Қазақстанда жыл сайынғы шегірткемен күрес жұмыстары басталды
Фото: freepik.comҚазақстанда биыл шегірткеге қарсы 2,2 миллион гектар егіс алқабын өңдеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, көрші мемлекеттерде шегірткенің таралу қаупі шамамен 1,2 миллион гектар аумаққа болжанып отыр.
“Барлық көрші елмен бірлескен іс-қимыл алгоритмі қарастырылған. Қазір шекарадағы маңызды учаскелерде мониторинг жүріп жатыр. Егер шегіртке ошақтары анықталса, тиісті шаралар екі тараптан да қабылданады”, – деді вице-министр.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде химиялық өңдеу жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар Сұлтанов бұл жұмыстарға қажет қаржы толық қарастырылғанын айтты. Оған қоса керек техника, препараттар мен мамандар да дайын екен.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы шегірткемен күресу үшін 7 миллиард теңге бөлінетіні хабарланған еді.










