Алдын алу шаралары атқарылуда

Атап айтқанда теміржол ауруханасына қамқорлық жасалып, барлығы 7 дана оттегі концентраты табыс етілді. Оның 2-уін Сенат депутаты, журналист Дана Нұржігіт тарту етсе, аудан әкімдігі 2 және “Жанқожа батыр” мешіті 3 данасын жеткізді. Бұл оттегі концентраттарының ерекшелігі кислород баллонын қажет етпейді. Ылғалдандырылған оттегіні өзінен шығарады. Оған тек арнайы тазартылған су құйса жеткілікті. Сондай-ақ аталған құрылғы жеңіл әрі доңғалақтары болғандықтан науқастың жанына жылжытып апарылады.
Қазір оттегі концентраттарының 4-уі терапия және жансақтау бөліміне 3-уі қойылған. Мұндай сыйға ие болған дәрігерлердің қуанышында шек жоқ.
– Бастапқыда қорғаныш киімдері мен кислород баллондарына деген тапшылықты сезіндік. Бірақ жүрегі кең, қайырымды жандардың көмегінің арқасында ауыр жағдайдағы науқастарды аман алып қалдық. Білікті мамандардың күн-түн демей еткен еңбегінің арқасында арнайы ашылған провизорлық стационардан шілде айынан бері 24 адам емделіп шықты. Соңғылары осы оттегі концентраттарының күшімен тез айықты. Ал дертін асқындырып алған екі адам көз жұмды. Үйіне аман-есен оралған аурулардың шипа алуына жағдай жасаған жомарт жандарға алғысымыз шексіз. Бұрын-соңды жаппай өкпесі қабынып түскен науқасты көрмегендіктен біраз қиналғанымыз шындық. Енді ғана тәжірибе жинадық. Ауру белгілері жойылды деп қол қусырып отырған жоқпыз. Дәрігерлер кез келген жағдайға қырағылық танытуда. Күз бен қыс тұмаудың нағыз қозатын кезі. Сондықтан оның алдын алу шаралары жүзеге асырылуда, – дейді теміржол ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Бақыт Айжарықова.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА