге Әли Маханов қол жеткізді. Ал ынталандыру жүлдесін Сержанқожа Берденов иеленді.
Сондай-ақ дойбыдан өткізілген сайыста Омарғали Басымбеков бірінші, Тасболат Ерқараев екінші, Жұбатқан Бисенов үшінші орынды, Нағима Түктібаева мен Гүлжаһан Шалболова ынталандыру жүлдесін қанжығалады.
Мұнымен қоса қол күрестен Баймахан Көбесов бірінші, Шәки Сарбалаев екінші, Жұбатқан Бисенов үшінші орындарды өзара бөлісті. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен Жайылхан Оразымбетов марапатталды.
Ардагерлер арасындағы төртінші бәсеке мылтық атудан Шарипа Жүсіпова бірінші, Әли Қадірқұлов екінші, Жанұзақ Баймаханов үшінші, Сырғаш Ибрагимова ынталандыру жүлдесіне қол жеткізді.
Жарысқа Шаймерден Сарбалаев пен Әбдірейім Шүренов төрелік жасады. Шара соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Серік АҚМЫРЗА