Елбасы телеарналардағы сериалдардың сапасын арттыруға тапсырма берді
Қазақстандық телеарналар шетелдік сериалдардың санын 2,5 мың сағатқа қысқартты. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Алдымен министр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басым бағыттарды орындау мақсатында 2017 жылы «Жаңғыру жолы. Жаңа тұрпат» атты деректі фильм түсірілгенін, әрі қазақ халқының рухани құндылықтарын жаңғырту мақсатында өткен жылы 131 әлеуметтік бейнеролик дайындалғанын атап өтті.
Сонымен қатар Дәурен Абаев жиында Елбасының қандай тапсырмалар бергенін хабарлады.
«Осы аптаның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым. Оны естіген шығарсыздар. Сол кезде президент телеарналардағы сериалдық өнімдердің сапасын арттыру қажеттілігіне тоқталып, масс-медиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Осы орайда ведомство басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«2017 жылы министрліктің тапсырмасымен 40 отандық сериал түсірілді. Атап айтқанда, «Қазақстан» телеарнасы 15, коммерциялық арналар әртүрлі жанрмен тақырыптық бағыттарды қамтитын 12 телехикая дайындады. 20 ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтитын «Тар заман» толық метражды көркем фильмді әзірленді. Сонымен қатар 17 ғасырдың басындағы қазақ батырларының өмірін баяндайтын «Батырлар жолы» атты сериалды көрермендердің назарына ұсынамыз», - деді Дәурен Абаев «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында.
Сондай-ақ ол отандық телеарналарда қазақстандық сериалдардың үлесі артып келе жатқанын атап өтті.
«Астана» телеарнасында «Асыл арман» атты 60 сериялы мелодрама жарық көрді. Оны көрермен жылы қабылдады. «КТК» телеарнасында арнайы жасақ қызметкерлері туралы «Красный уровень» шытырман хикаясы түсірілді. Ол да биыл көрсетілді. Бұл тізімге «Ауылдастар», «31 бөлімше» сериалдарын қосуға болады. Жалпы 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сериалдардың толық хронометражы 2,5 мың сағатқа артық болды. Яғни отандық арналарымыз шетелдік сериалдардың санын 2,5 мың сағатқа қысқартты», - деп түйіндеді сөзін министр.
Айта кетейік, 26 ақпан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған болатын.