Бекарыстан би ауылында берекелі істер бар
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Майдакөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, халық алдында есеп берді.
Кездесуде аудан әкімімен қатар, ауылдық округ әкімі де өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Округ бойынша 110 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Оның 85-і жеке кәсіпкерлер, 25-і шаруа қожалығы. Бекарыстан би ауылында 10 азық-түлік дүкені, тігін цехы, май құю бекеті, асаба, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығару, сұлулық салоны, пластик есік және терезе жасау цехы тұрғындарға қызмет көрсетеді.
2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде 2 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқу, 5 адам «Бизнес Кеңесші» және 10 адам «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде оқыды.
Нәтижесінде «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы Микроқаржылық ұйымы» ЖШС арқылы жүк тасымалы көлігін алу үшін 1 азамат 3,5 млн. және жылқы малын көбейту мақсатында 1 азамат 2 млн.теңге несиеге қол жеткізді.
Сонымен бірге «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылқы малын көбейту үшін 2 ауыл тұрғыны 4 млн. теңге несие алды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде гранттық қаржыландыруға ұсынылған 1 азаматтың «Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу (қауынқақ)» жобасы мақұлданып, 250 мың. теңге грант берілді.
Бұдан бөлек, бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 1 азамат 252 мың теңгеге жылқы малын алса, 1 азамат кондитерлік өнімдер шығару жобасымен 500 мың теңге грант алып отыр.
Жиында Бекарыстан би ауылының тұрғындары электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткендігін айтып, ауылға жаңадан КТПН трансформатор қондырғысын алу туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, аудан басшысының назарына ауылға электр желісі тікелей Қазалы қаласынан емес, Қожабақы ауылынан келетіндігін тілге тиек етіп, жолда жөндеу жұмыстары жүргізілсе жарық өшіп қалатынын жеткізді. Сондықтан жақын жердегі Жанқожа батыр ауылынан тартылса деген ойларымен бөлісті. Бұл ұсынысты Мұрат Нәлхожаұлы қолдап, тиісті бөлім басшыларына зерттеуге тапсырма берді.
Бұдан бөлек, бекарыстанбиліктер ауылға кең жолақты интернет жүйесі тартылса, ветеринариялық дәрігерге көмекші берілсе деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аудан әкімі Алға, Ақжона және Майдакөл ауылдық округтеріндегі есепті кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдап, сұрақтарына жауап берді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі