Батыр атындағы бәсеке
Жеңіс күні қарсаңында Қазалы ауданында Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевқа арналған грек-рим күресінен 2005-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Турнирге Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалалары мен Шалқар, Арал, Қазалы аудандарынан 160 балуан қатысты.
Республикалық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірін бүгінгі буын санасына сіңіруде мұндай жарыстардың маңыздылығын атап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен байрақты бәсекеде балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ү.Түктібаевтың туған-туыстары медальдармен марапаттап, естелік сыйлықтарды тарту етті.
Сондай-ақ, Кеңес Одағы батырының ұрпақтары дәл осы күні спорт мектебінде ел үшін кеудесін оққа тосып, майдан даласында ерлік істерімен көзге түскен Үрмәш Түктібаевтың рухына арнап ас беріп, дастарқан жайды.
Ж.СОВЕТҰЛЫ