Қоржын құр қайтты
Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода мәресіне жетті. Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада 109 медаль сарапқа салынған. Әлемнің алпауыт елдері қатысқан бәйгеде 91 елдің 29-ы жүлдегер атанды. Ал Қазақстан қоржыны құр қайтқан 62 елдің қатарына қосылды. Бұл жағдай соңғы рет 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен ойындарда орын алып еді. Ендеше төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәйгесін көк жәшіктен тамашалап үлгермегендер үшін додадағы тіркелген мәліметтерге қысқаша тоқталып өтейік.
Норвегия мемлекеті қысқы Олимпиадада 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль алып, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Бұрын бір ел мұнша алтын иеленбеген. Норвегтер бір миллиардтан аса халқы бар және осы жарысты өткізуге миллиардтаған қаржы жұмсаған Қытайды, спорт державасы саналатын АҚШ пен Ресейді артқа тастады.
Екінші орынға Германия жайғасты. Қателеспесек немістер бұған дейін Оңтүстік Корея жерінде өткен ақ Олимпиадада да екінші орыннан көрінген еді. Үздік үштікті жарыс қожайындары Қытай құрамасы түйіндеді. Ал АҚШ, Швеция, Нидерланды құрамасы 4,5,6-орындарға жайғасты.
Қазақстан 58-орынды қанағат тұтты. Естеріңізде болса, 2006 жылғы жағдайдан кейін 2010 жылы Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы Денис Тен қола және 2018 жылы Юлия Галышева қола медаль алған еді. Пхенчханда Галышеваның 1 қоласымен 28-орынға тұрақтағанбыз. Бейжіңде ол жетістігімізді жақсартпақ түгілі қайталай да алмадық. Қытайда бақ сынаған команда құрамында 34 спортшымыз спорттың 8 спорт түрінен жарыс жолына шықты. Ешқайсысы жүлдеге жетпеді. Дегенмен жүлделі орынға бір табан жақындаған спортшылар болды. Команда сапындағы ең жоғары нәтижені шорт-трекші Абзал Әжіғалиев тіркеді. Ол 500 метрге жарысуда төртінші орын алды. Осы жетістігі үшін спортшыға 30 000 доллар сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ Абзал мен аралас эстафетаға қатысқан Яна Хан, Ольга Тихонова және Денис Никиша бесінші орын үшін 10 000 доллардан алады. Сонымен бірге командалық спорт түрлері бойынша табысты өнер көрсеткені үшін команданың үш жаттықтырушысы бірдей мөлшерде сыйақы алады. Қаражат Қазақстан Республикасы мемлекеттік резервінен төленеді.
Әуелде үшінші орын да еншімізге тимейтінін спорт сарапшылары алдын ала болжаған. Өйткені жазғы Токио Олимпиадасында қоланы қанағат тұтқан елдің қысқы спорт түрінен жүлдеге таласарына көпшілік сене қоймады.
– Бізде қысқы спортпен айналысу қарапайым қазақстандық үшін тым қымбат. «Спортмастер» дүкендерінде қысқы спорт құралдарының құны аспандап тұр. Одан бөлек елімізде лайықты спорт кешендері жетіспейтіні тағы бар. Тапқан күннің өзінде сол спорт кешеніне бару үшін қаржы жағына келіп тіреледі. Басқасын былай қойғанда, ұлттық құрама мүшелерінің өзі елордадағы Алау мұз айдынына кіре алмайтынын бірнеше рет айтқан. Олар тым қымбат. Осының барлығы бізде қысқы спортты дамытпай отыр, – дейді спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.
Кейінгі екі Олимпиададағы нәтижеміз өте төмен. Бейжіңде спортшыларымыз спорттық доданың салтанатты ашылу рәсімінде киіп шыққан спорттық киімдерімен ғана мақтана алады. Мұнан өзге Қытайдағы жарысқа құраманы апаруға 228 миллион теңге, жалпы дайындыққа 400 миллион теңге кеткенін атап өткен жөн.
Қош, сонымен төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі тарих қойнауына кетті. Өкінішке қарай, Бейжіңнен Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты. Енді Италияда өтетін ХХV Олимпиада ойындарында нәтижемізді жақсартып, сәтті өнер көрсетуге осы бастан көңіл бөлсек екен.
А.БАҚЫТҰЛЫ