Білек күші бәсекеге түсті
Жақында Қазалыда Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Талғатбек Қожамжаровтың жүлдесіне арналған грек-рим күресінен 2010-2011 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.
Тартысты турнирдің қонағы болып аудан әкімінің орынбасары Д.Тілеумбетов пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Жәмшейтов және аудан спортының дамуына зор үлес қосып жүрген Қуанғанған Бәкенов сынды азаматтар келді.
Сонымен қатар сайыстың ашылу салтанатында сөз алып, Талғатбек Төлегенұлының ауданымыздың және еліміздің спорт саласының дамуына қосқан үлесі жоғары екенін атап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Халықаралық дәрежеде кез келген елдің екі жағдайда туы көкке көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Оның бірі Мемлекет басшысы өзге елге ресми сапармен барғанда, екіншісі спорттық жарыстарда спортшысы жеңіске жеткенде. Демек, жоғарыдағыдай құрмет тәуелсіз ел екеніңді мойындағанда, сосын мықтылығыңды дәлелдегенде ғана көрсетіледі.
Осындай ел абыройын арқалап, талай чемпиондарды дайындау арқылы елдің туын аспандатып, өз саласында тәуелсіз мемлекет екенімізді көпке дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі Талғатбек Қожамжаров ағамыз.
Бүгін міне Талғатбек ағамыздың мерейін үстем етіп, жүлдесіне арналған балуандар бәсекесіне келіп отырмыз. Барша балуандарға сәттілік тілеймін, – дейді Д.Тлеумбетов.
Турнирде қазалылықтармен қатар Ақтөбе қаласы, Шалқар ауданы, Арал қаласы, Сексеуіл кенті, Қызылорда қаласынан келген 150-ден астам балуандар бақ сынап жатыр.
Балуандар бозкілемде 10 түрлі салмақ бойынша бәсекеге түсті.
Нәтижесінде, жалпы жиынтық есептен Қазалы ауданы басып озып, бірінші орынды иеленді. Онан кейін екінші орынға Шалқар қаласы жайғасса, үшінші орыннан Сексеуіл ауданы көрінді.
С.ӘЛИҰЛЫ