Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанды қырғын құрбаны

Қанды қырғын құрбаны

Мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетов жайлы

Қ.Күлетов атындағы мектепте

Қашақбай Пірімов атындағы ауылда қызмет бабында жүргенмін. Жолым түсіп, келіп тұрғанда Қазмұхамед Күлетов атындағы мектепте 1999 жылдан бері жұмыс жасайтын “Өлкетану” мұражайын көру үшін арнайы бардым. №92 орта мектептің директоры Бақыт Тәжібаев сабақта екен. Аралап, мектептің мұнтаздай тап-таза коридорларымен қабырғалардағы безендірілу, оқушылар тағылым алатындай ретімен ілінген суреттерді тамашалап жүргенде алғашқы кездескен мұғалім жігіт жылы шырайлы амандасып, директордың бөлмесіне алып барды. Мұражай жайлы сөз бастап едім, маған мағлұмат бере бастады. Әңгіме арасында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті “№92 орта мектебі жанындағы өлкетану мұражайы” деген атпен 2012 жылы арнайы шығарған кітапшаны да көрсетіп үлгерді. Қысқаша мәліметтер, түрлі-түсті фотосуреттермен сапалы, біраз еңбекпен шығарылғаны көрініп тұр. О баста тарих пәнінің мұғалімі Қараман Ертуған ұйымдастырып, онан кейін 2012 жылы мектеп мұражайы зерттеліп, жәдігер құжаттармен толықтырылып, қайта көркемделінген. Ауылда туып-өскен, елінің, жерінің тарихын қастерлеген, танымал тұлғалардың өмірін зерттеп, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай жасалған екен.
Осы кезде сабақтан шыққан директор Бақыт та келді. Әрдайымғы сыпайы қалпы, келе сала жағдайды сұрап, мектептің екінші қабатында орналасқан мұражайға өзі бастап барды.
Өлкетану мұражайы “Қ.Күлетов – қоғам қайраткері”, “Құмжиек ауылының тарихы”, “Ұстаздық – мәңгілік нұрдың қызметшісі”, “Ғани аға, жалын еді жастығың” деген тақырыптарда төрт бөлімнен тұрады. Бөлмеге кіргеннен қарсы қабырғадағы жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Кәрібайұлы Күлетовке арналған стенд бірден көз тартады. Саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жабылған жаламен қанды қырғын құрбандары қатарында атылып, арманда кеткен есіл ердің өміріне арналған жәдігерлер рет-ретімен орналастырылыпты. Соның ішінде Қазмұхамедтің қызы Райханның өз қолымен жазған естелігінен сол бір зобалаң жылдардағы елінің болашағы үшін өз өмірлерін сарп еткендерге қолдан жасалған қатыгездіктерді оқығанда жаның түршігеді.

Райханның естелігінен

Менің әкем Күлетов Қазмұхамед Кәрібайұлы Шымкент қаласында 1937 жылдың 2 шілдесі күнгі таң алдында тұтқындалып, ертеңіне, яғни, 1937 жылдың 3 шілдесінде партия қатарынан шығарылып, 1937 жылдың 5 шілдесінде бірінші этаппен Алматы қаласына, НКВД-ның қарамағына жіберілген. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті Президиумының 1937 жылғы 14 шілдедегі №274 қаулысымен жұмысынан алынған. 1937 жылдың 1 шілдесінде тұтқындар алдында бір уақытта үйі мен жұмыс бөлмесінде тінту жүргізген. Тінтіген кезде ең арғысы балалардың ойыншықтарына дейін аударыстырып, ойран-топырын шығарыпты. Кәмелетке толмаған кішкентай 4 баламыз. Тінтіген кезде ештеңе табылмаған, әкеме байланысты жеке құжаттарын ғана алған.
Әкем қамауға алынғанда 7 жаста едім. Сол күнгі таң алдындағы папамның бізді, төрт баласын сүйгені, оны таныс емес екі адамның алып кеткені менің өмір бойы есімде қалды. Қайда, неге алып кеткенін мен білмедім және бұл папамды ең соңғы көруім екенін де түсінгенім жоқ. Папамның кетіп бара жатқанда бар айтқаны: “Үш күнде, ең әрі асқанда бір аптада мен қайтып келемін, менің жазығым жоқ, партия бәрін тексереді” деді.
Күз келді, ал, онан хабар-ошар жоқ. Қалада жаппай тұтқындау жүріп жатты... Бізді барлық отбасымызбен тұрып жатқан Бекет батыр көшесіндегі №5 үйден қуып шығып, екі бөлмелі үйге орналастырды. Қазан айында шешем әкеммен көрісіп, ол жазғы киімдерімен кеткендіктен, жылы киім-кешек заттарын беру үшін Алматыға кеткен еді. Онда әкемді жауап алу жүріп жатыр деп көрсетпей, заттарын алып қалыпты. Осылайша шешем әкемді көре алмай Алматыдан қайтып келді.
Кейін білсем, оларды бір адамдық камерада қамап ұстап, күні-түні ұрып-соғып, жауап алады екен ғой.
Әкеме “халық жауысың” деген кінә тағыпты. 1937 жылдың 10 қарашасында біздің үйдің жанына машина келіп, бейтаныс адамдар үйге кірді. Ол кезде біз, балалар аулада ойнап жүргенбіз. Тағы да тінту жүргізіпті. Үйге келсек барлық заттардың астан-кестеңін шығарып, еденге үйіп қойған, итіміз бен тауықтарымызды бөлмелерге қуалап, үйімізге құлып салды. Шешем мен әйелін тұтқындап, абақтыға алып кетті. Күйеуі жайлы өзінің шешесінен білгісі келген әйелін құшағында емізулі баласы болса да үйіне жібермейді. Әжеміз бен үлкен апам Гүлрайды көшеге қуып шығарып тастап, бізді, балаларды “Детский приемникте” ұстап, содан кейін “Қамысбұлақ” балалар үйіне тапсырды. Осы кезде үлкен апам Москвадағы Жоғарғы Кеңеске екіқабат шешемді тұтқындағаны жайлы жазып жіберген еді. Бірнеше күннен кейін Калининнің қолымен шешемді босатсын деген телеграмма келді.
Шешем автостанцияның қарама-қарсысындағы жауапты қызметкерлердің әйелдерімен бірге абақтыда отырды. Детприемник пен балалар үйінде халық жауларының барлық балалары жиналған. Балалар үйіндегі жағдай адам төзгісіз еді, тозығы жеткен ескі матрастарынан боқтың сасық иісі шығады. Лас үйде, түйемен тасып әкеліп, тек қара нан береді. Бізді балалар үйіне жүк таситын машинаға тиеп әкелді.
Шешемді босатқан бірнеше күннен кейін бізді үйімізге жіберді. Бірақ бізді ол үйден де қуып шықты. Шешем ескі қаладан өзбектердің жеке құлағалы тұрған пәтерін жалдауға мәжбүр болды. Өйткені, басқа үйлерге бізді балаларың көп деп алмады, әрі қымбат, пәтер ақысын төлей алмайтын болдық. Тұтқыннан босағаннан кейін шешем жұмыс орнынан есеп айырысуына 35 сом алды, басқа еш жерден ақша алуға мүмкіндік болмады. Шешем күнде НКВД-ның тергеушісі Диханбаевқа жауап алуға 8 ай бойы барып жүрді, ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алып алған. Тіпті, 1938 жылғы 23 наурызда қызы Флораны туғанда тууы туралы куәлік алуға төлқұжатын да бермей қойды.
Әкеміз жайлы білгіміз келіп, қаншама ізденгенде, НКВД-дағылар, ол 58-ші бап бойынша он жылға сотталған, оның ешкіммен хабарласуға құқы жоқ дейді, ал, қайда екенін айтпайды.
Мұнан әрі Райхан өз естелігінде “халық жауының” отбасы ретінде небір қиындықты, азапты күндерді бастан кешіргендерін жазыпты.
...Ленин атындағы мектепте оқитын ағасы мен апасын оқудан қуып жіберген. Ұлы Отан соғысы басталғанда Гүлрай медбикелік курсты бітіріп, өз еркімен майданға кетуге жазылса, алмаған, әкесіне байланысты болу керек. Шешесі мен әжесі майданға ішкиімдер тіккен. Райханның өзі мектепке барып, оқуды бастаған, ол кезде “халық жауының” қызы екендігін ешкім білмеген.
1943 жылы апасы педтехникумды бітірген соң Ленгер ауданының Кеңес-Арық колхозына мұғалім болып жұмыс істеуге жібереді. Бұған дейін күнкөріс үшін үйдегі бар заттарын, тіпті аса құнды кітаптарын да сатып жібергендіктен, енді қалған тігін машинасын сатып, басқа қалған-құтқандарын жинастырған. Сөйтіп, барлық отбасындағылар колхозға жаяу жеткен. Өйткені, олар өздерін ешкім білмейтін жаққа барғысы келген. Бірақ мұнда да ауылдық Кеңестің төрағасы бұлардың әкесін білетін болып шыққанда жаман қорыққан. Бұларға колхоз бөлген екі бөлмелі үйде жеті адам тұрыпты. Шешесі мемлекеттік салыққа жұмыртқа жинаушы болып жұмысқа орналасып, Райханның өзі он үш жаста екен, колхоз төрағасының баласын баққан, ағасы Еркін мен апасы әр жерде қол жұмысын істеген.
Колхоз бұлардың отбасына айына 30 килограмм ұн береді екен. Жетпегендіктен тамаққа қыс бойы киім-кешек, жастықтарына дейін ауыстырып, көктемге дейін ештеңелері қалмаған. Әжесі аштықтан өліп, ал, шешесі төсектен тұра алмай, жатып қалған соң, апасы салықтан жинаған 100 жұмыртқамен қоректендіруге мәжбүр болған. Алайда, жазылғаннан кейін оны төлеуге ақшалары болмағандықтан шешесін абақтыға отырғызбақ болғанда апасы тағы да Жоғарғы Кеңеске жазып, онан Калининнің қолымен “жұмыртқаны шығынға есептен шығаруға, отбасына көмектесуге” деген телеграмма келген. Осыдан кейін колхоз бұлардың отбасына күніне 8 литрден сүт беріп тұрған. Осы көмектің арқасында, әйтеуір өлмей қалған.
Бұлар мұнан әрі колхозда қалуға қорқып, көктемде барлық отбасымен жаяу Ленгерге кеткен. Онда ағасы Еркін мен апасы ФЗО-да оқып, бар болғаны 14-15 жасында шахтаға жұмысқа орналасқан. Райхан киер киімі болмағандықтан бір жыл оқи алмаған. 1944 жылы қалалық атқару комитеті көмектесіп, қап тігетін кенеп мата беріп, сонан көйлек тіктіріп киіп оқуға баруға мүмкіндік туған. 1946 жылы апасы Клара түнде шахтадағы жұмыстан қайтып келе жатқанда пойыздың астына түсіп, екі аяғынан айырылып, төрт жылдан соң, 23 жасында қайтыс болған. Ал, үлкен апасы Гүлрай жарық жоқ болғандықтан түнде керосин шамды жағамын деп жүріп өртеніп өлген. Ол кезде 26 жаста екен. Райханның өзі мектеп бітіргеннен кейін институтқа түсіп, оқыған кезде шахтада жұмыс істеп жүрген ағасы Еркін көмектесіп тұрған...
Мұнан әрі Райхан Сталин қайтыс болып, Хрущев “халық жауларын” ақтау мәселесін көтерген кезді пайдаланып, 1957 жылы Алматы қаласындағы НКВД-ға жазып, әкесін ақтату жолына кіріседі. Оның әкесі 1945 жылдың 26 ақпанында жүрек талмасынан қайтыс болды деп хабарлайды. Бірақ, Райхан оған сенбейді. Өзінше 1945 жылы болса әкемді соғысқа жіберіп, майданда өлген ғой деп ойлайды.
ССРО Коммунистік партиясының ХХ съезінен кейін мұрағаттарға (архив) баруға жол ашылады. Райхан әкесінің дерегiн бiлу үшiн бармаған жерi, жазбаған жері қалмайды. Ақыры, 1958 жылдың 18 сәуірінде ССРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясынан әкең өлгеннен кейін ақталды деген анықтама жібереді. Мұнан әрі Райхан енді әкесінің атқарған қызметін зерттеумен айналысады. Москвадағы Марксизм-Ленинизм негіздері институтынан, Қазалыдан, Шымкент облыстық Кеңес атқару комитетінен мұрағаттық құжаттар, әкесінің өз қолымен жазылған өмірбаянын тауып алады.
Осылайша Қазмұхамед Күлетовтің қызы Райхан әкесінің жоғары лауазымды жұмыстарда болып, халқына, еліне адал қызмет еткеніне, “халық жауы” деген жазықсыз жабылған жаламен абақтыға қамалып, жантүршігерлік азапта қорлық көргенін, 1938 жылдың 26 ақпанында ату жазасына кесуге үкім шығып, бұл үкім сол күні орындалғанын, Қазақстанның 37 көрнекті саяси және қоғам қайраткерлерімен бірге атып өлтірілгенін, ол тізімде әкесі Қ.Күлетовтің 20-шы болып тұрғанын анықтайды.
Мектептің өлкетану мұражайындағы өз қолымен жазылған бұл естелікті Райхан 2000 жылдың 7 ақпанында мектепке келгенде, басқа да әкесі туралы құнды құжаттардың көшірмесін, бірнеше фотосуреттермен бірге тапсырған екен. Шымкент қаласында тұратын Райханмен бірге Қазмұхамедтің қызы Флора, немересі Роллан келіп, бәрі мұражайда болып, мектеп ішіне қойылған әкесінің ескерткіш-бюстін көріп, оқушылармен кездесіп, әкесі туралы өздері білетін естеліктерін тебірене көздеріне жас алып тұрып айтып беріпті.


Жазықсызға жала, жұмбақ жаза

1935 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қазіргі Қызылорда, Жамбыл облыстары болған. Осы уақыттағы голощекиндік билік кезінде Қазмұхамед Күлетов партия қызметіне ауысқан. Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болған.
Қазмұхамед Күлетов Голощекиннің зобалаңына, әсіресе шаруаларды тәркілеп, мал-мүлкін тартып алу, сөйтіп, өздерін жер аудару сияқты солақай саясатына қарсы болған үн көтерушілердің бірі болды. Шаруаның жеке малын тартып алу – халықты ашаршылыққа ұшыратудың бірден бір жолы екенін талай рет жиындарда ашық жария еткен. Әрине, оның бұл әрекеті Голощекинге, оның шабармандарына, әсіресе, ОГПУ, НКВД органдарына ұнамады.
Күлетовті 1937 жылы 1 шілдеде жоғарыдан берілген «құпия» нұсқауға сәйкес НКВД-ның жендеттері келіп, жұмыс кабинетінде отырған жерінде тұтқындаған. Осылайша ол қамауға алынып, қырық жасында жазықсыздан-жазықсыз тергеушілердің неше түрлі ойдан шығарылған жаласынан азап көріп, өмір үшін күрескен зобалаңға тап болады.
Қазмұхамед Күлетов тұтқындалғанда әйелі Әсима 33 жаста, қыздары: Гүлрай 14 жаста, Клара 9-да, Райхан 7-де, ұлы Еркін 12 жаста екен.
Еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінен алынған Қазмұхамед Кәрібай¬ұлы Күлетовтің «қылмысын әшке-релейтін» тергеу жайлы кейбір құжаттарға көз салып, өткен XX ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары және елуінші жылдың бастапқы кезеңінде қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандар туралы шыққан «Аза» естелік кітабынан, профессор, ҚР гуманитарлық білім Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мү¬шесі Ж.Қ.Бодановтың «Тарих үкімі: жазықсыздар» кітабын оқығанымызда көп мәліметтерге қанықтық. Кейбiр мәлiметтердiң шатастырылғанына қара¬мастан жүйелеп көрсетуге тырыстық.
Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасының 3-бөлім бастығының орынбасары аға лейтенант Яковлев 1937 жылдың 29 маусымында жазған ақпарында «Қ.К.Күлетов «революцияға қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі» есебінде оның тапсырмасы бойынша контрреволюциялық жұмыс жүргізілгендіктен оны тұтқындап, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-статьясының 10, 11 баптары бойынша жауапқа тарту қажет деп есептеймін» деп атап көрсеткен. Прокурор оған сол күні-ақ келісім берген. Оны Алматыдағы НКВД бастығына хабарлайды.
Екінші құжат Күлетовті тұтқынға алу туралы қаулы. НКВД облыстық басқармасының бастығы капитан С.Ф.Пинталь оны 1 шілдеде бекітіпті. Мұндай шешім қабылдауға республикалық НКВД бастығы 2 рангалы комиссар Залин¬нің телеграф арқылы берген өкімі негіз болған.
Қазмұхамед Күлетовке РСФСР Қылмыстық Кодексінің атышулы 58 бабының 2,10 және 11 тармақтары бойынша «Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, Кеңес өкіметін құлату, Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкету мақсатын көздеген жауыздық топтың мүшелерінің бірі» деген жала жабылады. Шымкенттік тергеушілер қаншама азаптап, тергегенімен істің ақ-қарасын аша алмайды. Бұл жазықсыз жазалау еді. “Халық жаулары С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, І.Жансүгіров, Н.Төреқұловтардың құйыршығысың” деп те азаптайды, бірақ одан ештеңе өнбейді.
Қамауға алынғаннан кейін Қ.Күлетовтен екі-ақ рет хаттамалық жауап алынған. Қойылатын сұрақ: “Сіз ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның мүшесісіз бе?” Мақсат – қайткенмен де оған осыны мойындату.
Қазмұхамедке тағылған қаншама кінә, қылмыстық істердің ешқандай негізі жоқ, қолдан жасалған куәлердің сыртынан айтқандарын айғақ еткен. Олардың бәрі Күлетовтің өзі сияқты жазықсыз айып тағылған тұтқындар. Бірақ, бұлардың бірде-біреуі Күлетовпен бетпе-бет кездестірілмеген.
Ақыры ол Алматы қаласындағы түрмеге ауыстырылады. Қылмыстық істі кейінірек Алматы облыстық НКВД басқармасы өз өндірісіне алып, тергейді. Бұл қылмыстық істі тергеу 1938 жылдың 26 ақпанына дейін созылады. Қ.Күлетовті неше түрлі азапқа салып, зорлық-зомбылық үстінде “қылмысын мойындаймын” дегізіп, жендеттер күні бұрын әзірлеген құжатқа қол қойғызады. Осының негізінде “Күлетов Қазмұхамед Кәрібайұлы троцкистік топтың мүшесі, Кеңес өкіметін құлатқысы келген, Компартия басшыларының көзін жоюды мақсат еткен. Сол үшін ату керек” деген үкім шығарылған.
Күлетов Қазмұхамед Кәрібайұлы КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының 1938 жылғы көшпелі сессиясының үкімімен сол жылдың 26 ақпанында Алматы түрмесінде №11020 қылмыстық іс бойынша жазаланған 37 адамның бірі болып, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бейімбет Майлин, тағы басқа осындай жазықсыз абзал азаматтармен бiрге өлім оғын қарсы алған.
Осылайша жерлесіміз Қ.К.Күлетов жаппай қуғын-сүргін жылдарындағы жаламен қырық бір жасында өмірден өткен.
Арада 20 жыл өткеннен кейін, 1958 жылы 29 наурызда КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының анықтауы бойынша 1938 жылғы 26 ақпандағы Жоғарғы әскери соттың коллегиясының үкімі теріске шығарылып, ешбір қылмысы жоқ болғандықтан, Қазмұхамед Күлетов толығынан ақталған.

Мемлекет және қоғам қайраткері

Жерлесіміз халыққа адал қызметімен танылып, ел есінде қалған Қазмұхамед Күлетов – 1997 жылы 6 қазанда Қазалы ауданының №1 Қарашеңгел ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Алғашқы сауатын ауылдағы молдадан ашқан. Әкесі Күлетұлы Кәрібайдың алға қойған мақсатымен Қазалы қаласындағы үш жылдық туземдік орыс мектебін ойдағыдай бітірген.
1917 жылғы Қазан төңкерісі Қазмұхамед Күлетовтің өміріне үлкен өз¬геріс алып келеді. Ол 1918 жылы, 21 жасында Болшевиктер партиясының қатарына қабылданады. Сол жылы Қазалы уезі Арал қалалық өндірістік секциясында тіркеуші, кейін есепші болып жұмыс істеген. РКП (б) Қазалы комитетінің мұсылмандар секциясын басқарған. Осы жылдың тамыз айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ембі теміржол бекетінде теміржол бойының қауіпсіздігін қорғаған отрядта қатардағы жауынгер ретінде әскери борышын өтейді, кейін Арал қаласындағы жергілікті штабта қызмет атқарған. Осы кезде уездік партия конференциясына және уездік съезге делегат болып сайланған. Ал 1919-1920 жылдары Қазалы уездік қалалық партия комитетінің жетекшісі, Қазалы уезінің атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1921-1923 жылдары Ташкентте, Түркістанда жауапты сайланбалы қызметтерде, ал, 1923-1925 жылдары Түркістанның, Сырдария губкомының агитпром меңгерушісі, кейін Орта Азия мен Қазақстанның бөлінуіне байланыс¬ты Қырғыз (Қазақ) обкомы РКП (б)-ның бөлім меңгерушісі болып, Орынбор қаласында қызмет атқарған. Ол 1927-1928 жылдары Мәскеу қаласындағы 2 жылдық Жоғарғы құқықтану курсын (Высшие юридические курсы при НКО – РСФСР) бітірген соң, Орал, Петропавл қалаларында губерниялық прокуратурада губерниялық прокурор болған. 1930-1932 жылдары Қазақ АССР-ның бірінші Әділет халық комиссары (нарком юстиций КазАССР), 1932-1934 жылдары Қазақ АССР-ның Жоғарғы сотының төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазмұхамед Күлетов 1934 жылдың мамыр айынан бастап 1935 жылдың мау¬сым айына дейін Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық (ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына Жамбыл, Қызылорда облыстары кірген) тұтынушылар қоғамының төрағасы, тұтқынға алынғанға дейін 1936-1937 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған және Коммунистік партиясы облыстық комитетінің бюро мүшелігіне сайланған.
Қ.Күлетов қай қызметте болмасын өзіне тапсырылған жұмысты жан-жақты меңгеріп, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайларына ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде айтарлықтай істер тындырып, артында із қалдырған. Бір деректерге сүйенсек, Қазалы қаласында электростанция салдырып, тұрғындарға электр жарығын беруге бастамашы болып көмектескен. Оңтүстік Қазақстан облысында қызметте жүргенде ауылдық жерлерде, ауданда перзентхана, балалар бақшасын, кинотеатр, өкпе аурулары емханасын, “Қамысбұлақтан” балалар үйін, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Түркістан, Қаратас, Шаян, Бостандық, Мерке аудандарында мектеп салуға қаржы бөлдіріп, құрылысына өзі тікелей араласып, басы-қасында жүрген.


* * *

Қазалылықтар мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Кәрібайұлы Күлетовтің есімін әрдайым қастерлеп, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп келеді. Қазалы аудандық, облыстық ономастикалық комиссиялардың шешімдері негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 сәуірдегі №441 қаулысымен Қашақбай Пірімов ауылындағы №92 қазақ орта мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетовтің есімі берілді. Құмжиектік Сәулет Ықыласов, тағы басқа ағайын-туыстарының бастамасымен бүкіл тұрғындар болып қаржы жинап, мектепке Қ.Күлетовтің бюсті қойылды. Мектептің “Өлкетану” мұражайында оның өмірі мен қызметіне арналған арнайы фотосуреттермен безендірілген стенд бар.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
29 мамыр 2019 ж. 1 781 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930