Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шынықсаң шымыр боларсың

Шынықсаң шымыр боларсың

“Денсаулық – зор байлық” дегендей, қай уақытта да халықтың саулығы тікелей елдің болашағына әсер етері даусыз. Бүгінде 82 жасты еңсерген қазалылық қария Аққоян Бердібайұлын көпшілік танитын болар. Жүрісі ширақ, сөзі нық қарттың өмірден түйгені көп. Кейінгілерге жаттығу жасап, ағзаны жақсартуға кеңес беруден жалыққан емес. Өйткені осы ермегінің арқасында өзін тың сезінеді. Ол бала кезден спортпен айналысып, жүгіргенді ұнатады. Соның арқасында жақында Оныншы мерейтойлық халықаралық Алматы марафонынан үшінші орынды иеленді. Бұл жерде онға жуық мемлекеттен барлығы 13000-дай спортшы қатысты.
– Бізде балалық кез қиындықпен өтті ғой. Ауыр жұмыс, азға қанағат етумен есейдік. Одан жаман болмадық. Әкем теміржолда таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істегендіктен оған тамақ тасу маған жүктелді. Бала болсам да Бекбауылдан Үлкенсайға дейін теміржол бойымен 20 шақырым жаяу қатынайтынмын. 5-сыныпта ересектермен қатар шпал аударып, ақша табатынмын. Кейін өзім де кәсіптік училищеде білім алып, 40 жыл машинист болдым. Қызметте жүріп те тән саулығына ерекше қарадым.
Қазір ардагерлер арасында ұйымдастырылатын қол күрес, шахмат, дойбы, мылтық ату спорт түрлерінен бақ сынаймын. Ал Алматы марафонына үзбей қатысып келемін, – дейді қария.
Оның айтуынша, аталған марафон Алматы қаласында жыл сайын сәуірдің соңғы жексенбісінде өтеді. Ол Орталық Азиядағы ең ауқымды спорттық шара болып саналады. 2013 жылдан бері марафон халықаралық AIMS қауымдастығына кірген. Алматы Марафоны трассасы AIMS және IAAF ережелеріне сай сертификатталып, “B” санатын алды. Дегенмен қашықтықтағы биіктіктердің түрленіп, IAAF талаптарына сай болмауына орай марафонда әлемдік рекордтар тіркелмейді.
2018 жылғы деректер бойынша ауқымды сайыс дәстүрлі және жартылай марафон, «спутник» жүгіру жарысы, скандинавиялық жүріс, балалар қашықтығы, Экиден корпоративтік эстафетасы болып бөлінген.
2017 жылға дейін әр қашықтықтағы ­жарыстар Тұңғыш Президент Саябағы мен «Нұрлы Тау» бизнес-орталығы жанында басталып келді. Мәре орны Алматы Орталық стадионы болатын.
2018 жылы трассаны сертификаттау мен бағдар өзгерді. Сөре мен мәре бірге Республика Алаңында орналасқан. Марафон кезінде Алматыда бірқатар көше жабылады.
2018 жылы марафон бағдары қала ішімен өтеді. Марафонға түрлі жеке ұйым мен Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп келеді.
«Алматы марафоны» ұйымдастырушысы «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры өзінің басты мақсаты ұлтты сауықтыруға атсалысу деп атайды. Оны жүзеге асыруда салауатты өмір салтын насихаттайтын бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу маңызды. Қор ең жоғары халықаралық стандарттарға сай адамдарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қызықтырады. Корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде қор мүмкіндігі шектеулі және даму ерекшеліктері бар балалардың белсенді өмір сүруге және физикалық жағынан дамуына көмектеседі. Осыған орай марафоннан түскен қаражат қажетті спорттық инфрақұрылым қалыптастыруға және қажетті медициналық көмек көрсетуге бағытталады. Бұл науқас адамдар үшін қаражат жиналатын алғашқы марафондардың біріне айналды. «Қайырымдылық марафоны – Бірінші болуға батылдық» атты осындай алғашқы марафон 2012 жылы 27 мамырда өтті. Оған алғашында 500 адам қатысуға өтініш бергенімен, қатысушылар саны 2500-ге жетті. Екінші Алматы марафоны 2013 жылы 20 сәуірде өтті. Оның аясында 5 мыңнан астам қатысушы сөреге шықты. Марафонды сәуірдің соңғы жексенбісінде өткізу дәстүрі бекітілді. Марафоннан түскен қаражат «Арди» оңалту орталығында церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға шағын акваторий салуға және емдік жүзу сабақтарын ұйымдастыруға бөлінді.
Үшінші Алматы марафоны 2014 жылы 26 сәуірде өтті. Марафонға қатысушылар саны 10 мыңнан асып, түскен қаражат онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларды емдеуге қаражат жинайтын «Милосердие» еріктілер қоғамына берілді. Astana Motors ­компаниясы марафонның бас серіктесі ретінде Алматы қаласының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтының онкология бөлімшесіне жедел жәрдем көлігін сыйлады. Төртінші марафон 2015 жылы 26 сәуірде өтіп, оған әлемнің 40 елінен келген 19 мың адам қатысты. «Алматы марафоны» ұйымдастырушылар түскен қаражатқа Алматы қаласындағы сөйлеу қабілеті өте нашар балаларға арналған арнайы оқу орны – №9 мектеп-интернатқа заманауи алаң тұрғызылды. 72 адам марафон жүлдегерлері атанды.
Мерейтойлық бесінші марафон 2016 жылы өтіп, 30 мыңдай адам қатысты. Бастапқыда 13 300 адам қатысуға тіркелген еді. Медальдар марафонның түрлі жас санатындағы жеңіпаздары мен жүлдегерлеріне, сонымен бірге өзге де қашықтықтарда жеңгендер мен жүлде алғандарға берілді.
VI Алматы марафоны 2017 жылы 23 сәуірде басталды. Рекордтық 42 елден 13 мыңнан астам адам ресми түрде тіркеліп, басты қашықтықтар саны алтыға дейін көбейтілді. Сөрелік жарнадан түскен қаражат 6 арнайы мекемедегі ауыр дертке шалдыққан 1500 баланы емдеуге жұмсалды.
Жетінші Алматы марафоны 2018 жылы 22 сәуірде жаңартылған бағдар бойынша өтті. Сөреге 14 мыңнан астам адам шықты.Сөрелік жарнадан түскен қаражатқа балаларға арналған үш арнайы мекемеде спорттық алаңдар салынып, спорттық жабдықтар сатып алыды. «Онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған «Мен сенімен біргемін» хосписі, Есік қаласында көру қабілетін нашар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат, интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернаты. Нысандар 2018 жылы қыркүйекте тапсырылады.
Тоғызыншы Алматы марафоны 2020 жылдың 19 сәуірінде өтуі тиіс еді. Бірақ 2020 жылдың 12 наурызында әлемде жаңа Covid-19 вирусының таралуына және ДДҰ жариялаған пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. Сөреде әлемнің түкпір-түкпірінен 18 мыңға жуық қатысушыны жинау жоспарланған болатын. Алматы марафонының кейінге қалдырылғанына қарамастан, 2019 жылдың соңында жарияланған қайырымдылық мақсаттар жоспар бойынша жүзеге асырылады.
Ал оныншы халықаралық мерейтойлық марафон осы жылдың қыркүйек айының соңында өткізілді. Мұнда жерлесіміз Аққоян Рсалиев «2879» электронды белгімен жас шамасына қарамастан 21,1 шақырым арақашықтықты еңсеріп, үшінші орынды қанжығасына байлады. Бұл көрсеткішке жету үшін ақсақал таңғы 5-те тұрып, Қазалы қаласы мен Сырдарияға дейін, ол жақтан Счастновқа кері қайтып, арасы 3 сағатты өткереді екен. Бұдан бөлек, үй жағдайында арнайы құралдармен жаттығуды әдетке айналдырған. Әрқайсысысы 12 келілік гір тасын 20-30 рет көтеруден алдына жан салмайды. Осылайша өзінің ерік-жігерін күнделікті жаниды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
12 қазан 2021 ж. 745 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930