Ардагер аяқдопшылар жеңісі
«Спорт – салауаттылық кепілі» дегенді жиі қайталаймыз. Оған қоса, спорт адамның біріне-бірінің жақын араласып, бауырдай сыйласуына дәнекер де екен.
Бұған жуырда ғана Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ардагер футболшылардың арасында өткен республикалық турнир дәлел бола алады. Елдің бас қаласында өткен байрақты бәсекеге республиканың түкпір-түкпірінен 12 команда қатысуы жарыстың бәсі қаншалықты жоғары екенін аңғартады. «Мен атайын, сен тұра тұр» дейтіндей кіл мықтылардың арасынан суырылып алға шыққан қасиетті Қазалы перзенттері турнирдің күміс жүлдесін иеленіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Әрбір жетістіктің соңында телегей тер, ізденімпаздықпен қатар жеңіске деген жігер-сенім тұратыны дәлелдеуді қажет етпейтін ұғым.
Қазалылық ардагер аяқ доп шеберлері де осындай күйді бастан кешірді. Нұр-Сұлтандағы жеңіс тағы да сәттілікке жол ашты. Іле-шала Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда ұйымдастырылған Халықаралық турнирге Қырғыз, Ресей елінен, алаң иелерінің командаларынан басым түсіп, турнирдің алтын медалын еншілеп, жеңімпаз атанды. Ірі жетістік. Небір марғасқалардың алдында Қазалының перзенттерінің де ала допты ұршықтай үйіретінін дәлелдеген жерлестеріміздің алаңдағы өнері көрермендерін қуанышқа бөледі.
«Жақсының жақсылығын айт». Бұл жетістікке команда капитаны Әкімжан Әбішев, Бауыржан Ахантай, Толыбай Жүсіпов, Серік Тоқтаболатов, Нұрлан Қозыбаев, Байтақ Тұрсынбаев, Алмас Лепесов, тағы басқа да атпал азаматтар зор үлестерін қосты. Шеберлігімен дүйім қауымды тамсандырған ойыншылардың тізімін жалғастырсақ нар көтере алмас жүк болар еді.
Орайы түскенде Қазалының түлектерінен жасақталған ардагер футболшылардың есімдері мен команда жайлы аз-кем дерек келтіре кетсем.
2008 жылы Қазыналы Қазалының перзенті Бауыржан Ахантай салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Достар» қорын құрған болатын. Игілікті істі өзге өңірлерде тұратын басқа да жерлестер қызу құптады. Осылайша Қазалы түлектерінен арнайы спорт командасы жасақталып, бәсі биік бәсекелерде бақтарын сынаған. Сонан бері қас-қағымда біршама уақыт өтті. Осы аралықта олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қызылордада спартакиада ұйымдастырып, көрермендер ілтипатына бөленді. Атағы көпке мәлім «Қайрат» футбол командасымен, Ресей, Қырғыз елінің аяқдопшылармен жолдастық кездесу өткізді. Ағымдағы жылдың өзінде ардагер футболшылар Байқоңыр, Тараз, Нұр-Сұлтан, Алматыдағы ірі жарыстарға қатысты.
Ардагер аяқдопшылардың алған асуы спорт деген тылсым әлемнің жасқа қарамайтынын аңғартқандай.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ