Пара беру де, алу да – қылмыс
Сәрсенбінің сәтті күні Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу ордасының студенттерімен кездесу өтті. Шараның негізгі идеясы жастарға жемқорлықтың әкелетін зардабы мен ел дамуына тигізетін кесірін түсіндіру.
Кездесуге Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Мұрат Бектұрғанбекұлы Ысқақов қатысып, пара беру мен алудың салдарын түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде: «Коррупция» дегеніміз латын тілінен аударғанда «бүлдіру», «қирату» деген мағынаны білдереді. Яғни, жемқор адам өзі қылмыс жасай отырып, ел экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді. Сіздер, жастар, ең бірінші жауапкершілікке үйренулеріңіз керек. Ол әр қайсысымыздың бойымызда болуы қажет қасиет. Жауапкершілік, отансүйгіштік бар жерде бойларыңызға адамгершілік қасиетін жинай отырып, жемқорлыққа тосқауыл бола аласыздар», – дей келе, пара беру немесе алу үстінде әшкере болған қылмыскерлерге тағайындалатын жаза түрлеріне тоқталып өтті.
Шара барысында колледж студенттері М.Бектұрғанбекұлына өздерінің көкейтесті сауалдарын жолдады. Жемқорлықты жоюдың амалдарын ұғынып қана қоймай, оның алдын алу шараларын да талқыға салды.
Жиынды қорытындылау үшін сөз алған Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің директоры Болатбек Әбиұлы: «Коррупция – бір сөзбен айтқанда, ел дәулетінің екі аяғына тұсау салып, алға аттатпауға тырысқан алаяқтар әрекеті. Сыбайлас жемқорлықтың сықпыты қандай? Пара беру де, алу да Қазақстанның барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың санасында жалған ұғым қалыптастыру арқылы қоғам мен мемлекеттің өзегіне балта шабады», – деп өз пікірін білдірді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек елімізде жыл сайын 3000-ға жуық азамат жемқорлықтың жемсауытына түсетін көрінеді. Қазалы ауданы бойынша өткен жылы 4 азаматтың қылмыстық ісі қаралған. Ал анықталмағаны қаншама? Сондықтан, жемқорлықпен күресті кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарап, мүлде төзбеушілік таныту – осы сәттің талабы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.