Шынықсаң – шымыр боларсың
Спортпен тұрақты түрде айналысу салауатты өмір салтының көрінісі екені даусыз. Сонымен қатар ол адам денсаулығының мықты болуына, тез қартаюдың алдын алуға көп көмегін тигізеді. Бұдан бөлек қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып, көк туды көкте желбіретіп жүр.
Тұрғындарды бұқаралық спортпен айналысуға тарту, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жұмыстарына сәйкес аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде жыл басынан бері 140-қа жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде аудан спортшылары Азия чемпионатын жеңіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжалады. Қазіргі уақытта 3-еуі Қазақстан Республикасының спорт шебері атанса, 39 адам ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер тізіміне еніп, тағы 46 спортшы бірінші разряд нормативін орындады. Осы сәтке дейін қазалылық спортшылар аудан қоржынына 16 алтын, 21 күміс және 40-қа жуық қола медаль салып отыр.
Спортпен айналысып, додаларда топ жару үшін жас ерекшелігіне шектеу қойылмайтыны белгілі. Бүгінде кішкентайлардың көпшілігі футбол, күрес түрлері мен бокспен айналысады. Сондай-ақ жүгіру мен гір көтеруден алдына жан салмайтын қариялар да баршылық. Ал асқан ақылдылықты талап ететін тоғызқұмалақ ойыны ауданда үлкен қолдауға ие екенін айта кеткен дұрыс. Себебі бірнеше жергілікті спортшы ел біріншілігінің жүлдегері атанып, халықаралық сайыстардан жүлдемен оралып жүр. Жақында аудан құрамасы облыстық іріктеуден өтіп, ҚР Біріншілігіне жолдама жеңіп алды. ҚР чемпионатында гір көтеруден жеңімпаз атанған ардагер спортшылар да бар.
Бүгінде спортпен тұрақты айналысатын қазалылықтардың саны 21796 адамға жетіп, 28 проценттен асты. Бұл ретте “Әйтеке би спорт клубы” қоғамдық бірлестігінің еңбегі орасан. Себебі олар ауылдық округтерді спорт нұсқаушыларымен қамтып, халықты белсенді өмір салтын ұстануға тәрбиелеуде. Елді мекендердегі жалпы саны 5620 адамға бағыт-бағдар ұсыну үшін 29 нұсқаушы қарастырылған.
Мектеп оқушыларының қысқы демалысын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында баскетбол, волейбол, футбол, дойбы, шахмат, стол теннисі, тоғызқұмалақ пен қол добынан кластар арасында “Мектеп спорт лигасының” сайыстары жүйелі өткізіліп тұрады. Бұл балалардың спортты жанына серік етуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Дене шынықтыру ісіне тарту, спорттық сайыстарға қатыстыруда мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалған емес. “Мүгедектер қоғамы” ұйымымен бірлесе отырып, спорттың 5 түрінен спартакиада өткізіледі. Мұнда жеңіске жеткендер облыстық кезеңге жолдама алып, аймақ деңгейіндегі сайыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Өздерін еркін ұстауы үшін мекеме тарапынан берілетін тегін спорттық киімдер мен басқа да көмектер олардың жеңіске деген құлшынысын еселей түсері анық.
Футбол сайыстарын ұйымдастыру арқылы тұрғындардың денсаулығын жақсартып, аталған спорт түрін дамытуға болады. Бұл істі қолға алған аудандық футбол федерациясы көшелер мен мөлтек аудан жастары арасында “Бәріміз футболға” атты аудан біріншілігін үйлестірді. Бас бәйгеге аудан әкімінің ауыспалы кубогы тігілді. Ересектер арасында да чемпионат ұйымдастырылып, оған 12 команда қатысуда. Турнир жеңімпаздары демеушілер есебінен қаржылай, бағалы сыйлықтар иемденетін болады.
Қазіргі таңда аудандағы спорт нысандары саны жағынан көңіл көншітеді. Өйткені 2 стадион, 3 спорт кешені, және 33 жасанды футбол алаңдары тұрақты жұмыс жасайды. Әттеген-айы сол, тұрғындар кешкілік доп теуіп, дене шынықтыруы үшін жарықшамдар қарастырылмаған. Алдағы уақытта нысандарды түнгі уақытта пайдалануға жағдай жасалса, спортпен айналысушылардың алғыстан басқа айтары болмас еді.
Бұдан бөлек қыс мезгілінде де тұрғындар спорттан қол үзіп қалмас үшін Жалаңтөс баһадүр стадионында 20х40 метр көлемінде мұз айдыны жасалды. Күн суыта бастағаннан бұл жерде ондаған тұрғын коньки, шаңғы тебеді.
Аудандағы тиісті сала басшылығы алдағы уақытта мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде спорт секцияларын көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар кіші футбол алаңдарын кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстарына ден қоймақ. Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық стадионын қалыпқа келтіру үшін де облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жеңімпаз анықталуын күтуде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ