Пхенчхан-2018: Медальдық есепте көш бастап тұрған елдер

Жалпы есепте үздік бес мемлекеттің алдында Германия тұр. Неміс спортшыларының еншісінде 9 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль бар. Екінші орынға 6 «алтын», 8 «күміс» және 5 «қоламен» норвегиялықтар орналасып отыр. Ал 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медальдары бар Нидерланды құрамасы әзірге үшінші орында. АҚШ спортшылары төртінші келеді, олардың еншісінде 5 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар. ТОП-бестікті осы уақытқа дейін 4 «алтын», 5 «күміс» және 4 «қола» жеңіп алған Канада елі түйіндеп тұр.
Ал 21-орынға орналасып отырған Қазақстан құрамасында әзірге бір қола медаль бар. Жалғыз жүлдені ел қоржынына 11 ақпан күні фристайлшы Юлия Галышева салған болатын. Еске салайық, 9 ақпанда алауы тұтанған Ақ Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен ел намысын қорғап жатыр. Ал жалпы Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс 25 ақпанда аяқталады.
inform.kz