Ұлы мақсаттар айқындалған жыл
Отыз жылды кері шегерсек, тура тәуелсіздік туының алғаш желбіреген уақытына табан тірейміз. Бертін келе Қазақстан үшін маңызды әрі нақты шешімдер қабылданып, алға жылжудың сәтті жылдары басталады. Расында егемендіктен кейінгі елдің жағдайы қандай болды, нендей үлкен жетістіктер мен міндеттер атқарылды? Осыған орай әдеттегідей «Жылнамалар жаңғырығы» атты айдармен 1997 жылдағы ел болып жұмыла атқарған басты шараларға, алаш ұлы бірге бағындырған асуларға тоқталамыз.
Президент берген пәрмен
Азаттық тарихында 1997 жылдың алар орны ерекше болды. Соның ішінде баса айтатыны осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялағаны болатын.
Бұл қанды оқиға туралы белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде былай деп жазады: «Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі – менің әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған қырық үш жасында қыршынынан қию айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болғандар жалғыз менің әкем бе екен, мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы отыз жетінші жылды ғана қамтымайды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1918-1922 жылдардағы жыланқысыр аштық.
1930-1933 жылдардағы коллективизация, қолдан жасалған этноцид, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары.
1937 жылғы Қазақстанға жер ауадарылған корейлерден басталған, тұтас халықтарды зорлық-зомбылықпен көшіру науқаны. Айта берсе таусылмайды. Осының бәрінде миллиондар қырылмағанда не болды? Өлгендерді қайтып тірілте алмайсың. Тым болмаса еске алудың өзі сауап. Келешекке сабақ. Осы тұрғыдан алғанда Президент Жарлығы иманды пәрмен болды. Жаңа Астанада қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш кім-кімді де ойлантады».
Дамудың даңғыл жолы
Жалпы 1997 жыл – егемендіктің алғашқы бесжылдығы аяқталып қана қоймай, Қазақстанның жаңа сападағы алғашқы секіріске бел буатын кезеңі. Бұның алдындағы 1996 жылы кеңес қирандысынан айтарлықтай жапа шеккен ұлттық экономика сәл-пәл қозғалыс алып, бойына қан жүгірткен, жыл соңында 0,5 проценттік өсім байқалған. Дәл осы жылы алдағы 30-40 жыл ішінде өндіруге мүмкіндік беретін елдегі мұнай қорының көлемі, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық бассейнінде шетелдік инвесторлар белсенділігі мұнайдан түсетін кірістің жылдан-жылға елеулі түрде өсетіні белгілі бола бастаған. Осылайша Президент Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, 1997 жылы «өртті сөндіру» кезеңі аяқталып, еліміздің он, жиырма және отыз жылдан кейін қандай болатынын көз алдымызға елестетерлік уақыт пайда болды. Уақытты кері шегерсек, сол кездің ресми дерегі мынаны көрсетеді.
1997 жылы Үкіметтің зейнетақы және бюджет ұйымдарына жалақы жөніндегі барлық қарызы өтелді. Сонымен қатар Республика бойынша орташа жалақы 26,8 процентке өсті. Осы жылдың басында елде 52 мыңнан астам шаруашылық кұрылымдары, оның ішінде 3960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2900 өндірістік кооператив және 44 мыңнан жоғары шаруақожалықтары жұмыс істеді. Және жекешелендіруді, әсіресе энергетика және өндіру салаларында жеделдете жүргізу жылы болды. Барлығы 5641 қозғалмайтын мүлік объектілері, 608 кәсіпорын акцияларының мемлекеттік пакеті жекешелендіріліп, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының нысандары мемлекет иелігінен алынды. Жекешелендірудің сатылған және сатып алынған нысандарынан түскен қаржы сомасы 54,5 миллиард теңге болды. Сөйтіп осы жылда экономикалық оңалудың ұшқыны байқалып, елдің жағдайы жақсара бастайтыны анық сезілді. Сыртқы саясатта Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен байланысты жандандырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға барын сала білді.
Ең ақыры елдің шикізаттық байлығының мол қоры анықталуы арқылы Ұлт Көшбасшысының болашақ дамуға серпін беретін ұзақмерзімді жоспары жарияланды.
1997 жылғы Президенттің халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. «Қазақстан – 2030» стратегиясы тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдік діттеген мақсат-мұраттарды орындауға деген үлкен құлшыныс болатын. Осы стратегия жарияланған жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштастыра ұсынып келеді. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды
Жалпы «Қазақстан стратегиясы – 2030» төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар – бірінші кезең, 2010-2020 жылдар – екінші кезең және 2020-2030 жылдар – үшінші кезең.
Арқа төсіне ауысқан Астана
Қазақ халқы үшін осы жылдағы басты жаңалық ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулы қабылданғаны. Қазақстанның Мемлекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Бұл қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай қанатын қомдаған жылдардың бірі еді.
Нақтыласақ, 20 қазанда Елбасы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын.
«Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар – Анкара мен Стамбұл, Мәскеу мен Санк-Петербург, Карачи мен Исламабад, Рио-де-Жанейро мен Бразилия, Мельбурн мен Камберра, Оттава мен Торонто, Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.
Артынша Қазақстан Республикасының Астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді. Осыған байланысты Ақмола қаласының орталық алаңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Осы сәттен бастап Елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.
Орталық алаңда жиналған жұртшылық алдында Президент сөз сөйлеп: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деді.
Келешек үшін келелі келісімшарттар
1997 жылдың тәуелсіз елдегі ішкі дүние осылай болса, халықаралық аренада Қазақстанға қатысы бар шаралар да бірінен соң бірі өтіп жатты. Мәселен, жыл басында Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш елдің Мемлекетаралық Кеңесі шеңберінде кездесті. Жиын соңынан үш елдің арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға болды. Өйткені Жоғарғы мәртебелі Президенттердің қолы қойылған бұл құжат Түркістан аталатын тарихи кеңістіктегі көне замандардан келе жатқан іргелі дәстүрдің қайта жаңғыруы болатын. Ол жөнінде Н.Ә.Назарбаев: «Төрт жүз жылдай бұрын қазіргі қазақ, қырғыз, өзбек ұлттары бір халық болып өмір сүрген. Тарих талқысы үшке бөліп жіберген біз енді Кіндік Азия қойнауында қайтадан жаңа мазмұндағы қатынас түзіп жатырмыз», – деп дәл көрсетіп айтты.
Сол жылы 14 қаңтарда Президент Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы О.Озарды қабылдады. Кездесу барысында құрылыс және телекоммуникациялық жүйелер мен көліктік қатынастарды жетілдіру салаларында Қазақстан мен ЭЫҰ-ның ынтымақтастығы мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ 22 ақпан күні Елбасы жұмыспен Қытай Халық Республикасына барды. Сапар барысында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен экономика, саяси және гуманитарлық салалардағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы жуырда ғана еңсесін тіктеген елдің ертеңіне алаңдап, әлемнің алпауыт елдерімен тығыз қарым қатынас орнатты. Бір жылдың өзінде 50-ге жуық елге сапар шегіп, нақты әрі келелі кездесулерге барды. Соның ішінде Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған Ортаазия мемлекет басшыларының саммиті өткенін баса айту керек. Ондағы әңгіме Аралды қорғау халықаралық қоры төңірегінде болды. Нәтижесінде бес мемлекет басшысы Алматы декларациясына қол қойды.
24 сәуірде Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары кездесіп, шекара аймағындағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімді біржақты етті. Сондай-ақ ел Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті Б.Ельцин Қазақстан – Ресей арақатынасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық принциптерін анықтайтын жаңа құжат дайындау туралы келісімге қол жеткізді.
Мұнан соң Қазақстан – Қытай шекарасында Достық стансасы маңындағы бірінші шекара белгісінің ресми ашылуы өтті. Артынша қыркүйек айында Қазақстанға ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Пэн келді. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара туралы, мұнай және газ саласындағы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы, Кен орындарын игеру және мұнай құбырлары жобалары туралы Бас келісімге қол қойылды.
Егемендік алған елдің ептеп аяққа тұруы сәтті басталды. Ел ертеңін ойлаған Елбасы кемел келешек үшін күрмеуі қиын мәселелерді шешті. Одан кейінгі Қазақстанның қандай жетістіктерге жеткенін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
А.БАҚЫТҰЛЫ