Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 1992 жыл: Тарих толқынында

1992 жыл: Тарих толқынында

Құрметті оқырман, отыз жылды кері шегерсек, тура тәуелсіздік туының алғаш желбіреген уақытына табан тірейміз. Одан бергі жылдарда Қазақстан үшін маңызды әрі нақты шешімдер қабылданып, алға жылжу басталды. Шынтуайтында тәуелсіздік алғаннан кейін елдің жағдайы қандай болды, нендей жетістіктер мен міндеттер атқарылды? Осыған орай аудандық «Қазалы» газеті «Жылнама жаңғырығы» атты айдар ашып, 30 жыл бойы ел болып жұмыла атқарған ­басты шараларға, бағындырған асуларға шолу жасайды. Айтпақшы, газеттің өткен санында «Азаттықтың алғашқы адымдары» мақаласы жарық көріп, онда 1991 жылдағы ­басты жағдайлар кеңінен тарқатылған болатын. Ал бүгін 1992 жылдың айтулы оқиғаларын айтамыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы 1992 жылының ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені күні кеше өз егемендігін жариялап үлгерген Қазақ елі дербестігін танытып, тұтастығын да сақтап қалуы үшін барын салуға тура келді. Азаттық жарияланғаннан кейінгі осы бір жылдың ауқымында Қазақстан бағындырған биік, түрлі саяси шешімдер, халықаралық аренадағы өзіндік беделін анықтау, айқындау барысы, өзге елдермен қарым-қатынас шеңберін межелеу кезеңі үсті-үстіне қабаттасып жатты.
1992 жыл – Тәуелсіз елдің Президенті ретіндегі Елбасының алғашқы шетелге сапарлары, мемлекеттің қаржысын жасақтау қадамдары, өз алтынымыз бен алмасымызды өндіруге кірісу, Еуропаның кез-келген елімен тереземіздің тең екенін білдіретін ЕҚЫҰ-ға, содан соң әлемдік БҰҰ-ға, ЮНЕСКО-ға мүше болу, Тәуелсіз елдің Ұланы мен Қорғаныс министрлігінің құрылуы, өзге елдердің Қазақстандағы елшіліктерінің ашылуымен басталды. Осы жылы көк аспанда желбіреген Көк туымызды көтердік, Елтаңбаны таңбалап, Әнұранды әуелеттік. Ұлттың басына түскен тағдыр талайымен табанын тоздырып, тарыдай шашыраған қазақтың басын тәуелсіз елдің төрінде қосып, баба дәстүрімен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын Алматыда өткіздік. Тәуелсіз ел екенімізді сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу үшін де, түрлі қиындықтарға қарсы тұруға тура келген жыл да осы – 1992 жыл! Ақырында Қазақтың ортақ баспанасы – Қазақстанның іргетасы сапалы қалануына да дәл осы жылдың бергені мол болғаны айқын көрінеді.

Жыл басындағы жаңалықтар
Елдің егемендіктен кейінгі екінші жылы жаман басталған жоқ. Себебі жаңа жылда мемлекет үшін жағымды жаңалықтар көп болды. Мәселен, 2 қаңтарда Норвегия Корольдігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады. Артынша Қазақстан мен Қытай елшілер деңгейінде ресми дипломатиялық қатынастар орнатылды. Көп ұзамай Қазақстан Президентінің «Республикадағы бағаны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Әлі де рубль аймағында қалып қойғандықтан бұл шара ресей заңнамасына сәйкес жүргізілді. Өйткені осының алдында ғана Ресей бағаны бетімен жіберіп, соның нәтижесінде жаппай дефицит жағдайында тауарларды сауда орындары арқылы кепілдендіре тарату енгізілді.
Осыдан соң ҚР-ның Алтын мен алмас қоры құрылды. Бұл туралы сол кезде «Жас Алаш» газеті 10 қаңтар күні №7 санында «Енді меншікті өз алтынымыз бар» атты мақала жариялады. Онда: «Алматыда қаңтардың 7-сінде кешке Қазақтың ұлттық банкінде ерекше де, жан тебірентерлік оқиға болды. Республиканың тарихында тұңғыш рет Қазақстанның егемендігіне және Президенттің Республиканың алтын мен алмас қорын құру туралы Жарлығына сәйкес оның жер қойнауынан алынған асыл металдар өзінің игілігіне айналады.
«Қаззолото» өндірістік бірлестігінің бас директоры М.А.Мұртазаев Президент Н.Ә.Назарбаевқа Қазақстан кенінен балқытылған алтын мен күмістің тұңғыш кесегін табыс етті. Осы асыл металдардың құймасы Мәскеу түбіндегі зауыттарда өңделген соң республикаға қайтып оралып отыр. Бұдан былай елде өндірілетін барлық асыл металл, енді халқының игілігіне айналады», – деп жазылған.
Осы айдың 10 қаңтар күні «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» ҚР-сы Президентінің Жарлығы қабылданып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің ішкі істер әскері құрылды. Көп ұзамай 14 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру ерекшеліктері туралы» Заңына қол қойды. Ертесіне «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Жоғарыда сөз еткендей алтын қоры құрылғаннан кейін осы айдың соңында, яғни 27 қаңтар күні Қазақстанда сынамасы ең жоғары, салмағы 10,5 келілік алғашқы алтын кесегі өндірілді. Ай соңында Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше болды. Осы ретте айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып 56 мүше елді біріктірген мемлекетаралық беделді ұйымға 2010 жылы төрағалық ету мүмкіндігіне иеленді. ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті ұйымдастырылып, оның нәтижесінде қорытынды құжат – Астана декларациясы қабылданды.
Алғашқы ай артта қалды. Қытымыр қыстың соңғы айы сәтті басталды. 3 ақпан күні Алматыда Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Бұл – республикамыздағы шет мемлекеттердің тұңғыш елшілігі болатын.
Сонымен қатар 1992 жылдың 18 ақпанында Қазақстан балаларының мейірімділік қоры «Бөбек» дүниеге келді. Кейін 21-22 ақпанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Үндістанға ресми сапармен барды. Онда Үндістан Президенті Нарасвами Венкатараманмен, Премьер-министрі Нарасимха Раомен кездесті. Қазақстан ­Республикасы мен Үндістан Республикасының арасындағы мемлекетаралық қатынастардың негізгі принциптері мен бағыттары туралы Декларацияға, дипломатиялық қатынастар орнату туралы хаттамаға, сауда-экономикалық қатынастар, ғылым мен технологиялар саласындағы, мәдениет, өнер, білім, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт саласындағы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Осының нәтижесінде осы жылы мамырда Алматыда Үндістан Республикасының елшілігі ашылды. Ай соңында, яғни төрт жылда бір келетін 29 ақпан күні ҚР Әділет министрлігі Қазақстанның «Азат» республикалық партиясын тіркеді.

Көктемдегі маңызды күндер
Тұғырлы тәуелсіздік жолында бір жылдың, тіпті бір айдың ішінде маңызды мәселелер қаралып, қажетті құжаттарға қол қойылып, түрлі заңдар қабылданды. Дегенмен енді ғана егемедік алған ел үшін мұның өзі аздық етеді. 2 наурыз күні Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Осылайша Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесінде дербес субъект ретінде әлем елдерімен ықпалдасуы басталды. Ал 1991-1994 жылдар аралығында әлемнің 111 елі Қазақстанды таныса, 92 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
Көктемнің жылы күндерінде жылы жаңалықтар аз болмады. Соның бірі – 16 наурызда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы құрылғаны.
Иә, бастапқы үш айды артқа тастадық. Алас-қапас басылмады. Маңызды құжаттарға қол қою жалғасын табуда. Сәтті сәуір айының 21-ші жұлдызында ел Президенті Н.Назарбаевқа елшілер корпусының өкілі тұңғыш рет сенім грамотасын тапсырды. Ал бұл дипломатиялық практика үшін міндетті процедураны Алматыда Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Арғын Өзпай ашты. Сондай-ақ 29 сәуірде Түркияның Премьер-министрі Сүлеймен Демирел Алматыға аяқ басты. Сол күні Түркияның Қазақстандағы елшілігі ресми түрде ашылды.
7 мамырда ҚР Президентінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс Комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы Жарлығы шықты. Сонымен қатар 15 мамырда ТМД-ның алты мемлекеті (Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды.
Мұнан соң 17 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барды. Артынша 22 мамыр күні Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданды. Міне, осындай қуанышты жаңалықтар легі жалғасын тауып, ел одан әрі қанаттын кеңге жая түсті.
1992 жылы 22 мамырда Н.Ә.Назарбаев және бірқатар елдің мемлекет басшылары Стратегиялық шабуыл қару-жарағы туралы зымырандық-ядролық қаруды таратпау және бірте-бірте бөлшектеп, шығарып тастау туралы Лиссабон хаттамасына ядролық қарудан арылу міндеттемесін алды. Қазақстан өз аумағын ядролық қарусыз аймақ деп жариялады.

Жыл ортасындағы жағымды оқиға
Бұл жылдың маусым айының төртінші жұлдызындағы маңызды жаңалық Парламент отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны қабылдануы. Осы маңызды шарада Н.Ә.Назарбаевтың Парламент отырысында: «Біз бүгін аса маңызды тарихи оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Бәріміз асыға, сарғая күткен күн енді тарих жылнамасына енетін болады. Міне, жаңарған Жалауы, Елтаңбасы, Әнұраны бар ел болдық. Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Жалауын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Қуанышымыз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!», – деген болатын.
Қазірде халық елдегі орыс атаулы қалалардың қазақшаға аударылуын қатты талап етіп жатқанын қалың қазақ білетін болар. Сол сынды қалалар ол уақытта да болды. Олар осы жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысына орай Орал облысы – Батыс Қазақстан облысы, Целиноград облысы – Ақмола облысы, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы болып өзгертілді. Одан соң жаздың соңғы айының 19 тамызында ҚР-сы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болды. Сосын 25 тамызда ел Президентінің «Әскери ант туралы» Жарлығы шықты.

Тұңғыш құрылған құрылтай
28 қыркүйек – 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтті. Сонымен қатар 2 қазан күні ТМД-дағы жаңа тұңғыш жоғарғы оқу орны – Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты ашылды. Мұнан соң 28 қазанда Түркияда тұңғыш рет республиканың дипломатиялық өкілдігі – Қазақстан елшілігі ресми түрде ашылды. Ал қарашада айының соңғы күндері ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды.
Осы жылдың 11 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының мәтіні қабылданса, 13 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының форумы өтті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1992 жылдағы жағымды жаңалықтар легі осындай. Еңсемізді тіктеп, айналамызға анық қарай бастаған сәттен есте қалатын ерекше күндерден білеріміз осы. Ал газеттің келесі санында 1993 жылы Қазақстанның қандай жетістікке жетіп, нендей қиын күндерді артқа қалдырғанын бөлісетін боламыз. Жіберіп алмаңыз!

Абзал ЖОЛТЕРЕК

02 ақпан 2021 ж. 5 333 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930