Мұғалімнің бойынан мін іздеме, нұр ізде
Жастар жылына орай Әйтеке би кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектепте “Мұғалімнің бойынан мін іздеме, нұр ізде!” атты жас мамандарға арналған онкүндік өткізілді.
Тағылымды шарада мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары З.Искакова атапталықтың мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Онкүндіктің алғашқы күнінде Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында білімді ұрпақ тәрбиелеу негізінде “Білімнің салтанат құруы” атты арнайы бөлімінің ерекшеліктері кеңінен насихатталды. “Кітап – шебер ұстаз, тілсіз мұғалім” тақырыбында дефектолог Ә.Пірімбетова көркем әдебиеттен түрлі тақырып бойынша оқу өткізді. Сонымен қатар білім ордасының психологы Т.Елубайқызы “Жас келсе – іске” тақырыбында тренинг ұйымдастырды. Мектептің алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Қ.Жаңабаевтың жоғарғы сынып оқушылары арасындағы “Шынықсаң, шымыр боласың!” атты жас мергендер сайысында шәкірттер шеберліктерін сынға салды.
Жас мамандар онкүндігінің әр күні өзіндік ерекшелігімен баурады. Мәселен оқушыларды “Білім күні”, “Мамандығым – мақтанышым”, “Көңілді кездесу”, “Жаңашылдық, іздену мен үйрену”, “Оқушы, ата-ана және мен”, “Жастардағы жаңалық”, “Әдістемелік көмек”, “Денсаулық және спорт” бөлімдері бойынша ұйымдастырылған шаралар айрықша әсерге бөледі.
Онкүндік аясында Ж.Өтеналиева, С.Өтебаев, Г.Қуанышева, Г.Өтепова, А.Шәлтікова, Ә.Оспанова, Ф.Алимова, Ә.Әбілтай және басқа пән мұғалімдері ерекше көзге түсті.
Гүлнар ПІРІМЖАРОВА