Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылулық сыйла жақынға

Жылулық сыйла жақынға

Қазіргі қазақ қоғамының сана-сезімі мен әдет-қылықтары батыстықтарға ұқсап, өзгеріп бара жатқандығы туралы әңгімені жиі құлағымыз шалады. Ата-ананың бала тәрбиесіне мән бермеуі, ағаның қарындасқа қараспауы, туыс пен көршімен қатыспау, қиналған жанға бейқамдық – мұның барлығын күйбең тіршілік себебінен, уақыттың жоқтығынан көреміз. Соның салдарынан ұлттық ұстаным төмендей бастағанын байқап жүрміз бе?

Отан – отбасынан басталатынын білеміз. Егер онда шаттық пен қуаныштың лебі байқалмаса, әкесі мен ізбасары, қызы мен анасы бірлесіп үй шаруасын жасамаса, көздің майын сарқып, бос уақыттың барлығын қызметке арнау бекершілік. Бұлай еңбек ету Отанның мүддесіне жұмыс істемейді. Өйткені, ата-ана мейірімін сезініп, тәрбиесін алмаған бала қоғамның сырқатты бөлшегіне айналатынын біз қазірдің өзінде көріп жүрміз.

Психологтар отбасында ата-ана мен баланың, ерлі-зайыптылардың әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғауы, сөйлесіп, шүйіркелесуі шаңырақтың керегесін одан әрі берік ете түсетінін айтады. Ал елімізге белгілі уағызшы Арман Қуанышбаев бір отбасындағылардың мәміледе болмауын қоғамның бұзылуына балайды.

– Қазіргі таңда ата-ана мен бала арасында жақын байланыс жоқ. Үйге келе салысымен интернетке кіреді, қолындағы планшетке үңіліп, теледидарға телміріп жатып алады. Бірге отырып, баласының, жұбайының сол күні не істегені туралы, қандай қиындықпен кездескені жайында сұхбаттаспаған соң арасы алшақтайды. Ал бұл отбасына төнген үлкен қауіп.

Мейлі, аптасына болмаса да айына жақындарыңыз үшін бір күн арнаңыз. Сол кезде кино көруге барыңыз, бірге балмұздақ жеңіз. Бастысы бірге қызықты сәттерді көріп, жақын араласыңыз. Бұл – міндет. Араңызда мәміле болмаса, ұлыңыз бен қызыңыз далаға қарап өседі. Салдары орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін, – деді ол.

Өткен күндерге бір уақыт шегініс жасап көріңіз. Шынында да бала-шағаға жеткілікті көңіл бөлмейсіз ғой? Сіздің ойыңызша, балаңыздың басындағы түкке тұрмайтын мәселе өзіне ақырзаман төнгендей көрінетіні бар. Бұндай сезімді бала кезімізде көп кезіктірдік. Алайда, ата-анамыздың жылы тергеуінің арқасында сол түйіткілді жайып салатынбыз. Сәйкесінше, әкенің ақыл-кеңесін тыңдап, өмірдің кез келген қиындығына төтеп беруге үйрендік.

Бірде туысымның хал-жағдайын білу үшін арнайы үйіне бардым. Отағасы теледидар қарап отыр екен. Ресейлік жаңалықтардан көз айырмай амандық сұрағандай болды. Әрі-бері әңгіменің ұшын шығарып едім, ұзаққа бара алмадық. Менімен ойнағысы келген балаларды да жекіп, тыйып тастады. Құдды бір өмірлік маңызы бар іспен айналысып жатқан секілді. Әйтпесе, көзін алмай отырғаны екі алпауыт елдің ақ-қарасын анықтағыш сарапшылардың сандырағынан басқа ештеңе емес. Өмірге құштар ойын баласының: «Әке, мынау не?» деген сөзін өзін балағаттап тұрғандай көре ме, ашумен айқайға басады. Осы сәтте жылап жіберген балақайдың психикасында жарақат пайда болғаны анық. «Жасөспірімдер арасында суицид неге көбейіп кетті?» деген сауалдың тұшымды жауабын осы тұстан аңғаруға болады. Бұл – бір. Мен де ол үйге себепсіз бара бермеуді ұйғардым. Осылайша ағайындығымыз алыстай берді.

Бастан асқан жұмыс, құжынаған қағаз, күнделікті кикілжің, отбасының қажеттілігі – мұның барлығы адамды моральдық тұрғыда шаршатып жіберетіні даусыз. Алайда, ең мейірімді ата-ана балаларына көбірек көңіл бөлсе керек. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» деген. «Бір адамның өз қамқорлығындағы жандарға селқос қарауы оның күнәһар болуына жеткілікті» деп ескерту де жасаған. Ал сіздің жақындарыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай? Бала­ларыңызға жеткілікті көңіл бөлесіз бе?
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ

10 қаңтар 2019 ж. 1 383 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 45

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930