Жаңғырудың жаңа бағдары
Осы тақырыпта қаңтар айының 26 күні аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты еліміздің даму сатысын одан әрі жалғастырып, бағдарламалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін және еліміздің цифрлық-технологиялық дамуын жеделдететін құжатпен таныстыру, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру.
Аталмыш шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Рахметолла Әбен, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Жанар Қазиқызы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Қонысбек Құрманбаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Өмірбек Кетебай және бірқатар мекеме өкілдері қатысып, сүбелі сөздер мен тұшымды пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында сөз алған ардагер ұстаз Қадырбек Бекет: «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері қандай?Бұл – Президенттің 2030 және 2050 жылдарға арналған стратегиялық дамуларының жүзеге асырылуы, екінші жағынан мүлде жаңа деңгей, жаңа дүниетаным, жаңа міндеттер алға шығып тұрғандығын көрсетеді. Осы жылдарда бүкіл дүниежүзілік ғаламдық процестер күтпеген қозғалыстарға, ерекше өзгерістерге түсіп жатыр. Соған сәйкес, қазіргі кезде бүкіл қоғам алдында, болашақ ұрпақ алдында жаңа сапалық даму тұр. Оның басты тармағының бірі – цифрландыру. Яғни, ғаламдық дәрежедегі құбылыстардың өте жіті және белсенді түрде дами отырып, өзінің қатаң талаптарын ұсынатыны да белгілі. Оларды қысқа мерзімде игеру үшін адамдардың жан-жақты мүмкіндігі болуы керек. Міне, Елбасы жариялаған он бағыттың маңыздылығы да осында»,– деп өз ойын білдірді.
Аудандық соқырлар қоғамының төрағасы Әлімжан Қияс та Елбасының Жолдауын болашаққа жасалған ұтымды жоспар деп бағалады: «Әсіресе көпшілікке қуаныш сыйлаған «Адами капитал – жаңғыру негізі» тақырыбындағы жолдаудың жетінші бағыты. Бұл ретте Елбасы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін тек қана мемлекеттің дамуы маңызды емес, соған сай адамның дамуы, адам капиталының өсуі, бәсекеге қабілетті болуы шарт дегенді меңзейді. Сонымен қатар, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы үшін бірнеше тілдерді еркін меңгеруі, білім беру саласында озық технологияларды пайдалана отырып өз жүйемізді қалыптастыруды мақсат етеді»,– дей келе Жолдауды іске асырудың бірнеше алғышарттарын атап өтті.
Кездесуде әр саланың өкілдері латын қаріпіне ауысу мен үштілділік мәселесінің тиімді жақтарын ортаға салды. Қатысушылар арасында өзекті пікірталас болып, тұшымды ойлар айтылды.
Жиынды қорытындылау үшін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Зоя Мұстафаева сөз сөйлеп, кезекті Жолдауы арқылы Елбасы Н.Назарбаев өзінің саяси көрегендігін, ғаламдық ойлау биіктігін тағы да дәлелдеп бергенін айтты. Сонымен қатар, алға қойылған мақсаттардың орындалуына білек сыбана кірісуге шақырып, дөңгелек үстелге жиылғандарға алғыс білдірді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.