Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет үйлері жөнделуде

Мәдениет үйлері жөнделуде

Аудан көлемінде “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы” шеңберінде біршама шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен Қазалы қаласындағы “Қалалық мәдениет үйі” ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 14 364,7 мың теңге қаржы бөлінді.
Бүгінгі таңда жоба бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізіліп, мердігерлер анықталды. Тиісті келісімге сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген 4 адам жұмысқа тартылды.
Аталған нысанды ағымдағы жөндеуге байланысты ғимараттың төбесі жылу ұстағыш материалдармен қапталып, көрермендер залының төбесі гипсокордонмен қапталды. Сондай-ақ сырланып, әрленді, бөлмелердің ішіндегі жылу батареялалары ауыстырылды. Енді қосымша тағы басқа да жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осындай қыруар шаруа Жанқожа батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдық округтеріндегі мәдениет ошақтарында да қолға алынуда. Яғни Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйін мердігер мекеме “ГД 2015” құрылыс компаниясы” ЖШС жөнге келтіруде. Оған ел бюджетінен қомақты қаржы аударылған.
Бүгінде мәдениет үйінің төбе шатырының ағаш жабындысын ауыстырып, металочерепицамен жабу, жиегін карнизбен қаптау, суағар жасау іске асуда. Сыртқы қабаты толықтай қайта сыланып, көрермен залының едені сырланады, жылу жүйесі толықтырылады. Сонымен қатар жарықтандырылып, кілем төсеніштер алынады.
Қ.Пірімов ауылдық клубының жұмысына тоқталсақ, ондағы атқарылатын істер шаш етектен десек артық айтқандық емес. Мұнда ғимараттың кіреберісіне пандус орнату, сатысын (лестница) қайта жаңарту, ішкі бөлмесіне пластикалық есік-терезе құру іске асырылмақ. Бұдан бөлек, жылу жүйесі жаңаланып, ішкі бөлменің төбесі монтаждалады. Шатыр үсті қарамайланып, цементті сұйықтық құйылады және қара қағаз төселеді.
Ал «Басықара ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін Әйтеке би кентінен «Данияр-97» ЖШС мердігер мекеме ұтып алды. Бүгінде берілген қаржының 30 процентін игерді. Құрылысқа жергілікті жерден 3 адам тартылып отыр. Бақытжан Аралбаев, Алихан Жауынбай мен Аманқос Жақсылық өз міндеттерін адал орындауда.
Қазіргі таңда меңгеруші, есепші, өнерпаздар бөлмелерінің, гардеробтың, көрермен залының қабырғалары эмульсиямен боялды. Осы бөлмелердің жылу батареялары сырланды. Шатыр жабынының карнизі жаңаланды. Ғимараттың іргетасы қапталды. Және сыртқы қабырғалары сырланып болды. Клуб фоесінің еденіндегі ескі кафельдер ауыстырылды. Аулаға құм, қи төгіліп, гүлзарлардың орны дайындалуда. Алдағы уақытта көрермен залына ковролон төсеу, су ағарларды орнату, аула жарықшамдарын ауыстыру, гүлзарлар орнату жүргізілетін болады. Жоспарлы жұмыс осы айда аяқталуы тиіс.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ
12 шілде 2020 ж. 851 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930